Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Экслибрис немесе елтаңбалардың атасы

Экслибрис немесе елтаңбалардың атасы

Егер экслибрис жанрындағы туындыларды жинайтындар болмаса, бейнелеу өнеріндегі бұл бағыт бағаланар ма, бағаланбас па еді, кім білсін?! Экслибристің дүниеге келуі газет-журнал шығару, кітап басу ісімен қатарлас болғандықтан болар, оны баспасөзбен қоса құриды деп болжайтындар бар. Алайда экслибристің ең үздік үлгілері қайталанбас жәдігерлер қатарында қала бермек.

Санктпетербургтік коллекционер Вениамин Худолей: «Экслибрис – элитарлық өнер. Және бұл толығымен түсінікті де. Бес миллионға арналған өнер болады, бес мыңға арналған немесе бес адамға ғана арналған өнер болады», дейді.

Қазақ экслибрисінің атасы – ұлыстар мен тайпалардың таңбасы болар?! Демек, еңтаңбалар экслибристен бастау алады.

Осы арада әлемдік элитарлық экслибристік өнерде «қазақстандық сегмент» бар ма деген сұрақ туады. Мәселен, біздің экслибрисшілерге ұлттық бағытта жұмыс істеу үшін французша да, полякша да экслибрис салудың қажеті жоқ. Ішкі түйсік, болмыстың өзі-ақ шығармашылық адамына жеке қолтаңба сыйлайды. Бәлкім, ұлттық код дегеніміз де осы шығар.

Ал оған дейін қазақ зиялыларының арасында кітапқа қойылатын жеке таңбаларының бір кезде кеңінен таралғанын айтуға болады. Экслибрис мәдени құбылыс ретінде әлеуметтік ортада да маңызды рөл ойнайды. Арнайы экслибрис салуға тапсырыс беретіндер қазір де табылады. Және бұл кітаптардың кімге тиесілі екендігін ғана көрсетіп қоймайды әрі сол адамның мәдени-интеллектуалдық деңгейін де танытады.

Ұзын-сөздің қысқасы, біздің елімізде халықаралық деңгейде мойындалған экслибрисшілер бар ма десек, суретшілер қауымдастығы бір ауыздан Ақтөбедегі Мәрзия Жақсығаринаны атаған болар еді. Мәрзия Жақсығаринаның сырт мемлекеттерде көрмелерін өткізіп, Халықаралық каталогтардан есімін кездестірген сайын, жерлестерінің де жүрегін мақтаныш кернейді.

Мәрзия да бала күнінде жаздың жайма-шуақ кештерінде аспандағы жұлдыздарға қол созып, алыс-алыс елдерді аралауды, атақты суретші болуды армандаған. Тоғызыншы сыныпты аяқтағаннан кейін Ақтөбедегі мәдениет-ағарту училищесінде көркем-безендіру бөлімі ашылғандығы туралы хабарландыруды көріп, бірден қалаға аттанады. Бақытты 30 студент – жаңадан ашылған бөлімнің алғашқы қарлығаштары еді.

Қазір бейнелеу өнерінің қыр-сырын түпкілікті меңгеру үшін аудиторияда түнейтін студенттер бар ма, жоқ па, кім білсін. Мәрзия өзінің 60 жұмыстан тұратын тұңғыш көрмесін училище қабырғасында-ақ өткізген. Есесіне заманына орай облыстық газетте талантты қыз туралы суретімен «Коммунизмге жол» деген көлемді мақала шығады.

Училищені үздік аяқтаған ақтөбелік қыз алты жылдай Мәскеуде жұмыс істеп, одан кейін өзінің Ақтөбесіне дәріс беруге оралады. Кейін Абай атындағы мемлекеттік университеттің көркем-сурет, графика факультетінде жоғары білім алады.

Біздің кейіпкеріміз экслибрис өнерімен 1994 жылдан бері айналыса бастаған. Ол алғашқы туындыларын талай көрмеге жолдаса да, екі жылдан кейін ғана суретші Варшава қаласының 400 жылдығына арналған Халықаралық экслибрис биенналесіне шақыру алады да, бес айлық баласымен алыс сапарға шығады.

