Четверг, Октябрь 18, 2018
Басты > Жаңалықтар > Қарапайымдылығымен құрметті, еңбекқорлығымен ерекше

Қарапайымдылығымен құрметті, еңбекқорлығымен ерекше

Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, бойларына ізгілік шуағын дарытып жүрген ұстаздардың бірегейі «Қазақ әдебиеті» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Мира Рашидқызы Балтымова білім ордасында шәкірттерінің сүйіспеншілігіне, әріптестерінің құрметіне бөленіп, жаңа дәуірдің жаңа үрдісіне сай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаз. Методикалық еңбектердің, бірнеше ғылыми жобалардың авторы, шәкірттердің алдында 20 жылдан астам еңбек етіп келеді. 

Жақында ғана «Әдебиеттану» мамандығы бойынша Қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алған, ісімен үлгілі, қарапайымдылығымен құрметті Мира Рашидқызымен сұқбаттасқан едік. Сұқбаттасқан Сандуғаш Байғұлқызы.

— Мира Рашидқызы, «Әдебиеттану» мамандығы бойынша Қауымдастырылған профессор (доцент) ғылыми атағын алдыңыз, құтты болсын! Көңіл-күйіңіз қандай?

— Рахмет! Бұл атақ ғылым жолында атқарылған көп жылдық еңбектің нәтижесінде беріледі, соған лайық деп танылуым көңіліме қуаныш ұялатады! Сонымен қатар бұл атақ болашаққа көптеген міндеттер жүктейді.

Бақытқа еңбек арқылы жетуге болады дейді. «Бақыт» ұғымын Сіз қалай түсінер едіңіз?

— Иә, еліне адал қызмет ету — үлкен бақыт. Әр адам өмірдің мәнін бақытты болудан іздейді. «Бақыт» дегеніміз алдымен адамзатты сүю… Ал әл-Фарабидің сөзімен айтқанда, «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы жақсы мінез-құлыққа байланысты» екен. Менің ата-анам, тәлімгерлерім, ұжымым ұстаздар қауымы болғандықтан, бұл тәрбие тал бесіктен бойыма сіңді.

Сіз әдебиетшісіз. Жастарды әдебиетті танып-сүюге үйретесіз. Негізі әдебиетті сүюге үйретуге бола ма?

— Әдебиет — ол асыл сөз өнері, ал өнер әрдайым сұлулығымен қызықтырады. Осындай рухани байлықтың бар екенін жастар да білсе екен деймін. Бұл ретте теориялық біліммен қатар, өмірлік тәжірибе де қызықтырады. Кейде шәкірттерімді көркем шығарманың кейіпкерлеріне ұқсатамын, оны өзіне айтқаннан кейін сөзсіз қызығушылығы оянады ғой. «Қазақ әдебиеті» кафедрасының ұжымы белгілі әдебиеттанушы ғалымдармен, ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырып, студенттеріміз бен магистранттарымызды қаламызда өткізіліп жатқан кештерге қатысуға шақырамыз, олардың терең білімдері мен өнегелі сөздері, қилы тағдырлары да әдебиетке құштарландырады.

Ғылыми зерттеулеріңіздің негізгі бағыттарын айта кетсеңіз?…

— ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы, қазақ әдебиетіндегі тарихи проза, шығыс әдебиеті, салыстырмалы әдебиеттану.

Тәрбиелеп жатқан шәкірттеріңіздің арасынан болашақта Қазақстанның әдебиет саласында пайда болатын жаңа есімдерді көріп тұрсыз ба?

— Филология факультетіне оқуға келетін жастар әдебиет пәнін таңдап емтихан тапсырады. Олардың арасында шығармашылыққа бейім студенттер көп. Сондай талантты жастардың бір шоғыры: Жаңылхан Әбутәліпова, Жаннат Жауынбаева, Гүлжан Жалғасбекқызы, Мөлдір Кенжеева, Мұстафа Шохаев, Саламат Сайымов сынды жастарымыз бүгінгі күні ұстаздық жолда жүр. Осындай жастардың бастамасымен факультетімізде «Жастар айнасы» атты қабырға газеті шығарылып, әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Ал болашағынан үміт күттіретін жастарымыз көп.

Әдебиетші-ғалым, білікті басшы, педагог, үнемі ізденісте жүретін сіздей жанның үлкен отбасы барын білеміз. Бәріне қалай үлгеруге болады?

— Үлгеру оңай емес. Отбасым менің тірегім. Жолдасым, педагог ғалым Абай Қабақбайұлы әрдайым қолдау көрсетеді. Балаларымыздың әрқайсысының өз қызығушылығы бар, мүмкіндігінше демалыс күндері уақытымызды бірге өткізуге тырысамыз, олардың әрбір жетістігі біз үшін үлкен қуаныш.

Бос уақытыңызда кітап оқитын боларсыз? Қазіргі оқып жатқан кітабыңыз…

— Көркем әдебиетке құштарлығымды оятқан әкем болатын, ол кісі бізге ойын баласы жасынан өткеннен кейін ойыншықтың орнына кітап әкеле бастады, алғашында кітап оқу қызығушылық болса, кейін сүйікті ісіме айналды. Негізінен тарихи романдарды оқығанды ұнатамын, қазір М.Мағауиннің «Шыңғысхан» атты деректі тарихи романын оқуға кірістім. (Д.Исабековтің «Қарғыны» мен Дж.Лондонның «Мартин Иденін» қайталап оқудан жалықпаймын).

Әңгімеңізге рахмет! Сізді табыстар биігінен көре берейік!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.