Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК немесе қазақ қоғамында халықтың ұлттық бірегейлену дәстүрі қандай болған?

ҰЛТТЫҚ БІРЕГЕЙЛІК немесе қазақ қоғамында халықтың ұлттық бірегейлену дәстүрі қандай болған?

Үмбетқан Сәрсембин,
Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің әлеуметтік-саяси пәндер кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының кандидаты

«Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс».
Нұрсұлтан Назарбаев, 
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», 
2017 жыл.

Қашан да қоғамға қажет нәрсе ұлттық бірегейлік, себебі, мемлекеттің тұтастығы қоғамдағы ұлттың және зиялылардың азаматтық бірегейлігіне тәуелді. Ұлттық бірегейлік ұрпақтың (халықтың) рухани деңгейінен шығады, рухани деңгей арқылы көрініп, жүзеге асып отырады. Ұрпақтың рухани деңгейі ұлттық тәрбие, діни сауаттылық, тарих білімі, интеллектуалдық қызметі, мәдениеті, қабілеті, өнері, білімі, еңбекқорлығы негізінде көрініп отырған. Рухани деңгейі бар қоғамда ұлттың және оны демеп отыратын зиялылардың азаматтық, тұлғалық бірегейлігі сақталмақ. Керісінше жемқорлыққа, парақорлыққа халықтың көзі үйренген ортада ұлттық бірегейлік түгіл азаматтық бірегейлік болмайды, болса да қоғамда елдің табиғатына, ұлттың мінезіне жат нәрселердің орын алуы себепті тарихтан келе жатқан дәстүрден (ұлттық бірегейлік пен тұлғалық бірегейліктің жолынан) өсіп келе жатқан ұрпақтың ішкі әлемі алшақтай түспек. Отаршылдық заманда ұлт бірегейлігінің бүлінуіне алаңдап, рухты жырларымен елдің қалпын сақтау мақсатында сатқындықпен, тексіздікпен күрескен қазақтың азулы ақындарының бірі ойшыл Дулат Бабатайұлы айтып кеткендей:
Елді еліртіп азғырған,
Әуесқой қып аздырған,
Жазықсызды жазғырған,
Аузы епті өсекке,
Тұлпар ат беріп есекке,
Ен жатқан елді бүлдірер,
Сөзінен бәле үдете.
«Шешен» де бір дедің-ау
Су жұқпайтын тақырды…
Елін сатып, шен алған,
Өлекседен жем алған,
Кебеже қарын, кең өңеш,
Өлексе көрсе, үніген
Күшігеннен кем емес,
Тек дейтұғын тегі жоқ,
Өз еліне ебі жоқ,
Жатқа зерде кегі жоқ – 
Азған елге бек болды
Ағынды мырыш, қолаба.
Шенділердің қылығы,
Елге істеген былығы,
Парақор би мен ұлығы – 
Ұйықтасам, кіріп түсіме,
Өңімде қуат-күшіме,
Есерлердің ісіне,
Азған елдің ішінде 
Дулат сынды сорлыда
Ұйқы, тыныштық бола ма?! [1.140 б.].
Ұлттық бірегейлік пен тарихтағы, қоғамдағы тұлғалық бірегейлік ел мен жеке адам болмысына ұлттық сана арқылы келеді. Қоғамда ұлттық сана арқылы сақталады (орнығады). Ұлттық сана қашан да ел өмірінде тарихи сана (тарих білімі) негізінде қалыптасып, нығайып отырған. Тарихи сана адамның өз тарихын толық білуінен, дәстүрді иеленуден, мәдениетінің құндылықтарын игеруден және білімді болудан, адамгершіліктен шығады, ұлттық сана осы принцип арқылы адам бойында қалыптасады.
