Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов студенттерге табысқа жетудің жолдарын түсіндірді

Бүгін облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұрлыбек Мұқанов студенттерге табысқа жетудің жолдарын түсіндірді

Бүгін Жұбанов конференц-залында физика-математика факультетінде «Жетістікке жеткен танымал тұлғалардың дәрісі» бағдарламасы аясында «Физика» кафедрасының ұйымдастыруымен Ақтөбе облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Мұқанов Нұрлыбек Бекболатұлының «Табысқа жетудің жолдары» тақырыбында дәрісі өтті.

Кездесуге студенттермен қатар университеттің профессор-оқытушылары мен қызметкерлері қатысты.

Бүгінгі кездесу барысында Ақтөбе облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Мұқанов Нұрлыбек студенттер алдында сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ол кәсіпкерлікке қатысты бірқатар маңызды мәселелерді атап өтті: Кез келген кәсіпорынның табысты болуы онда жұмыс жасайтын мамандарға байланысты. Кәсіпорындарды, ұйымдарды дамыту бүкіл өңірді дамытуға серпін береді, — деді, Нұрлыбек Мұқанов.

Сондай-ақ, ол: қазіргі нарық заманында бай-бақуатты болғысы келмейтін адам жоқ шығар. Бірақ та, барша адамның арманы болған байлық адамдарды таңдап, талғап қонатын бақ құсы сияқты жүздің, тіпті мыңның біріне ғана бұйыратын игілік сияқты. Бай боламын десеңіз, табысты адамдардың бірнеше дағдысын үйреніп алыңыз. Адамдарға шын жүректен көмектесіңіз. Бірақ, өзіңіз қалаған адамға ғана қол ұшын созыңыз. Көмек көрсетуді достарыңызбен және туысқандарыңызбен шектемеңіз. Мейілінше көп адамға көмек көрсетсеңіз, барынша көп адам Сізге жәрдемдеседі. Әрекет етіңіз, бір орында тұрмаңыз, дамыңыз, ортаңызды дамытыңыз. Жоқшылықпен күресіңіз, жоқшылық – барлық адамдардың жауы, кім онымен жақсы күреседі, сол бай және табысты болады, — деді.

Кездесу соңында Нұрлыбек Бекболатұлы кездесу барысында әрбір тұжырымын физика заңымен түсінідіріп, мақсатқа, табысқа жету жолында тек өз күшіңе сену керек деген қағиданы ұстанатынын айтты.

Еліміз бәсекеге қабілетті болу үшін, жастар көп кітап оқуы керек. Жеке тұлғаны мықты етіп қалыптастыратын әлеуметтік желіге салынатын жазбалар мен суреттер емес, кітап. Өйткені кітапсүйер ұлт қана кемелденіп, гүлденеді, — деді, өз сөзінде облыстық кәсіпкерлер палатасының жетекшісі.

Кездесу барысында қатысушы студенттер табысқа жету мәселесі жайында маманға сауалдарын жолдады.