Пятница, Апрель 26, 2024
Басты > Жастар саясаты > Жұбанов университеті Түркияның 11 жоғары оқу орнымен келісімге қол қойды

Жұбанов университеті Түркияның 11 жоғары оқу орнымен келісімге қол қойды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті Бандырма 17 эйлюль университеті, Анкара Йылдырым Беязит, Биледжик Шейх Эдибали университеті, Афион Коджатэпэ университеті, Сакарья университеті, Кафказ университеті, Стамбул университеті, Хаджэттэпэ университеті, Муш Алпарслан университеті, Самсун университеті, Мармара университеті сияқты Түркияның беделді жоғары оқу орындарымен «Мевлана» академиялық алмасу гранттық бағдарламасы бойынша келісімге қол қойды.

«Мевлана» академиялық алмасу гранттық бағдарламасы университет оқытушылары мен студенттері үшін шетелде тәжірибе жинақтап, білімін толықтыруға үлкен мүмкіндіктер ашпақ. Бұл бағдарлама арқылы Түркия Республикасының Жоғары білім кеңесі тарапынан экономика, менеджмент, психология, құқық, шетел тілдері, тарих, география, металлургия, құрылыс, химия, биология, физика, саясат бағыттары бойынша қаржыландыру қарастырылады.

Келісім бойынша университеттің алғашқы легі Түркия Республикасындағы Сакарья университетіне оқуға жіберілді.

Сакарья университетінде Жұбанов университетінің 11 студенті және 3 магистранты «Металлургия», «Құрылыс», «Қаржы», «Математика», «Информатика», «Менеджмент» мамандықтары, магистранттар «Экология» және «Филология» мамандықтары бойынша шетел бағдарламасын игереді.

Сакарья университеті — 45 мыңнан астам студент білім алатын Түркия Республикасының мемлекеттік жоғары оқу орны. Университет Түркияның 30 алдыңғы қатарлы университеттерінің бірі және халықаралық рейтингідегі ең үздік 5 университеттің қатарына кіреді. Университеттің кәсіби штатында 1400-ден астам оқытушы жұмыс істейді. Мекеме жоғары оқу орындарының арасында студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуына бағытталған халықаралық бағдарламаларға белсене қатысады.

Аталған оқу орны алдымыздағы 2018-2019 оқу жылында «Мевлана» академиялық алмасу бағдарламасы аясында университеттің бакалавриат мамандықтары бойынша 45 грантқа орын ұсынып отыр.