Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Қ.Жұбанов атындағы аөму халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

Қ.Жұбанов атындағы аөму халықаралық ынтымақтастықты нығайтуда

2017 жылдың шілде айының 11і күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің Конфуций институты ҚХР Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің өкілдерімен кездесу барысында бірқатар шаралар ұйымдастырды.

Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің проректоры, профессор Сунь Гохуй, Синьцзян қаржы-экономикалық университеті жоспарлау және даму басқармасы бөлімінің басшысы, профессор Лю Вэньцуй, Синьцзян қаржы-экономикалық университеті редакция бөлімінің басшысы, профессор Лу Айчжэнь, Синьцзян қаржы-экономикалық университеті Орталық Азия институтының деканы, профессорЦзя Янань, Синьцзян қаржы-экономикалық университеті халықаралық байланыстар бөлімібасшысының орынбасары Аинуэр Абулицзы алдымен университеттің Конфуций институтының ұжымымен кездесті.

Олар академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттермен алмасу, екіжақты ынтымақтасты нығайту мақсатында Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы Ердембековтің қабылдауында болып, ынтымақтастық мәселелерін қарастырды.

Аталмыш басқосуға университет ректорының көмекшісі Б.Ісбек, университеттің бірінші проректоры Қ.Шүңкеев, Конфуций институтының Қазақстан тарапынан директоры Г.Т.Шоқым және университеттің Баспасөз қызметі бөлімі қатысты.

Екіжақты кездесу барысында екі университет арасындағы ынтымақтастықтың нысандары мен бағыттары, профессор-оқытушылардың біліктілігін арттыру, студенттердің оқу және тіл практикасынан өту сынды мәселелер талқыланды.

«Құрметті қонақтар, біздің университетімізге қош келдіңіздер!» — деп бастады кездесуде сөз алған университет ректоры, профессор Бауыржан Аманкелдіұлы.

«Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында студенттермен алмасу, профессор-оқытушылар алмасу бойынша жұмыс жасап, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, Сіздермен бірге біріккен екіжақты жобаларды талқылау мақсатында халықаралық семинарлар мен конференциялар өткізу — екі тарапқа да оң нәтижесін береді деген сенімдемін», — деді әңгіме барысында ректор.

Келесі сөз кезегін алған Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің проректоры Сунь Гохуй: «Мұндай кездесулер бола бермейді. Сіздермен жолыққаныма өте қуаныштымын. Алдымен университет ректоры Сізге және Конфуций институтының жоғары дәрежеге жетіп, жоғары деңгейде жұмыс жасау нәтижесі үшін екі тараптың директорларына алғысымды білдіремін, алдағы уақытта алдымызға қойылған жоспарларымыз бен жұмыстарымыздың жүзеге асуына тілектеспін!», — деді.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар екіжақты ынтымақтастықтың дамуына қызығушылық танытты. ҚХР Синьцзян қаржы-экономикалық университетінің өкілдері бағдарламалар ұсына отырып, Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ-мен тығыз қарым-қатынасты дамытуға мүдделі екендігін білдірді.

Кездесу соңында ректор «Біздің байланыстың нығая түсетініне сенімім мол, жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!», – деп, қонақтарға сыйлықтарын табыс етті.

Сандуғаш БАЙҒҰЛҚЫЗЫ,
Баспасөз қызметі бөлімінің маманы
Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ

http://bilimdinews.kz