Қазақтың ұлттық тарихының тағылымын баяндайтын дүниелер өскелең ұрпақтың (жастардың) өзіндік санасын тәрбиелеудің тәсілі, осыдан шыққан дүние, сананы тарих өрісіне, ұлттық мүдде деңгейіне көтерудің тетігі, негізгі тәсілі және дұрыс жолы. Яғни, қазақтың ұлттық руханияты әрдайым ұлттық бірегейліктің ұйытқысы болып отырған. Ахмет Байтұрсынов жазып кеткендей, «рухты ертек жырлар, батыр әңгімелері халықтың рухы көтерілген шақта шыққан сөз болады. Батырлардың рухынан, батырларды жыр қылған ақын сөздерінің рухынан сол жыр шыққан замандағы халық рухы қандай болғанын білеміз. Ертегілер бұрынғының қалпынан, салтынан дерек бергендей, ертек жырлар бұрынғының рухынан дерек береді. Бұл бір. Екіншісі, батырлар әңгімесінің құны тілге пайда беру жағынан зор.
Батырлар әңгімесі өлеңмен айтыл­ған. Өлеңмен айтылған әңгіменің сөзі көпке төзеді, тез өзгере қоймайды. Солай болған соң, батырлар әңгімесінде аталарымыздың сөздері сақталып келген. Біз сияқты тілі жетіліп болмаған халыққа аталарымыздың сөздері сақтаған әңгімелер құнды болмақ. Сондай құнды әңгімелердің бірі батырлар әңгімесі болмақ».
Қазақ қоғамында ұлттың ұлттық бірегейлену дәстүрі ұлт руханияты, ұлт тұлғаларының интеллектуалдық қызметі арқылы жүріп отырса, қазір бұл құбылыс қалай жүруде? Тарихымыздан белгілі жеке адам ойшыл, ақын, батыр, ғалым болсын, өз бетінше ұлтшыл, ұлтжанды болған емес, болмайды да. Қазақтың тұлғаларының қалыптасуында оның бойындағы қабілетінің дамуына ықпал еткен елдің рухани тәжірибесі, құндылықтар, ортаның үйретер өнегесі бар. Бұл үнемі ескерілетін нәрсе. Міржақып Дулатов «Қазақ зиялылары» атты мақаласында былай деген: «Адам­ның алдымен адам сипаты болуы шарт. Өзінен басқаның тілегін тілей алмаған, арын, иманын қара басының пайдасы үшін қысқа күнде қырық сататын соғылғандардан қаны тамып тұрған ұлтшыл артық. Бірақ, біздің қазақтың ұлтшылдары өзге жуан елдердің ұлтшылдарындай емес екені бәрімізге белгілі. Бізді ұлтшыл қылған нәрсе – біздің кемдікте, қорлықта жүргендігіміз, көрінгеннен соққы жегендігіміз еді егер теңгеруші табылады екен, ұлтшылдықты ортақшылдыққа айырбастауымыз қиын емес». Қазақ зиялыларының өмірі айқын дәлел болып отырғандай, жеке адамның ұлтжанды, ел азаматы, тұлға дәрежесіне көтерілуі ұлттық сана, ұлттық рух арқылы ғана жүзеге асып отырған. Сондықтан да, ұлттық рух ұлттық және тұлғалық біргейліктің тұтқасы. Ұлттық рух дегеніміз елдің рухани өмірінде пайда болатын өткінші әдеттерге, нәрселерге бағынбайтын, төзбейтін, берілмейтін, жеңілмейтін халықтың, жеке адамның ерекше мінезі. Ұлттық рух адамның бойында қоғамдық сананың барлық түрлерін дұрыс білу арқылы нығайып отырмақ.
Ұлттық рух ұрпақтан ұрпаққа, бабадан немереге, әкеден балаға үйретілетін тағылым, яғни кісілік өнеге. Егер ол жастарға үйретілмеген жағдайда бәрібір ұрпақ оны өз бетімен іздейді. Себебі әр адамның танымының түбінде ұлттық рухты аңсау сезімі жатады. Тарихының тәжірибесіне сүйенбесе өз бетінше ұлтына, жұртына қызмет етемін дейтін адамның мінезі шектен асып кетуі мүмкін. Тарих тағылымы, тарихтың тәжірибесі бойында азаматтық мүмкіндігі бар адам үшін рухани қазық.
