Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Елбасы жолдауы мен мақаласы: ақпараттық-насихаттық топ жұртшылықпен жүздесті

Елбасы жолдауы мен мақаласы: ақпараттық-насихаттық топ жұртшылықпен жүздесті

Кеше Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалының ғимаратында облыс әкімі жанындағы ақпараттық топтың кезекті отырысы өтті. Басқосуда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа арнаған «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы талқыланды.

Мақсат — жоғарыда аталған екі маңызды құжатты әртүрлі топтағы адамдарға кеңінен түсіндіру, оның артықшылықтары мен ерекшеліктерін атап өту. Шараға оқытушылар, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, ардагерлер мен жастар жиналды.

— Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен ақпараттық топтар қызметіне кірісті. Елбасы Жолдауы мен бағдарламалық мақаласын түсіндіру үшін құрылған арнайы топ өкілдері күз мезгіліне дейін облыста 1200 кездесу өткізеді деп жоспарланған. Оның бірсыпырасы қалада өтпекші.

Бұл тақырыпты халықаралық сарапшылар, ғалымдар баспасөз беттері, телеарналар арқылы талқылап жатыр. Бірақ, аталған мәселелердің шығу тарихы, осы ұсыныстар неге айтылды, соны халыққа жете түсіндіруіміз керек. Осыған басымдық беру керек.

2015-2016 жылдары Елбасы бүкіл дүниежүзін аралап шықты. Англияның патшайымынан бастап, Африка мемлекеттерінің басшыларымен кездесті. Бұның барлығы дүниежүзілік дағдарыс кезінде елімізді тоқыраудан аман сақтап қалу, алға жылжыту үшін ізденіс мақсатында ұйымдастырылды. Басқа да сараптамалық топтар әбден зерттелген дүниелерді ұсынғаннан кейін, әлгіндей бағдарламалық дүниелер жарыққа шықты. Елбасының өзі де эконикамызды жаңартпасақ, өмір сүріп жатқан жүйемізді жаңа ортаға қарай бейімдемесек, артта қалып қоятынымызды мықтап ескертті. Сосын бәрінің де ашық болуы керектігін атап өтті. Соның бір жарқын көрінісі ретінде сот жүйесіндегі жаңашылдықтарды айтуымызға болады. Бұрынғыдай емес, бұл сала айтарлықтай өзгерді. Халыққа қызмет көрсету орталықтары да солай. Бұл — Үкіметтің жүйелі жұмысының жемісі. Әкімдер де әр тоқсан сайын халыққа есеп беруге көшкенін де атап өту керек, — деді Ақтөбе қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ахат Мырзалин.

Ал  Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің  оқытушысы Мұхтар Миров Жолдауда айтылған патриоттық тәрбие, үштұғырлы тілге қатысты мәселелерге тоқталып, оның мән-маңызын сөз етті.

Сондай-ақ, жиналғандар ел Президенті Қазақстанның басты бағыты — дамыған 30 елдің қатарына қосылу екенін атап өткенін, өркениетті елдердің даму жолынан үлгі алуымыз керектігін тілге тиек етті.

Мемлекет басшысының өзі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Күллі жер жүзі біздің көз алдымызда өзгеруде. Әлемде бағыты әлі бұлыңғыр, жаңа тарихи кезең басталды. Күн санап өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арыл­масақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек. ХХ ғасырдағы батыстық жаңғыру үлгісінің бүгінгі заманның болмысына сай келмеуінің сыры неде? Меніңше, басты кемшілігі — олардың өздеріне ғана тән қалыбы мен тәжірибесін басқа халықтар мен өркениеттердің ерекшеліктерін ескермей, бәріне жаппай еріксіз таңуында. Әжептәуір жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бас­тау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты — сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», — деген болатын. Отырысқа қатысушылар мақаланың осы тұсына айрықша маңыз беріп, оны өскелең ұрпақтың санасына сіңіру керектігін айтты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Ақтөбе газеті