Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Спорттағы жұлдызды түлектермен кездесу өтті

Спорттағы жұлдызды түлектермен кездесу өтті

Жұбанов университетінің кәсіби-шығармашылық факультетінің «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасы «Біздің үздік түлектер» тақырыбында университеттің 1989 жылғы түлегі, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері тірек қимылдары бұзылған адамдар арасындағы үстел теннисінен Қазақстан Республикасының 5 дүркін чемпионы Нақып Мамбетов, 2008 жылғы түлек, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, қазақ күресінен әлем, Азия чемпионы Бақтыбай Кисиковпен кездесу өткізді. Кездесуге факультет профессор-оқытушылары мен студенттер қатысты.

Кездесуді кіріспе сөзбен «Дене шынықтыру және спорт» кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Төлеген Ботагариев сөз сөйлеп ашып, студенттерді келген қонақтармен таныстырды. Ол студенттерді университеттің ғана емес, елдің мақтанышына айналған жұлдызды түлектерден үлгі алуға, оларды өнеге тұтуға шақырды.

Нақып Мамбетов денсаулық ақаулығына қарамай, алдына мақсат қойып, спорттың шыңдарын бағындыра білгені жиналған жастарға ой салып, жігер берді. Ол спорттық жарыстарда тек жүлделі орындарды иеленіп келеді. Атап өтер болсақ, 2014 жылы Шымкент қаласында өткен ҚР Чемпионатының күміс жүлдегері, 2015 жылы Павлодар қаласындағы Параолимпиада ойындарының бірінші орын иегері, 2016 жылы Талдықорған қаласында өткен Қазақстан кубогінде бірінші орын, 2017 жылы Атырау қаласында өткен ҚР V спартакиадасында бірінші орын, Қостанай қаласы Халықаралық турнирінде бірінші орын иеленді. Спортты жаны сүйетін Нақып күнде ерінбей жаттығып, әлем чемпионы болуды алдына мақсат етіп отырғандығын айтып өтті.

Бақтыбай Кисиков 2008 жылғы Ресейдің Орск қаласында өткен біріншіліктің Әлем чемпионы, 2010 жылы Астана қаласында өткен чемпионаттың Азия чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері. Сөз кезегінде ол спортқа қалай келгендігі жайында айта отырып, спорт саласында кезігетін қиындықтар мен қызықтарымен бөлісті.

Кездесу университеттің спорт кешенінде жалғасты. Қонақтар студенттерге жаттығулар көрсету арқылы шеберлік сабағын жүргізді. Нақып Мамбетов спортшы студенттермен үстел теннисінен жарысып, теннис ойнаудың кейбір әдіс-тәсілдерін үйретті. Ал Бақтыбай Кисиков қазақша күрестің күресу тәсілдерін көрсетті. «Дене шынықтыру және спорт» кафедраның ұжымы мен студенттер қонақтарға алғыстарын білдірді. Қонақтарға кездесу соңында естелікке сыйлықтар табыс етілді.