Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Жобалық кеңсе: нақты жоспар және жүйелі жұмыс

Жобалық кеңсе: нақты жоспар және жүйелі жұмыс

Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті ғимараты жанында Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша аймақтық жобалық кеңсе жұмыс жасайды. Кеңсе қажетті материалдық базамен, кадрлармен қамтамасыз етілген.

 Апта сайын есеп береді

Жобалық кеңсенің бас менеджері Нұрлыхан Хасеновтің айтуынша, қазіргі таңда облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру бойынша қарқынды жұмыстар жүргізілуде. Ал жобалық кеңсе өткен жылдың мамыр айынан бастап жұмыс жасап келеді.

Бағдарламалық құжатты сапалы іске асыру мақсатында облыстағы зиялы қауым, үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени бірлестіктер, партиялар, кәсіподақтар, жастар өкілдерінен тұратын облыстық комиссия құрамы бекітіліп, облыстың жұмыс жоспары жасақталды.

Жуырда облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен Ақтөбе облысында «Қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасы аясында 2017 жылы атқарылған және 2018 жылға жоспарланған жұмыстары туралы облыстық комиссияның отырысы өтті.

Бүгінгі күні бекітілген жоспарға сәйкес сарапшылар кеңесі және әрбір бағыт бойынша жұмысшы топтар жұмыс жасап жатыр.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы 4 кіші бағдарламаға — «Тәрбие және білім», «Рухани қазына»,  «Атамекен» және «Ақпарат толқыны» болып бөлінеді. Бүгінге дейін аталған кіші бағдарламалар бойынша жобалар мен іс-шаралар реестрі бекітілді. Соған сәйкес қазір іс-шаралар өткізіп жатырмыз.

Мәселен, өткен аптада облыстық білім басқармасының қызметкерлерімен, жоғары оқу орындарының өкілдері, мектеп басшыларымен кездесу өткізіп, облыста  «Тәрбие және білім» бағдарламасы аясында қандай мәселелер бар екенін анықтап, мамандар шарада өздерінің қызықты идеяларын ортаға салды.

Сондай-ақ жобалық кеңсе Астана қаласындағы орталық жобалық кеңсемен, облыс аудандарымен жұмыс жасауда. Биылғы жылы облыстың барлық аудандарында жобалық кеңселер ашылды. Олармен тікелей байланысқа шығып, бағдарлама бойынша Астанадан келген тапсырмаларды жеткіземіз. Ал келесі аптада аудандардағы кеңсе қызметкерлерін жинап, семинар өткізуді жоспарлап отырмыз. Оларға реестр, оларды құрудың жолдары түсіндіріліп, жобаның төлқұжаты туралы түсінік беріледі.

Алдағы уақытта аудандағы жобалық кеңселер жасаған жұмыстары туралы бізге апта сайын есеп беретін болады, — дейді Н.Хасенов.

Оның айтуынша, жобалық кеңсе облыстық ішкі саясат, мәдениет, білім, сыртқы байланыс және туризм, тілдерді дамыту басқармаларымен, Ақтөбе қаласы және аудан әкімдерімен, Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығымен тығыз жұмыс жасайды.

4 кіші бағдарлама: айқын бағыт, ауқымды міндет

Биылғы жылы облыста «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» кіші бағдарламасы аясында 1 млрд 706 млн 495 мың теңгеге 564 жоба жоспарланған. Сондай-ақ  аталған бағдарлама аясында Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданында «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілікке тәрбиелеу орталығы салынуда.

Орталықтың бір ерекшелігі, мұнда экспозициялық зал жасақталады. Мұнда келушілер Бопай ханым, Нұрсұлу Тапалова, Роза Жаманова, Әлия Молдағұлова, Аққағаз Досжановалардың өмірімен, ерлік жолымен танысады. Сонымен қатар ел тарихына енген аналар туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік алады.

Сондай-ақ биыл «Мен ақтөбелікпін!» атты өңірлік жастар жобасы іске асырылады,

жерлестердің аудандық форумдары өткізіледі. Облыстық еріктілер корпусы және азаматтардың ресурстық орталығы құрылады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы аясында биыл облыста «Өлкетану» негізгі жобасын іске асыру шеңберінде бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Атап айтсақ, аймақтық зерттеулер бойынша авторлық оқулықтар, «Туған өлке» энциклопедиялық анықтамалығын шығару, облыстық, аудандық деңгейлерде жас жергілікті өлкетанушылардың, туристер мен экологтардың кездесуін және форумын өткізу жоспарда бар. Ал «Отаным — тағдырым» базалық жобасы аясында «Тәуелсіздік — жыр әнім» облыстық шығармашылық фестивалі мен спорттық мектеп лигасы және жасөспірім патриоттар форумы өткізілмек, — дейді бас менеджер.

