Пятница, Март 29, 2024
Басты > Ел жаңалықтары > Қазақстандық ЖОО-ларды үлкен өзгеріс күтіп тұр — Сағадиев

Қазақстандық ЖОО-ларды үлкен өзгеріс күтіп тұр — Сағадиев

АСТАНА. ҚазАқпарат — 2018 жылы қазақстандық жоғары оқу орындарының мамандықтар бойынша бірыңғай рейтингі жасалады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Астанада өткен «Үздік ЖОО оқытушысы — 2017» марапаттау кешінде мәлім етті.

Министр 2018 жылдың еліміздегі жоғары білім беру жүйесі үшін, әсіресе жоғары оқу орындары үшін маңызды болатынын баса айтты.

«Биыл елдегі жоғары оқу орындары көптен күткен академиялық еркіндікке қол жеткізеді. Заң қазір Мәжілісте, алғашқы екі айда бірінші оқылымнан өтеді деп үміттенеміз. Бұл Қазақстанның әрбір университетінің ішкі өмірін қатты өзгертеді. Әр университет өзінің білім беру бағдарламаларын жасауда, енгізуде еркіндікке ие болады. Бірақ, еркіндікпен қатар, әр ісіміз үшін жауапкершілік те еселей түседі. Кез келген регламенттің болмауы немесе азаюы өнімдерді әзірлеп, балаларымызға білім беретін адамдарға үлкен жауапкершілік жүктейді», — деді Е. Сағадиев Оқушылар сарайында өткен «Үздік ЖОО оқытушысы — 2017» марапаттау кешінде.

Сонымен бірге, министр биыл барлық мамандықтар бойынша қазақстандық ЖОО-лардың рейтингі жасалатынын, бұл рейтингтің абитуриенттер арасында үлкен маңызға ие болатынын хабарлады.

«Біз Ұлттық кәсіпкерлер паласына, бизнесмендерге, экономиканың нақты секторларына, ҒЗИ, қоғамдастықтарға барлық жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламаларын бағалауға қатысуын өтіндік. Олар келісім берді», — деді ол.

Министрдің мәлімдеуінше, алғаш рет IT-мамандықтар бойынша ЖОО-лардың білім беру бағдарламалары бағаланды. Рейтинг нәтижесі келесі айда шығуы мүмкін.

«Өткен аптада Алматыда 83 ректор мен проректор жиналған отырыста рейтингтің алдын ала нәтижесін көрсеттік. Бұл үлкен шу шығарды. Қалың көпшілікке жарыққа шыққанда да бұл рейтинг студенттер мен оқуға түсуді жоспарлап жүрген оқушылар арасында үлкен резонанс тудырады. Кей студенттер IT-мамандықтар бойынша ең үздік ЖОО-да оқиды екенмін деп қуанады. Ал кейбірі IT-мамандықтар бойынша 123-орындағы ЖОО-да оқып жүргенін біліп, налуы мүмкін. Бұған дайын болу керек», — деп атап өтті министр.

IT-мамандықтардан соң, педагогикалық мамандықтар бойынша ЖОО-лар рейтингі жасалады. Әрі қарай, медициналық, экономикалық, заң мамандықтары бойынша жалғасады.

«Мұндай қиын жұмысқа біз емес, біздің қызметіміздің тұтынушылары болып отырған бизнесмендер мен компаниялар, студенттерімізді жұмысқа алатындар қатысады. Сол себепті, биылғы жыл жоғары білімнің не екенін, қалай, кім үшін жұмыс істеуіміз керектігін, шынайы тұтынушыларымыздың кім екенін, олардың біздің жұмысты қалай бағалайтынын түсіну тұрғысында өзгерістерге толы болмақ. Мен сіздердің түсіністікпен қарауларыңызды және өздеріңіз еңбек ететін университеттердің белсене қатысуына күш салуларыңызды сұраймын», — деп өз сөзін түйіндеді министр.

 

источник