Тарихтағы қазақ қоғамының тәжірибесінен көріп отырғанымыздай, мемлекет қоғамда нағыз ұлт зиялыларының институтын сақтап, нығайтып отыруға мүдделі, үнемі осыған мән беруі тиіс. Қазақ елі тарихта бұған ерекше мән берген. Қазақ ұлты және оның зиялылары заман талабына сай ел мүддесіне қызмет етудің талабының өзгеріп оты­ратындығын терең білген. Сол себептен, қоғам тарапынан қашан да ұлт­тық бірегейлікке ерекше мән беріліп отырған. Себебі адамзат өркениеті биіктеген сайын қоғамның құрылысы да өзгере бастайды, әлемде болатын жаңалық барлық адамзат қоғамына ықпалын тигізбей қоймайды. Әлемдік өркениет өрісінде мемлекет өзінің дербестігін сақтап қалу, нығайту үшін қоғамдық ортада, мемлекеттің ішкі өмірінде ұлттық бірегейлік сақталуы қажет.
Заман ағымындағы адамзат мәде­ниетінің өзгеруіне орай, адам да өзгереді, тіпті қоғамда әр түрлі адамдар, топтар, секталар пайда болуы мүмкін. Мемлекетті әлсіретудің амалы қоғамдағы ұлттық бірегейлікті ыдыратумен тең. Бірегейлікті (ұлттық, жалпы ұлттық, азаматтық болсын) ыдырататын нәрсе ата дінін, алған білімін дәстүрге, қоғамға, тарихқа, мемлекетке қарсы қоюдан шығады, ол жастардың ұлттық болмысына, діліне қарсы тәрбиеленуі, білім алуы, өзге біреудің ықпалымен ізденуі. Қазақ руханиятында зерделенген, алаш тұлғаларының ұстанымына, өмір мәндік түсінігіне айналған елдік, ар-намыс, қайырымдылық, жауапкершілік, кішіпейілді болу, төзім, қанағат, мейірімділік сынды ізгі қасиеттер, ұрпаққа үйретіліп отырған адал еңбек түсінігі ұлттық бірегейліктің негізгі тұтқасы. Осы құндылықтар арқылы қазақтың отбасында, қоғам өмірінде бірлік, түсінік, төзімділік, қайырымдылық сақталған. Тарихтағы қазақ қоғамынан түйеріміз, өскен ортасына сенетін адам қоғамға да сенеді, мемлекетін өз үйіндей сезінеді.
Қазақта бай, кедей деп бөліну бол­маған. Себебі, қазақ қоғамында бай­дың да, тұрмысы орташа адамның да діни сауаттылығы жоғары. Тарихтағы қазақтың байлары еліне, жеріне, ұлтының мүддесіне жауапты адам, соған ие болатын, қорғайтын адам. Тарихтағы қазақ қоғамында жеке адам елдің мүддесін қорғау, өз руына (ауылына) басшылық ету үшін бойын­да ұлттық бірегейлік қасиеттер болуы қажет. Бай да дүниеден өтеді, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа қалатын дүние ел мен жер, адамды елмен, ата мекенімен біріктіретін руханият. Сондықтан да қазақ ұғымында бай өзін халықтан кіші санайтын, өзін ұлттың қызметшісімін деп есептейтін адам. Қазақ түсінігінде байлық несібе, ырыс ол ел үшін адам өміріне дариды. Өзінің ақылы, білімі, еңбегі, қабілеті арқылы жиған дүниесін елдің де ырысы, несібесі деп түсінген адам өзін әрдайым халықтан кіші, ұлтының қызметшісі деп есептейтіні ақиқат. Бұны кезінде Жүсіпбек Аймауытовтар айтып кеткен: «Әлеумет құрылысы өзгерген жоқ: қазақтың кәсібі, шаруа түрі мал бағу болса, әлі де мал бағуда келе жатты. Кәсібі мал баққан әлеуметі ру басыға бағынған жұртта тап жігі, байлар, кедейлер табы деген нәрсе анық болмайды».