Оның айтуынша, биыл «Рухани қазына» кіші бағдарламасы аясында облыстық тарихи-өлкетану мұражайының жаңа ғимаратын ашу, «Space science — 2018» атты жас ғалымдардың халықаралық ғылыми олимпиадасын өткізу, Орынбор және Санкт-Петербург қалаларының мұрағаттарында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу, хор музыкасының халықаралық фестивалі және «Жұбанов әлемі» ұлттық аспаптар оркестрінің республикалық байқауын өткізу жоспарланып отыр. Сонымен қатар биылғы жылы Әбілқайыр ханның 325 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция, халықаралық «Марғұлан оқулары — 2018» байқауы, «Кең дала» халықаралық фестивалі ұйымдастырылады.

  • Аталған кіші бағдарлама аясында «Саналы азамат» базалық жобасын жүзеге асыруда биыл «Казроботикс» жобасы қолға алынуда. Жоба жетекшісі — Александр Гончарев. Бұл жоба аясында қазір әртүрлі іс-шаралар өтуде. Тек қана жасөспірімдерге ғана емес, жастарға да қызықты деп ойлаймын. Алдағы уақытта осы жоба жүзеге асырылған соң облыстағы мектептердің барлығында робототехника кабинетін ашу жоспарда бар. Бұл бағытта біз қазір аудандармен тығыз байланыста жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ал облыс орталығында робототехника үйірмесі қалалық техникалық шығармашылық орталығында бар, — дейді «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының менеджері Айман Маханова.

Сондай-ақ биыл «Ақпарат толқыны» кіші бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бұқаралық ақпарат құралдарында кең көлемді ақпараттандыру жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар «100 жаңа есім» жобасы аясында «Өз елінің тұлғасы» атты ақпараттық-патриоттық акция өткізіледі.

Бейнероликтер мен тележобалар жарыққа шығады

Жобалық кеңседе «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Латын графикалық жүйесіне көшу» бағыты бойынша жауапты менеджер жұмыс жасайды. Ол облыстық ақпараттық-түсіндіру тобының жұмыстарын, облыста атқарылатын іс-шаралар кестесіне сәйкес ақпараттар беру, спикерлер сұхбаттарын жариялау, жүзеге асырылатын жобалар туралы мақалалар дайындау шараларымен айналысады.

  • Өткен жылы Ақтөбе қаласындағы мемлекеттік органдар, құқық қорғау органдары, халыққа қызмет ету саласы қызметкерлері, білім, медицина саласы қызметкерлері, үкіметтік емес сектор өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындары студенттерімен, орыс тілді аудиториямен «Қазақстанның болашағы — қазақ тілінде» тақырыбында кездесулер өткізілді. Сондай-ақ бекітілген әліпби нұсқасын таныстыру мақсатында былтыр 45 мекемеде 4500 адамды қамтыған басқосулар ұйымдастырылып, бірқатар аудан орталықтарында тақырыптық семинарлар өтті. Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында оқыту бұрышы ашылып, халықтың пікірін зерделеу мақсатында облыс тұрғындары арасында әлеуметтік зерттеу жүргізілді. Өткен жылдың қыркүйегінен бастап арнайы «AktobeLatyn» ақпараттық парақшасы, «#латынграфикасы» хэштегі құрылып, олардың контенті тақырыптық материалдармен толықтырылып отырды. Ал биылғы жылы ақпараттық-түсіндіру бағытындағы жұмыстар жалғасын табатын болады, — дейді жауапты менеджер Данагүл Нұрмұхамедова.

Оның айтуынша, биылғы жылдың екінші жартыжылдығында аталған жоба бойынша жергілікті телеарналарда бейнероликтер мен тележобалар жарыққа шығады. Сондай-ақ ұялы телефонға арнайы бағдарламалар енгізіледі.

  • Біздің негізгі мақсатымыз — облыс тұрғындарына латын графикасына көшу туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Біз кеңседе отырып, барлық аудандармен байланысып, елді мекендерде латын әліпбиіне көшу мәселесіне байланысты жұмыстар қандай деңгейде жүріп жатқанын қадағалаймыз.

Біз латын графикасына кезең-кезеңмен көшеміз. Қазір латын графикасы бекітілді. Алайда әлі де өзгерістер болуы мүмкін. Себебі тіл білімі институтының ғалымдары әлі де ұсыныстар жасап жатыр. Сондықтан қазір тек түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Латын әліпбиіне көшкеннен кейін алдымен елімізде мектеп оқулықтары, одан кейін бұқаралық ақпарат құралдары жаңа әліпбимен басылып шығарылады. Негізінен латын графикасына қазақ мектептері, қазақ тіліндегі басылымдар ауыстырылады. Ал орыс мектептер кириллицада қалады. Өкінішке қарай, қазір

орыс тілді азаматтар қазақ тілін білмеген соң латын әліпбиіне көшу қиын екенін, сол себепті балаларын орыс мектептеріне бергісі келетінін айтады. Алайда болашақта өскелең ұрпаққа латын әліпбиін меңгеру оңайға соғады. Себебі олар қазір 1-сыныптан бастап ағылшын тілін үйренеді. Сондықтан бұл мәселеде қиындық жоқ деп ойлаймын, — дейді Д.Нұрмұхамедова.

Данагүл ҚАЗИХАН.

источник