Содан бері суретші 160-тан астам көрмеден ойып тұрып орын алыпты. Оның 110-ы – АҚШ, Аргентина, Мексика, Бельгия, Франция, Польша, Чехия, Словения, Испания, Корея, Украина, Түркия, Литва, Ресей елдерінде өткен халықаралық көрмелер. Және экслибристен өзінің 25 бірдей жеке көрмесін өткізгенін, мұнан да бөлек Мәскеудегі Экслибрис музейінде жеке көрмесін өткізген тұңғыш қазақ суретшісі екенін атау ләзім. Сондай-ақ Мәрзия Жақсығарина ұстазы Әнуар Өтеген-Танамен бірге Варшавадағы экслибрис музейінде көрме өткізген алғашқы қазақтар екенін ұмытпаған жөн.

Мәрзия экслибрис жанрының өлмеуіне, өз шығармашылығының алға жылжуына өлшеусіз қызмет жасап жүрген жандар болмаса, құлшынысым баяғыда-ақ кеміп кеткен болар еді, дейді. Бұлар – көрме ұйымдастырушылары, баспагерлер, коллекционерлер мен экслибрис жанрын бағалайтындар.

– Бірінші экслибристерімді оның барлық заңдылықтарын сақтай отырып, белгілерден, кішірек көлемде бастадым. Сосын біртіндеп жұмыстарымның көлемі үлкейіп, экспозициялық, кәделік ауқымға ұласты. Композиция идеясымен көп жұмыс істеймін. Оның әрбір бөлшегі туралы ойланамын. Бір ғана жұмыстың эскизіне 2 аптадан бастап, 5 айға дейін жұмсайтын кездер болады, – дейді суретші.

Экслибрис аса күрделі өнер. Бұл жанрға суретші линогравюраның қалай кесілетінін зерттей отырып, біртіндеп келгенін айтады. Гравюра техникасы төзімді, үлкен еңбекқорлықты талап етеді. Иненің жасуынан өтетіндей дұрыс сызықтар тудыру үшін материалдардың қарсыласуын жеңіп, яғни линолеум, самшит, қорғасын пластиналарына миниатюралық құрал-саймандармен нәзік оюлар салынады. Клише осылай туады. Титімдей гравюраны идеядан қағазға бастырылатын мөр сияқты дәрежеге жеткізгенше тек тынымсыз жұмыс істей беруге тура келеді.

Егер суретші туындысын тамашалаған адамға эмоционалдық тұрғыда әсер еткісі келсе, бір немесе екі түсті ғана қолданып қоймай, акварельдің көмегімен қосымша реңк береді.

Осы уақытқа дейін Жақсығарина Қазақстанның мемлекеттік және қоғам қайраткерлерінің, саясаткерлері мен кәсіпкерлерінің, өнер майталмандарының 267 экслибрисін салған. Көпшілігі тапсырыспен жасалған.

Негізгі серияларға «Қазақ елі» (1995-1996), «Ювелирные украшения Казахстана» (1997), «Абай – 150 жыл» (1995), «Ұлы жеңіске 50 жыл» (1995), «Мұхтар Әуезов – 100 жыл» (1997), «Құдайберген Жұбанов – 100 жыл» (1999), «Экзюпериана» (1994-2003), «Пушкиниана» (1998), «Архитектура» (1998) сияқты жұмыстары жатады.

Бұл күнде Мәрзия Жақсығаринаны шын мәнінде қазақ экслибрис өнерінің әлемдік мәдени кеңістігіндегі елшісі деп атауға қақымыз бар. Егер тек Ақтөбе қаласында экслибрис жанрына қатысты оннан астам халықаралық көрме ұйымдастырылса, онда суретшінің еңбегі шын мәнінде елеулі. Ендігі жерде өнертану профессоры, мәдениеттану ғылымының кандидаты, Суретшілер одағының мүшесі Мәрзия Жақсығарина Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті дизайн кафедрасының студенттерін экслибрис өнеріне баулиды. Оның көптеген шәкірттері қазірдің өзінде Италия, Польша, Ресей сынды бірқатар елдерде өткен көрмелерге өз бетінше қатысып үлгерді.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

источник