Четверг, Март 28, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жаңа кезеңге бастайтын қадамдар

Жаңа кезеңге бастайтын қадамдар

С.Бәйішев атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасында «Жаңа Қазақстанның жаңа қадамдары» атты жиын өтті.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен жиын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауын талқылауға арналды. Басқосуда зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, студенттер мен түрлі салаларда еңбек етіп жүрген жастар ой бөлісіп, пікір алмасты. Жиынды облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырды.

Жолдауда нақты белгіленген он міндет арқылы ел халқы алдына айқын мақсаттар қойылып отыр. Осы мақсаттардың түпкі мәні төңірегінде ой бөлісе келіп, саясаттану ғылымдарының кандидаты Асхат Кеңесов:

— ХVIII ғасырдың соңы мен ХІХ ғасырдың басында, қол еңбегін — бу қозғалтқышты және басқа да қарапайым машиналар, ал мануфактураларды фабрикалар ауыстырған тұста, адамзат бірінші өнеркәсіптік революцияны бастан өткерді. Одан кейінгі өнеркәсіптік революциялар жаппай электрлендіру мен сандық технологиялардың енгізілуі арқылы жүзеге асты. Ал бүгінде әлем, Жолдауда атап көрсетілгендей, төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне аяқ басып келеді. Өнеркәсіптік революциялар адам өмірін жеңілдетеді, тұрмыс деңгейін көтереді, сонымен қатар, түрлі келеңсіздіктер, әлеуметтік мәселелер туындауы да мүмкін. Елбасы Жолдауында, міне, сол қиындықтардың алдын алу, қазақстандықтардың терең де қарқынды өзгерістерге бет бұрған жаңа әлемге бейімделуі мақсатындағы міндеттер көрсетіліп отыр, — деді.

Жиында белгілі ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов, Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушысы Айшуақ Бақыт, т.б. сөз сөйледі.

Жаңа әлемге бейімделу тетігі, ең алдымен, әрине, озық білімарқылы табылмақ. Жолдаудабілім берудің жаңа сапасын қалыптастыру, ұлт әлеуетін арттыру жолында мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамыту мәселелеріне айрықша көңіл бөлінген. Жиындағы әңгіме, негізінен, осы төңіректе өрбіді.

И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

источник