Четверг, Сентябрь 19, 2019
Басты > Жаңалықтар > Ұстаз-ғалым Айболған Кенжеғұлова 70 жасқа толды

Ұстаз-ғалым Айболған Кенжеғұлова 70 жасқа толды

Осыған орай бүгін Жұбанов университетінде «Болашақ педагогті кәсіби даярлау: теория және практика» тақырыбында облыстық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Айболған Кенжеғұлова «Қазақ ССР халық ағарту ісінің озық қызметкері», «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы.Алтынсарин» және «Қазасқтан Республикасының білім беру ісінің құрметті қызметкері» белгілерінің иегері.

Конференцияға университет ректоры Бауыржан Ердембеков, Ақтөбе облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, «Самғау» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының редакторы Шолпан Сатенова, Ақтөбе қаласы білім бөлімі өкілдері және университеттің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттер қатысты.

Конференция модераторы университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Бибігүл Әбенова болды.

Кіріспе сөз алған Бауыржан Аманкелдіұлы: «Айболған Кенжеғұлқызы университетте 30 жылдан астам еңбек сіңіріп келеді. Осы 30 жылда қаншама шәкірттерді тәрбиелеп, ұшырды. Қазір олардың алды белді-белді қызметтерді абыроймен атқарып жүр. 100-ден аса ғылыми еңбектері жарық көрген. Еліміз Тәуелсіздік алған жылдарда маман тапшылығы, кітап тапшылығы секілді өзекті мәселелер болды. Сол кездерде ана тіліміздің мәртебесін көтеру жолында аянбай еңбек еткен, әрбір адамның жүрегінен орын алған, сауатын ашқан «Әліппе» оқулығының авторы. Бүгінде «Үйрен-бөліс» жобасы аясында педагогтарды қайта даярлау саласында үлкен жұмыстар атқаруда. Университеттің дамуына сүбелі үлес қосқан ұстазды университет ұжымы ғылым саласында шыңдалған ғалым, білім саласында жауапкершілігі жоғары тұлға ретінде құрметтейді», — дей келе, ғалымның педагогика саласындағы ерен еңбектеріне тоқталып, мерейлі 70 жасымен құттықтады. Ұстаздың иығына ерекше құрметпен шапан жауап, «Жұбанов» медалімен марапаттады.

Кезекті құттықтау сөзін Бұлбұл Елеусінова алды. Ол жас ұрпақты тәрбиелеуде, білім беруде өлшеусіз үлес қосқан ұстазға облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтауын жеткізіп, өзі Айболған Кенжеғұлқызының берген тәлімінен сабақ алғанын, осындай парасатты ұстаздың шәкірті екенін әркез мақтаныш тұтатындығын айтып өтті.

Ақтөбе облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова облыстық білім басқармасы басшысы Ләззат Оразбаевның құттықтауын оқыды.

«Самғау» республикалық ғылыми-әдістемелік журналының редакторы Шолпан Сатенова мерейтой иесін құттықтай келе, «Самғау» журналының ағымдағы жылғы №6 санын Айболған Кенжеғұловаға арналғанын айтып, аталған журнал мен «Халықаралық педагогика және инновациялық технологиялар ғылым академиясы» атынан «Маман мақтанышы» медалін табыс етті.

Пленарлық мәжілісте алғаш болып баяндаманы педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әлия Мухамбетжанова жасады. Ол «Жаңартылған бағдарлама: болашақ педагог дайындау» тақырыбындағы баяндамасында қазіргі таңдағы жаңартылған бағдарлама ерекшеліктеріне тоқталды. Сонымен қатар Шұбарқұдық гимназиясының директоры Қайсар Құлымов «Оқушыларды жас ерекшелігіне сәйкес оқыту», №51 мектеп-гимназиясының директоры Гүлназия Дарибаева «Адами капиталды дамытудағы жаңартылған білім беру жүйесінің маңызы», Мұғалжар ауданы Талдысай қазақ орта мектебінің директоры Айбек Мұқанов «Қазіргі заман мектептеріндегі білім беру мәселелері», Ойыл ауданының Ш.Бекмуханбетова атындағы мектеп-гимназиясының директоры Роза Ұлықпанова «Мектеп бітіруші түлектердің мамандық таңдаудағы мәселелері» тақырыптарындағы баяндамаларын жасады.

Конференция барысында «Ұстаз кәмелеттігі баспалдақтары» бейнеролигі көрсетілді. Онда Айболған Кенжеғұлованың өмірбаяны, ғылым, білім беру салаларын дамытуға қосқан үлесі айтылды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.