Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жыр кеші ақиық ақынның туған күніне арналды

Жыр кеші ақиық ақынның туған күніне арналды

9 ақпан — ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күні екені баршамызға мәлім. Күпі киген қазақтың қара өлеңіне шекпен жапқан Мұқағали ақынның өлеңдері әрбір қазақтың жүрек төрінен орын алатыны сөзсіз. Осыған орай бүгін Жұбанов университетінің филология факультеті «Қазақ филологиясы» мамандығының 102-тобы студенттері және кітапхана ұжымының ұйымдастыруымен М.Мақатаев жырларына арналған «Мұң жамылған жауһар жыр» атты әдеби кеш өтті. Кештің басты мақсаты – ақиық ақынның шығармашылығын дәріптеп, студенттерді рухани нәрімен сусындату.

Кеште ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын сахналанып, студенттердің актерлік шеберліктері көрермендердің ілтипатына ие болды. Сонымен қатар М.Мақатаевтың өлеңдері оқылып, 1 курс студенттері Бекбол Майлишов пен Асылжан Әбдікәрім М.Мақатаевқа арнаған өздерінің арнау жырларын көпшілік назарына ұсынды. Кешті жүргізген Мөлдір Кенжеғарақызы мен Ғабит Утебаев ақын ғұмырнамасынан мәлімет беріп, жиналғандарды ақын өмірінен алынған қызықты деректермен таныстырды. Кешке қатысушылардың оқыған өлеңдері, сомдаған қөрінісі жүректі тербеп, көрермендердің көздеріне еріксіз жас ұялатты.

Кештің соңында кітапхана директоры Лия Мазылбекова мен «Қазақ әдебиеті» кафедрасының оқытушысы Сабира Тәжіғалиева ұйымдастырушыларға жылы лебіздерін білдірді.