Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ақтөбе мектептеріне мұғалім жетпей жатыр

Ақтөбе мектептеріне мұғалім жетпей жатыр

Ақтөбеде мұғалімдер тапшы. Облыс мектептері әсіресе математика, физика, орыс тілі мен әдебиеті және бастауыш класс ұстаздарына зәру. Бұл мамандықтарға деген сұраныс қазірдің өзінде 400 бірлікке жуықтап отыр. Мәселе қалай шешілмек? Жақсыбек Кемал анықтауға тырысты.

Наталья Самохина мектепте 41 жылдан бері еңбек етіп келеді. Орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі өзінің ізбасарлары табылмай тұрғанына қынжылады. Сондықтан зейнетке шыққанына 4 жыл болса да, әлі жұмыс істеп жүр.

Наталья Самохина, орыс тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі:

Жүктемем  29 сағат. Бұл үлкен күшті қажет етеді. Екі ауысымда жұмыс істеуге мәжбүрмін. Жақында бір қыз келген қасыма. Көмектесіп жүрмін. Оның бір өзіне мұндай көлемде жұмыс атқаруы өте қиын.

Ақтөбеде мұғалімдер дайындайтын 3 университет пен педагогикалық колледж бар. Соның өзінде маман тапшылығы сезіліп отыр.  Биыл тек Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің өзіне 398 сұраныс келіпті. Әзірге бұл оқу орны өңірдегі маман қажеттілігінің 70 пайызын ғана қанағаттандырып отыр. Мәселен, орыс тілінде білім беретін мектептерге 48 бастауыш сынып мұғалімі қажет болса, университет бұл мамандық бойынша биыл бір де бір түлек шығармайды.

Бибігүл Әбенова, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ проректоры:

Сұраныс өте жоғары. Бірақ түлектердің санымен салыстырғанда тек 2 есе кем деңгейде ғана қанағаттандыра аламыз. Бірақ бұл бағытта университет үлкен жұмыс жасап жатыр. Бірталай жобаны білім беру ісіне енгіздік. Оның ішінде қосарланған мамандықтар бағыты.

Яғни университет ендігі жерде математика-физика, физика-информатика, физика-биология және математика-информатика пәндері бойынша мамандар дайындамақ. Қосарланған  мамандықты тәмамдаған түлектер екі пәннен де сабақ беретін болады. Әкімдік маман тапшылығын жою үшін мұғалім беделін көтеретін арнайы бағдарламалар дайындап жатқан көрінеді.

Жанна Әбілдаева, облыстық білім басқармасының баспасөз хатшысы:

Ақтөбе облысының білім басқармасы биыл арнайы талдау жасап жатыр. Осы талдау негізінде 2019-2025 жылдарға жоба жасалады. Қажетті мамандықтарды анықтап, осы талдау негізінде ертең жоғары оқу орындарына, колледждерге ұсыныс беріледі. Олар сол мамандықтарды дайындайды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Жоғары оқу орнын бітірген түлектердің көбі ауылда емес, үлкен қалаларда жұмыс істеуді қалайды. Сондықтан бес жыл оқып алған дипломдары кәдеге аспай жатады. Білім саласы мамандарының айтуынша, бұл жағдай да маман жетіспеушілігіне әсер етіп отыр.

Жақсыбек КЕМАЛ

 

источник