Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Ақтөбелік атақты хирург, профессор Намаз Ізімбергеновке Жұбанов университетінің Құрметті профессоры ғылыми атағы берілді

Ақтөбелік атақты хирург, профессор Намаз Ізімбергеновке Жұбанов университетінің Құрметті профессоры ғылыми атағы берілді

Бүгін Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің конференц-залында медицина ғылымдарының докторы, профессор Намаз Ізімбергеновтің 80 жылдық мерей жасына орай құттықтау рәсімі өтті. Салтанатты рәсім барысында адамдарға ең қымбат сый – өмір сыйлап жүрген белгілі хирургке университеттің Құрметті профессоры ғылыми атағы берілді.

Мерейлі жас иесін құттықтай тұрып, ректор Бауыржан Амангелдіұлы оның өмірі мен қызмет жолына тоқтай кетті: «Намаз Ізімбергенұлы қасиетті Маңғыстау түбегінде, 1937 жылдың 25 желтоқсанында дүниеге келген. 1964 жылы Ақтөбе мемлекеттік медицина институтын бітіріп, осы жерде табан алдырмай жұмыс жасаған. Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Медицина ғылымдары академиясының академигі, Республика ғылымының еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық Библиографиялық Орталықтың (Англия, Кембридж) берген «ХХІ ғасырдың аса жоғары интеллектуалы», «Евразия» қоғамдық қорының «Алтын қандауыр» атақтарын алған, Ақтөбе, Маңғыстаудың «Құрметті азаматы». Осындай дарынды ағамыздың  аты Қобыланды, Алия Молдағұлова, тағы басқа Ақтөбе жерінен шыққан атақты адамдардың қатарында жазылып, біздің тарихымызбен сабақтасып жатыр»,-деді ол.

Жұбанов университеті профессор-оқытушы құрамы атынан құттықтаған философия ғылымдарының докторы, профессор Аманкелді Айталы үзеңгілес әріптесінің ерекше адами, азаматтық, дәрігерлік қасиеттеріне тоқтала келе «Намаз Ізімбергенұлының мынандай ұстанымы бар «Рухсыз адам қоғамға қауіпті, рухсыз дәрігер 100 есе қауіпті». Мен айтар едім, рухсыз адам қоғамға қауіпті, рухсыз дәрігер 100 есе қауіпті, ал рухсыз педагог 1000 есе қауіпті шығар, себебі ол адамның жанын, адамның дүниетанымын тәрбиелейді» -деп, дәрігер мен педагог қызметтерінің жауапкершілігінің ұқсастығын атап өтті.

Намаз Ізімбергенұлы көрсетілген құрметке ризашылығын білдіріп, алдағы күндерде бүгінгі берілген профессор атағы ол үшін маңызды екенін,  оған міндет артатынын, енді Жұбанов университетінің ғылыми-педагогтік  жұмыстарына ат салысуға дайын екенін жеткізді.