Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Диатомит минералы қашан өндіріледі?

Диатомит минералы қашан өндіріледі?

Ғ Ы Л Ы М

 «…Металлургия, мұнай-газ химиясы, агроөнеркәсіп кешені, био және IT-технологиялар салаларын зерттеу ісінде басымдық беретін жоғары оқу орны ғылымын дамыту керек. Қолданбалы ғылыми-зерттеулерді ағылшын тіліне біртіндеп көшіруді жүзеге асыру талап етіледі. Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет…»

 Елбасы Жолдауы жолдарынан.

 Диатомит —  кремнийлі шөгінді тау жынысы. Қазақстан бойынша диатомит Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында ғана шоғырланған. Оның  қоры 3 миллиард тоннадан асады. Ғалымдар бұл минералды өндіру арқылы әртүрлі салада пайдалануға болатынын айтады. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Қуанышбек Шүңкеевпен арадағы әңгіме осы тақырыпта өрбіді.  

 Басты мәселе — ғылымды қаржыландыру

 Дамыған елдер ғылымға орта есеппен ішкі жалпы өнімнің 3 пайызын жұмсайды. Бұл — үлкен қаржы. Егер мемлекет ғылымды қаржыланды­рудың көлемін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызынан төмендетсе, онда ондай мемлекеттің ғылымы құл­дырауға ұшырайды. Бұл — кейіпкеріміздің пікірі.

Елімізде ғылымды қаржыландыру көлемі осыған дейін 0,25 пайыз болса, қазір  бұл көрсеткіш 0,17 пайызға түсіп отыр. Тіпті азайып кетті. Бұл — елімізде ғылымды қаржыландырудың жалпы көлемі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі ғылыми жобаларды қаржыландыруды шетелдік форматта жүзеге асыруды қолға ала бастады. Оған дәлел — биылдың өзінде бірнеше бағдарламаларға конкурстар жарияланды. Олар — тиімді инновацияларды ынталандыру, грантты және бағдарламалық-нысаналы түрде қаржыландырулар. Ғылымды қаржыландыруға арналған осындай бағдарламаларды жүзеге асырудың алғашқы кезеңі 2020 жылға дейін белгіленген. Әрбір бағдарламаны жүзеге асырудың қаржылық мөлшері де әртүрлі.

Ғалымның айтуынша, тиімді инновацияларды ынталандыру бағдарламасының шарты бойынша кәсіпорындар мен жоғары білім беру ұйымдары бірлескен қаржыландыру форматында конкурсқа түсуі керек.

— Әзірге Ақтөбе облысы  бойынша өзара келісімді жолдардың анықталмауына байланысты  университет те, өндіріс те тиімді инновацияларды ынталандыру бағдарламасын іске асыра алмай отыр. Осының салдарынан қомақты қаржы бізді айналып өтіп, басқа аймақтардың үлесіне тиіп жатыр. Бағдарламаның шарты бойынша, бірлескен қаржыландыру міндетті талап саналады, яғни кәсіпорын ғылымды 20 пайызға дейін, ал министрлік 80 пайыз қаржыландыруды ұйымдастыруы қажет. Басқаша айтқанда, университет ұсынатын бағдарламаға кәсіпорын тарапынан әлеуетті сұраныс болса, онда министрлік бұл жобаны қаржыландыруға атсалысады. Бұл орайда ғылыми  жоба сарапшыдан өтуі керек. Мұны айтып отырған себебім, осы талаптарға толық сәйкес келетін ғылыми жобалар бізде бар, — дейді Қуанышбек Шүңкеев.

Облыс территориясында шетелдік инвесторлар мұнай мен газ өнеркәсібінде көп жылдан бері жұмыс жасайды. Халықаралық стандартқа сәйкес мұндай компаниялар жылдық табысының 1 пайызын жергілікті әлеуметтік, экологиялық, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-құрастырымдық жұмыстар жүргізуге жұмсауға міндетті. «Мәселен, Америка Құрама Штаттарында,  Қытай мен Жапония, Германия елдерінің оқу орындарында ғылыми-зерттеу жұмыстары инвесторлардың қомақты қаржысы есебінен жүзеге асырылады. Атап айтсақ, Америка Құрама Штаттарында бұл қаржы 405 миллиард долларды құрайды. Қытайда инвесторлық компаниялар тарапынан ғылымды дамытуға бөлінетін қаржының бір жылдық мөлшері — 153 миллион АҚШ доллары. Бұл жерде ойланатын бір нәрсе бар. Қытайлықтар өз территориясында шеттен келетін инвесторлардың табысының бір бөлігін ғылымды дамытуға міндеттесе, ал бізде инвестор ретінде бұл міндетті өздері орындамай отыр. Сондықтан да ғылымды қаржыландырудың осындай көздерін біз білуіміз керек әрі пайдалануымыз қажет», — дейді Қуанышбек Шүңкейұлы.

