Суббота, Март 30, 2024
Басты > Жаңалықтар > Шетел тілдері факультеті студенттері ағылшын тілін үйренудің тиімді тәсілін үйрене бастады

Шетел тілдері факультеті студенттері ағылшын тілін үйренудің тиімді тәсілін үйрене бастады

Фильмдер мен телебағдарламаларды түпнұсқада қарау – ағылшын тілін үйренудің тиімді тәсілі екені баршаға мәлім.

Ағылшын тілін үйрену барысында барлық адамдар тілдік тәжірибенің жоқтығы сынды қиындықтарға тап болып, тілді игеру қол жетпес арман боп көрінеді. Әрбір адамның сөздік қоры бар болғанымен, түсінуі қиын жағдаятқа тап болуы мүмкін. Мұндай кедергіні жеңудің жолы – ағылшын тілінде фильмдер қарау. Фильмдерді түпнұсқа тілінде қарау қызықты да, танымдық үрдіс.

Шетел тілдері факультетінде бүгін кезекті «English Movie Club» ағылшын киноклубының отырысы өтті. Онда студенттер фильмдерді түпнұсқа тілінде қарап, талдады. Бұл жолы клуб мүшелері ағылшын тілінде “What Dreams May Come” атты фильмді тамашалап, өздерінің фильмнен алған әсерлері мен ойларын ортаға салды.

English Movie Club – әуесқой ағылшын тілін үйренушілер қоғамы. Клуб шетел тілдері факультетінде өз қызметін оқу жылының басынан бастады. Клуб отырыстарын ұйымдастырушы – «Аударма ісі» кафедрасының оқытушысы, магистр А.С.Тухтарова. Барлық көрермендерге алдын ала глоссарий, сюжет, фразалар мен талқылауға арналған сұрақтар жазылған арнайы буклеттер таратылады. Көрермендер фильмді қарап болған соң ағылшын тілінде фильмге талдау жасап, өздерінің фильмнен алған әсерлері туралы  айтып, өзге көрермендердің ойын біледі.

Біздің клуб ағылшын тілін жетілдіргім келеді деушілер үшін ашық. Welcome to Movie Club!