Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > «Ақылды қала» – болашақтың жобасы

«Ақылды қала» – болашақтың жобасы

Елбасы Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін деген 10-шы тарауында заманауи технологиялар жылдам өсіп келе жатқан мегаполистің проблемаларын тиімді шешу, әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түсуі туралы ойларымен бөліседі.

«Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотивтеріне айналады», – деді Елбасы Жолдауында. Осыған байланысты, «Смарт сити» тұжырымдамасы мен қалаға қоныс аударатын адамдардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажеттігін ерекше айтады.
Ақылды қала – бұл, қазіргі заманғы өмір сүру сапасын инновациялық технологияларды қолдану есебінен қаланың тыныс-тіршілік жүйелерін үнемді пайдалануды қам­тамасыз ету болып табылады. Жалпақ тілмен айтқанда, ақылды қала – бұл ақылды басқару, ақылды тұру, ақылды адамдар, ақылды орта, ақылды экономика, ақылды ұтқырлық. XXI ғасырдағы қалалық ортаның жай-күйі тек инфрақұрылыммен, яғни материалдық ресурстармен де анықталмайды. Ақылды қалаға сапалы жаңа дамытуды қамтамасыз ететін ақылды шешімдер қажет.
Халықаралық тәжірибеге жүгінсек, бұл «ақылды қалаларда» энергоресурстар біраз үнемделеді, яғни көшелерді электрэнергиямен жарықтандыру – 60%, жылуды тұтыну – 30%, коммуналдық қалалық желілерге қызмет көрсету шығыны – 30%, электроэнергияны пайдалануға арналған есепшоттар – 26% дейін төмендетілген. Сонымен қатар қаланың қоғамдық қауіпсіздік деңгейі де артады.
Қазіргі уақытта еліміздің бас қаласы Астананы «ақылды қалалар» рейтингі бойын­ша көшбасшы қалаға айналдыру мақ­саты тұр. Дүниежүзі бойынша «ақылды қа­лалар» рейтингінде Канада елінің Торонта қаласы біріші орында тұр, ал біздің Астана Интел­лектуалдық қауымдастық форумының (АҚШ) рейтингі бойынша 2016 жылы «ТОП – 21» ақылды қалалар тізіміне енген болатын. Астана қаласын «ақылды қала» жобасы ретінде дамыту үшін екі жоба жүзеге асырылуда, оның бірі – «Астана қаласының интеллектуалды көлік жүйесі», екіншісі – «Қауіпсіз қала». «EXPO-2017» көрмесін өткізуіне байланысты Астана қаласы дүниежүзіне танымал болып, болашақ мегаполистің футуристік жобасын көрсеткендей болды.
Астанада өткен «EXPO-2017» халықаралық көрмесінде «ақылды қалалар» жобасы Германия, Финляндия, Сингапур елдерінің павильондарында жақсы бейнеленген болатын. Мысалы, Германияның павильонында «Энергия – дұрыс жолда» ұранымен елдің жаңа энергетикалық саясаты ұсынылды. Неміс павильоны арқылы адамның өмірлік ортасына арналған және «Болашақтың қаласына» үңілуге мүмкіндік берді. Павильонға бас сұғушыларға энергияның баламалы көздері саласындағы жаңа зерттеулер таныстырылды, яғни дәлірек айтсақ: көбірек энергия өндіретін «ақылды үйлер», балама энергия көздерін алуға арналған басқа да жобалар ұсынылды.
«EXPO-2017» халықаралық көрмеде Фин­лян­дия елі қала шаруашылығында жәрдем бере алатын озық технологияларымен таныстырды, олардың қатарында, жол құры­лысы, ғимарат салу кезіндегі энергиялық тиімді материалдар, су тазалау, бизнеске арналған ғылыми идеялар, соның ішінде жаңа заманның жарық диодты шешімдері, қатты бөренеден жасалған модульдық шағын үйлер, баспа электроникасы мен оптикалық өзгерістер зерттеулерінің нәтижелерін коммерциялау жөнін­дегі иннова­ция­лық орталықтар бар. «Таза технологиялар» немесе «Cleantech» бағыттарынан тыс, фин павильонында бүкіл әлемге белгілі финдік дизайн­ның көмегімен білім беру және денсаулық сақтау жүйелерінің цифрлық шешімдері де ұсы­нылған болатын.
Сонау 1945 жылы негізі қаланған «Oras» атты атақты фин компаниясы көрмеге болашақтағы жоғары технологиялы үйлерге арналған тамаша дизайны бар өздерінің жанасымсыз су және энергия үнемдеуші араластырғыштарымен қатысып жатыр. Финляндия сондай-ақ Оулу смарт-сити тәжірибесін таныстырып, таза энергия мен таза су саласындағы өз жетістіктерін ұсынды. «Ақылды» технологияларды дамыту бөлігіндегі Оулу деген фин қаласының тәжірибесін қазір Астана қаласының әкімдігі зерттеу үстінде.
Сингапур тұрақты энергетика саласындағы елдің инновациялық шешімдерін таныстырумен қатар, болашақ энергетикасы саласында тәжірибе алмасу үшін «EXPO-2017» халықаралық көрмеде өзінің жеке құрама павильонын ұсын­ды. Сингапурдың «Үлкен идеялардың кіш­кентай қаласы» («Small City, Big Ideas») деп аталатын павильонында тұрақты болашаққа тиімді шешімдерді дамытуға арналған экожүйе құру бойынша елдің күш-жігері көрсетілді. Сингапур елі 2030 жылға таман ел ғимараттарының кем дегенде 80% көгалдандыруды жоспарлайды. Бүгінгі таңда Сингапурдағы барлық құрылыс қорларының 33% Green Mark (Жасыл марка) схемасы бойынша сертификатталған.
Қытайдың Шанхай қаласында «Үздік қала – жақсы өмір» тақырыбына арналған алғашқы дүниежүзілік көрме 2010 жылы ұйымдастырды. Осы қөрмеге қатысушы елдер қала тақырыбына ерекше мән беріп, қалалық өркениет жетістіктерін көрсетті, қалаларды дамыту саласындағы тәжірибелерімен бөлісіп, адам өмірінің жаңа тәсілі мен жаңа жүзжылдық жұмысын саралап алу үшін, озық қала концепциясын таратты. Көрмеде ресурстарды тиімді пайдалануға, қылмыс деңгейін төмендетуге, қоршаған ортаның ластануына қатысты мегаполис проблемаларын болашақ қалаларды модельдеу арқылы олардың шешу жолдарын ұсынды.
Бүгінгі таңда Қазақстан экономикасы үшін әлемнің бәсекеге қабілетті 30 елінің қатарына кіруден асқан маңызды мақсат жоқ, ол үшін төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қазіргі заманғы өндірістің инновациялық мүмкін­діктерін пайдалана отырып, «ақылды қалалар» жобасын жүзеге асыру қажет. Аталған мақсатты жүзеге асыру, әрине мемлекеттің экономикалық-географиялық орналасуын барынша тиімді пайдалануымен, отандық компаниялар мен кәсіпорындардың дүниежүзілік нарықта бәсекеге қабілеттілігімен және еліміздің экспорттық потенциалын толықтай ашылуымен байланысты. Ең бастысы, ғылым мен өндірістің тығыз байланысына ерекше назар аударумыз қажет.

Бауыржан Жүнісов, 
Қ.Жұбанов атындағы 
Ақтөбе өңірлік мемлекеттік 
университетінің профессоры

источник