Диатомит — табиғи наноматериал

Қуанышбек Шүңкейұлының еліміз бойынша Ақтөбенің Мұғалжар өңірінде ғана кездесетін диатомит минералын, оның мол қоры және экономикаға тигізер әлеуетін мәселе ретінде көтеріп жүргені бұл бірінші рет емес. Оның айтуынша, диатомит байыту технологиясын жасау үшін бірнеше саладағы ғылымдар мен кәспорындардың бірігіп жұмыс істеуіне мүмкіндік бар.

Қазақстан бойынша диатомит Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында ғана шоғырланған. Біздің есебіміз бойынша, облыста диатомиттің 3 миллиард тоннадан астам қоры бар. Бұл минерал Мұғалжардағы «Жалпақ», «Өтесай», «Қырғыз» кен орындарында көп кездеседі.  Соның ішінде біздің жиі барып жүргеніміз — «Жалпақ» кен орны. Басқаларына қарағанда «Жалпақта» диатомиттің қоры көп, екіншіден — таза. Ондағы таза, сапалы диатомит шоғырланған жерді де жақсы білеміз. Алайда елімізде осы күнге дейін диатомитті өндіру және оны байыту технологиясы қолға алынбағаны өкінішті, — дейді ол.

Ғалым дүниежүзі бойынша диатомитті өндірудің 40 пайызы — Америка Құрама Штаттарына, 21 пайызы — Қытайға,  21 пайызы — Еуропаға, ал 18 пайызы — басқа елдерге тиесілі екенін айтады.

Диатомит Ресейдің Ульяновск облысында да көп кездеседі. Онда бұл минералды өндіретін арнайы комбинат та бар. Қуанышбек Шүңкеев тау жынысының бұл түрін ресейліктер қарапайым технологиямен үгітіп, ұнтақтайтынын, содан соң оны електен өткізіп, өндірісте пайдаланатындарын айтады.

Әр температурада  диатомит бойындағы қасиетін әртүрлі өзгертеді. Мәселен, біз диатомиттен бірінші рет аморфты кремний алып отырмыз. Оны алу үшін диатомитті өте жоғары градусқа қыздыруға болмайды. Ол уақытта кварц пайда болады. Ал диатомиттен кварцты бөліп алу үшін оны  1200 градусқа дейін қыздыру керек. Егер температура неғұрлым көп болса, оның бағасы да соғұрлым қымбаттай түседі. Әзірге біз төменгі температурада аморфты кремнийді бөліп алу үшін бір әдісін ғана жасағымыз келді. Бұдан металлургиялық кремний шығады. Бұл материалды пайдаланудың спекторы өте жоғары. Бірақ, оның әрбір бағытына байланысты өзінің технологиясы болады. Диатомитті анаған да, мынаған да жарайды деп айтуға болмайды. Себебі, оның өзіне қарама-қарсы да қасиеті  пайда болуы мүмкін. Бұл материал бірде ылғалды тартқыш болса, енді бірде ылғалды тепкіш қасиетке ие. Бүгінде ғылымда наноқұрылымдық, наноөлшемдік наноматериалдар өте көп зерттеліп жатыр. Диатомит — табиғи наноматериал. Сондықтан оның құрамындағы микро мен наноны бөліп алу  үшін бізде осыншалықты технология болу керек, — дейді Қ.Шүңкеев.

Ауызсу және алты валентті хром

Инвестор тарапынан үш мәселеге қаражат бөлінуі керек. Біріншісі — әлеуметтік, екіншісі — экологиялық мәселе. Қоршаған ортаның алты валентті хроммен ластануы — Ақтөбедегі ең үлкен проблема. Ғалымның пікірінше, алты валентті хром денсаулыққа өте зиян. «Диатомит арқылы алты валентті хромды тазартудың технологиясы аяқталуда. Бұл орайда біз Беларуссияның Гроднен университеті ғалымдарымен бірлесіп жұмыс жасап жатырмыз. Егер бұл жерде диатомит фильтр ретінде жұмыс жасайтын болса, онда 6 валентті хромды ұстап қалудың мол мүмкіндігі бар», — дейді кейіпкеріміз.

