Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгіннен бастап студенттер жасағы – полицияның қоғамдық көмекшілері

Бүгіннен бастап студенттер жасағы – полицияның қоғамдық көмекшілері

Бүгін «Құдайберген Жұбанов» конференция залында Ақтөбе облысы бойынша ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметімен университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментімен біргелікте студенттермен кездесу өтті.

Кездесуге Ақтөбе облысы бойынша ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Жақсығалиев, Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті өкілдері, Жұбанов университеті, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, Қазақ-орыс халықаралық университеті студенттері қатысты.

Алғашқы сөзді әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті директоры Жайнагүл Қартбаева алып, университет пен Ақтөбе облысы бойынша ішкі істер департаменті жергілікті полиция қызметі арасында меморандумға қол қойылғанын, ондағы мақсат жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, осы келісім бойынша студенттік жасақ құрылғандығына тоқталды. Ал жергілікті полиция қызметінің басшысы Қаныбек Жақсығалиев: «Былтырғы жылғы статистикаға тоқталатын болсақ, алты мыңдай қылмыс тіркелген. Олардың екі мың жарымдайы 14 пен 29 жас аралығындағы жастар жасаған қылмыстар. Яғни, 44 пайызды құрайды. Ол қылмыстардың көбісі тонау, ұрлыққа байланысты. Сондықтан біздің студенттерді қоғамдық жұмысқа тартудағы мақсатымыз жергілікті полициямен бірлесе жұмыс жасау, жастардың арасында қылмысты болдырмау, алдын алу»,- деді өз сөзінде.

Бүгінгі кездесуде 64 студент-жастарға «Полицияның қоғамдық көмекшісі» куәлігі салтанатты түрде табыс етілді. Айта кетуіміз керек, 64 студенттің 40-ы Жұбанов университетінің студенттері, 15-і М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университеті, 9-ы Қазақ-орыс халықаралық университеті студенттері. Куәлік мерзімі 1 жылға жарамды. Полицияның қоғамдық көмекшілері оқу орнында, жатақханаларда тәртіптің бұзылуына, құқық бұзушылыққа жол бермей, жергілікті учаскелік полициялармен бірлесе жұмыс жасайтын болады.