Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ректор кубогы-2018 «Технарьлар» КВН командасында

Ректор кубогы-2018 «Технарьлар» КВН командасында

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінде әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің ұйымдастыруымен «Жұбанов толқыны» атты профессор-оқытушылар арасындағы «Ректор кубогы-2018» қазақша КВН ойындары өтті. Аталмыш шараның мақсаты — мемлекеттік тілдің қолданылу өрісін кеңейте түсу, қоғамдағы өзекті мәселелерді әзіл арқылы жеткізу.

Профессор-оқытушылар арасындағы университет лигасы университетімізде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. КВН ойынына университеттің факультеттері арасынан 9 команда қатысты. Атап өтер болсақ, шетел тілдері факультетінің «Биюти Мафия», филология факультетінің «Филквн», жаратылыстану факультетінің «Биос», экономика және құқық факультетінің «Элита», педагогика факультетінің «Жетісан», физика-математика факультетінің «НұрФМ», кәсіби-шығармашылық факультетінің «Креатив», техникалық факультетінің «Технарьлар» командалары.

Ойын 2 сайыстан тұрды. Сайыс шарты бойынша «Сәлемдесу» арқылы командалардың өз командаларын таныстыру шеберліктері мен тақырыпты аша білу қабілеттері сыналса, екінші кезеңде «Бейнедыбыстау», яғни үй тапсырмасын орындаудағы тапқырлықтары бағаланды.

Командалардың барлығының да сайысқа тыңғылықты дайындалғандығы көрініп тұрды. Әсіресе, астарлы, салмақты ойды «Биюти мафия», «Биос», «Жетісан» командалары әдемі әзілдерімен жеткізе білсе, «НұрФМ», «Креатив» командалары жаңашылдығымен ерекшеленді. «Филквн» командасы ана тілдің нағыз жанашырлары екендігін танытып, үштұғырлы тіл саясатын қолдайтындықтарын да жарасымды әзілмен баяндады. Соңғы ойындардың бірінде чемпион болған «Технарьлар» бұл жолы да өздерінің мықты дайындықпен келгендіктерін көрсетті.

Командалардың ойынын бағалап, шынайы бағасын облыстық ішкі саясат басқармасының жастармен жұмыс бөлімінің бас маманы Назгүл Маратқызы, облыстық жастар ресурстық орталығының маманы Нұрсұлтан Досекешев, «Жас Отан» ЖҚ төрағасы Асылжан Бүркіталин, республикалық ойындарының чемпионы «Экспресс» КВН командасының ойыншысы, журналист Нұрсұлтан Назарғалиев, «Әдемі» КВН командасының және орысша лигада ойнап жүрген «Ақтөбе» құрамасының капитаны Алмат Танбаевтар берді.

Ойын қорытындысында қарсыластарынан оқ бойы озық шыққан «Технарьлар» командасы бас жүлдені иеленіп, 2018 жылдың «Ректор кубогын» жеңіп алды. Екінші орынды «Биюти Мафия» командасы иеленсе, үшінші орын «Биос» командасына бұйырды. Ерекше ойын көрсеткен шетел тілдері факультетінің «Биюти Мафия» командасы «Үздік әзіл»  номинациясын иеленді. Техникалық факультетінің «Технарьлар» командасының ойыншысы Бегім Рыскулов «Үздік ойыншы» атанды.

Барлық қатысушы командалар ректор атынан дипломмен және ақшалай сыйақымен марапатталды.