Ғалымның  айтуынша, диатомиттің қолдану спектрі өте бай. Диатомит құрамының 80 пайызы — кремний.

Диатомит — бірнеше бағыты бар стратегиялық материал. Оның үстіне бір материалдан бірнеше қасиетке негізделген өнім шығарылады. Сондықтан біз бұл өнімді пайдалануда  әртүрлі технологияны жасауымыз керек. Атап айтсақ, диатомит ауыл шаруашылығында  мол өнім алу үшін және оны сақтау шараларын қамтамасыз етуде тыңайтқышқа қосатын таптырмайтын қоспа. Ал мал шаруашылығы саласында сүт өнімін арттырып әрі мал ауруының алдын алуға қолданатын өнім. Сондай-ақ, бұл қоспа адамның өмірін ұзартуға септігін тигізетін препарат ретінде де пайдаланылады.  Себебі, кремнийдің паразиттерді жоятын қасиеті бар. Өңделмеген 1 килограмм диатомит шамамен 200 теңге тұрса, ал ерекше технологиямен өңделген дәрі-дәрмек ретінде  1 килограмм диатомиттің құны 9 мың АҚШ долларына дейін бағаланады.  Қазір елімізге дәрі-дәрмектің көп бөлігі шетелден тасымалданады. Олардың негізгі принцепі — емдеу. Ал диатомитті аурудың алдын алу ретінде пайдаланудың мүмкіншілігі зор. Оның тағы бір қасиеті — суды, мұнайды және одан да басқа сұйықтарды тазартуда фильтр ретінде қолданылады. Осы тұрғыда алғанда, диатомиттің Ақтөбе қаласы үшін маңызы зор. Себебі, диатомиттік фильтрлер арқылы ауызсудағы алты валентті хромды тазартудың мүмкіндігі мол, — дейді профессор.

Мұғалжарлықтар диатомитті құрылысқа пайдаланады

Диатомит — сорғыш қасиетке де ие. Ғалым бұл минералдың осы қасиетін мұнай-газ өндірісінде пайдалануға толық негіз барын айтты.

Қуанышбек Шүңкеев бұл материалдың құрылыс саласы үшін де алатын орнына айрықша тоқталды.

Диатомитті жылу, дыбыс, су өткізбейтін, сонымен қатар жоғары температураға берік кірпіш жасауға пайдаланады. Ол табиғи наноматериал болғандықтан, таңдаулы технологиядан кейін су жұқтырмайтын қасиетке ие болады. Егер де өңделген диатомитпен асфальттың үстіңгі қабатын жабатын болсақ, онда асфальтқа су жұқпайтын қасиет пайда болады. Сайып келгенде, асфальттың төзімділігі, яғни пайдалану мерзімі артады. Бұл — өте жеңіл материал. Сондықтан диатомитті кірпіш жасауға пайдаланудың маңызы зор. Жоғары температураға шыдамды келетін мұндай кірпіштің сапасы мықты болады. Мәселен, Мұғалжар ауданының кейбір тұрғындары үйдің төбесін осы диатомитпен жапқан. Неге? Себебі олар бұл материалдың жеңіл әрі құрылысқа тиімді екенін аңғарған болуы керек. Егер жаңбыр жауса, оның гидроскопиялық қасиеті бар, яғни тамшыны өзіне сіңіріп алады. Сондықтан осы жұмсақ минералдың қасиетін білетіндер, оны құрылысқа пайдаланып отыр, — дейді Қуанышбек Шүңкейұлы.

Зерттеу нәтижесі көрсеткендей, диатомит мұнай саласында төгілген мұнай өнімдерін сорып алушы абсорбент. Бұл орайда кейіпкеріміз күнделікті өмірде пайдаланып жүрген активтелген көмірден диатомиттің мұнайды сорғыштық қасиеті 100 есеге артық екенін айтады.

Бүгінгі таңда Ақтөбе облысының территориясында мұнай өндіріп жатқан шетелдік компаниялар тарапынан ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаржы бөлініп отырған жоқ. Осы мәселеге байланысты университет басшылығы «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» компаниясының бас директоры Вань Цзюнь Жэнмен кездесіп, бұл проблеманың оңтайлы шешілу жолдарын талқылаған.

Арайлым НҰРБАЕВА.

источник