Ұлттық бірегейлікке, азаматтық бірегейліктің белгісі елдік пен ауыз біршілікке, ұрпақ тәрбиесіне қатысты айтылған қазақ даналығында мынадай мағыналы сөз бар. Ол «ел болам десең бесігіңді түзе» деген өсиет. Осы аталы сөздің түпкілікті мағынасына мән берсек, бұл өсиеттің мағынасы қоғам мен адам өмірінің барлық саласына жарайды. Яғни, баланы қоғамына, мемлекетіне, ел мүддесіне бағыттау алдыменен отбасыға жүктеледі. Ұлттық бірегейліктің түп-тамыры отбасындағы ұлттық дәстүрде жатыр. Қазақ халқының ұлттық дәстүрінің құндылығы оның тарихи қызметінде, дәстүрдің тарихи қызметі әрбір отбасының шаңырағының аясында ұрпақты тәрбиелеп шығарған тұтас ұғымда, ел мүддесіне негізделген ортақ ұстаным мен ортақ мақсатта. Қазақ қоғамында дәстүр біріктіруші, жалғастырушы, бірегейлікті сақтап, қорғап отыратын дүние. Ол отбасындағы бірліктен бастап, ұлттық бірегейлікті негіздеуден құралған. Отбасындағы тәрбие дәстүрге бағынса, ұлттық дәстүр реттеуші, сақтап отыру, қалыптастыру, жалғастыру қызметіне ие. Қазақтың ұлттық дәстүрінің бойында барлық қоғамдық сана формаларын жеке адам мен ұлт болмысының бойында біріктіру күші бар. Сондықтан да дәстүр ұлтымыздың дін мен өмірден алған (жинақтаған) тәжірибесі, ерекше білім үлгісі.
Қазақ халқының ұлттық бірегейлігінің және алаш зиялыларының тұлғалық бірегейлігінің, қоғамдағы кісіліктің қалыптасуындағы үлкен міндет дәстүрге жүктелгендігін, дәстүрді иелену, сақтау, кейінгі буынға табыстаудың ұрпаққа міндеттелгендігін уақыт дәлелдеуде. Ұлттық дәстүрін терістеп, құндылығын тереңнен ұғына білмеген, дін мен дәстүрді бір-біріне қарсы қоятын ұрпақ өскен ортасынан іштей де, сырттай да оқшауланады. Дәстүрден іштей алшақтауда адамның қоғамынан, мемлекетінен іштей өгейленуі, жаттануы бар.
Қоғамда ұлттық бірегейлік болмаса, азаматтық бірегейлік, кісілік, ұрпақтың ішінде тұлғалық бірегейлік болмайды. Тұлғалық деңгейдің өзі ұлттық және азаматтық бірегейлік арқылы көрінеді. Бұны қазақ жыраулары өз толғауларында жарастық деп атаған.
Ұлттық бірегейліктің негізгі бел­гілері ұлттық дәстүр, ұлттық тәрбие, ата діннің таза күйінде сақталуы, тарих, тарихқа, тарихтағы ата-баба дініне деген құрмет, ұлт мәдениетінің әлеуметтік өрісіне айналған шешендік, ұлттық өнер түрлері, туысқандық дәстүр, тәртіп, тазалық, қоғамда, отбасында ұлттық құндылықтардың тегістей сақталуы, заман талабына сай бейімделу, білімді болу, ғылымның мемлекетке тигізер пайдасын ел болып бағалау, ұлттың дербес шаруашылығының болуы және оны уақыт талабына сай нығайта білу. Ұлттық бірегейлікке күш беретін зиялылардың тұлғалық бірегейлігінің негізгі белгілеріне тоқталар болсақ, олар ұлттық сана, ұлтжандылық, елдік, ауызбіршілік, ержүректілік, батырлық, төзімділік, сауаттылық, шынайылық, туралық, адалдық, тазалық, тәртіптілік, қабілет, білік, естілік, кісілік және т.б. Жоғарыда айтып өткеніміздей ұлттың да, зиялылардың да тұлғалық қалып­тасуында тарихты, тарих тағы­лымын, тәжірибесін білу, ұғыну бар. Тарихсыз бірегейлік болмайды, мемлекеттің негізгі құндылықтары ғасырлар бойы қалыптасатын дүние, оның бойында тұлғалық қасиеттер, ұлттық құндылықтар тұрады. Ұлттық бірегейлік қазақ қоғамында әр адамның осы құндылықтарды бойға сіңіруінен шығып отырған.

источник