Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Білім > Білім берудің жаңа өлшеміне сай

Білім берудің жаңа өлшеміне сай

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінің Мәжіліс залында Назарбаев Зияткерлік мектебі ДБҰҰ ұйымдастыруымен дөңгелек үстел өтті.

Оған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Б.Ердембеков, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ басқарма төрағасы К.Шәмшидинова, мектеп директоры С.Сәдуақасов, сондай-ақ М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінен өкілдер қатысты.

«Назарбаев Зияткерлік мектебі» ДББҰ басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова педагогтар қауымының алдында тұрған басты міндеттерді саралады. «Орта білім берудің алдыңғы шебінде тұрған Зияткерлік мектептер әлемдік өзгерістерге дайын болуы керек.  Білім беру жүйесін жаңа индустрияландыру талаптарына сәйкестендіру, кіріктірілген білім алуға және оларды тәжірибеде қолдануға бағытталған оқу бағдарламаларын үнемі жетілдіру, зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру, саралау, синтездеу, бағалау, IT-дағдылары секілді жоғары дәрежедегі өлшемдерді дамытуға басымдық беру қажет», — деп атап өтті ол.

Білім беру бағдарламалары орталығы директорының орынбасары Арайлым Мағзұмова Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі білім беру бағдарламаларының мазмұнымен таныстырса, педагогикалық өлшемдер орталығы директорының орынбасары Лейла Нұрақаева  Зияткерлік мектептер бітірушілерінің қорытынды бағалау үрдісі жайында баяндады.

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков Назарбаев Зияткерлік мектебінің білім алушыларына кәсіби бағдар жұмысын жүргізуді жолға қойып, мектеп бітірушілермен кездесіп, қос дипломдық, академиялық ұтқырлық бағдарламасы жайында кеңінен ақпараттандыру қажет екендігін алға тартты.

«Үш тілді меңгерген, интеллектуалы жоғары жастар бізге өте қажет, сол арқылы университетте белсенді студенттердің қатарын көбейтуге тиіспіз. Мемлекеттік грантпен білім алатын студенттерге қосымша Жұбанов атындағы стипендия тағайындау, мектепті үздік бітіріп, бірақ грантқа түсе алмай қалған түлектерге Жұбанов атындағы грантта оқу мүмкіндіктерін ұсына аламыз», —  деді ректор.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласы.

источник