Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Әдістемелік жобалар – 2018» байқауының жеңімпаздары анықталды

«Әдістемелік жобалар – 2018» байқауының жеңімпаздары анықталды

Бүгін университеттің оқу-әдістемелік бөлімінің ұйымдастыруымен жыл сайын университетте дәстүрлі түрде өткізілетін «Әдістемелік жобалар – 2018» байқауының қорытынды кезеңі өтті.

Әдістемелік жобалар байқауының шешуші кезеңін университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова сөз сөйлеп ашты: «Университет оқытушыларының педагогикалық шеберлігін арттыру мақсатына арналған байқау 3 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең 2017 жылдың 20 желтоқсаны мен 2018 жылдың 8 қаңтары аралығында өткізіліп, университет профессор-оқытушылары тарапынан 17 жоба ұсынылды. Қаңтардың 9-ы мен 12-сі аралығында байқауға ұсынылған жобалар іріктеліп, арнайы сараптау комиссиясының шешімімен үздік деп танылған 10 жоба шешуші кезеңге жіберілді»,- деп байқау шарттарымен таныстыра келе, шешуші кезең қатысушыларына сәттілік тіледі.

Әдістемелік байқауды «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы, химия ғылымдарының кандидаты Алмагүл Агишева «Педагогика мамандықтарының жоғары курс студенттеріне арналған қорытынды сабақ формасы ретіндегі әдістемелік семинар» тақырыбындағы жобасымен ашты. «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының аға оқытушысы Асан Жиембаев «Футбол әдістемесін оқытуда ОСӨЖ сабағын өткізудің негіздері» тақырыбындағы жобасын қорғаса, «Аударма ісі» кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Кущанова «Ассоциограмма және Фишбоун әдістерін шетел тілдерін базалық оқытуда қолдану» атты зерттеу жұмысын жиналғандар назарына ұсынды. Байқауға қатысушы оқытушылардың жобалары мазмұндылығымен, жаңашылдығымен ерекшелене түсті. «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының кандидаты Айгүлден Тоғайбаева «Оқытушы мен студенттің өзіндік жұмысында топтық жұмыс жүргізу арқылы студенттердің

шығармашылығын дамытуға әсер ету» тақырыбындағы баяндамасын жасады. Ал «Экология» кафедрасының аға оқытушысы Гүлшат Қойшығұлова жасаған «Командалық-бағдарланған оқыту әдісі — TBL бойынша ОСӨЖ арналған әдістемелік нұсқауы» жобасы оқыту әдісінің өзгеше қырын баяндады. «Педагогика және психология» кафедрасының аға оқытушысы Динара Рамазанова «Сын тұрғысынан ойлау технологиясы арқылы практикалық сабақта студенттердің іс-әрекеттік зерттеуін дамыту», «Тарих және дінтану» кафедрасының аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Айнагүл Еспенбетова «ОСӨЖ және СӨЖ сабақтарында дебаттық технологияны қолдану», «Ағылшын және неміс тілдері» кафедрасының аға оқытушысы Әлия Уәйіс «Интернет желісіндегі «Google disk» (drive) қосымшасының мүмкіншіліктерін білім беру мақсаттарында қолдану әдістері», «Химия және химиялық технология» кафедрасының аға оқытушысы Ольга Бузова «Мұнай өңдеу зауытының аралас схемаларын модельдеу және кен орындарының ағынды өңдеу жолдарын таңдау» тақырыбындағы жобаларын назарға ұсынды. «Мемлекеттік басқару және маркетинг» кафедрасының аға оқытушылары Гүлсайран Князова, Раушан Есберген, Эльмира Есжановалар «Мемлекеттік қызмет этикасы» пәнінен ОСӨЖ және СӨЖ сабақтарында тренингті қолдану ерекшеліктеріне тоқталды.

Байқауға педагогика ғылымдарының кандидаты, комиссия төрағасы Мейрамгүл Есенғұлова, филология ғылымдарының кандидаты Салтанат Искиндирова, педагогика ғылымдарының кандидаты Гүлбану Такишева әділқазылық етті.

Байқау нәтижесінде бірінші орынға Айгүлден Ноғайбаеваның қорғаған жобасы ие болды. Екінші орын Алмагүл Агишеваға берілсе, үшінші орынға үш жоба лайық деп танылды. Олар: Динара Рамазанова, Айнұр Кущанова және Гүлсайран Князова, Раушан Есберген, Эльмира Есжановалардың жобалары. Қалған қатысушыларға номинациялар мен Алғыс хаттар берілді. Гүлшат Қойшығұлова «Кәсіби педагог» атанса, Әлия Уәйіс «Жаңашыл оқытушы» номинациясын иеленді.