Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > «Невада-Семей» қозғалысы құрылған күніне орай ғылыми конференция ұйымдастырылды

«Невада-Семей» қозғалысы құрылған күніне орай ғылыми конференция ұйымдастырылды

Бүгін Жұбанов университетінде «Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы құрылған күніне орай «Таза табиғат пен ядролық қарусыз ғасырға!» тақырыбында аймақтық ғылыми конференция өтті.

Конференцияға университеттің профессор-оқытушылар құрамы, студенттер, облыстың ішкі саясат басқармасы қызметкерлері мен «Невада-Семей» Батыс филиалы белсенділері қатысты.

Конференция Семей ядролық полигонындағы жарылысты тоқтатқан   «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының қызметіне және еліміздің қазіргі экологиялық мәселелеріне арналды.

Конференцияның ашылуында кіріспе сөз алған Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Бұлбұл Елеусинова табиғатты қорғау мәселесі әркезде өзекті екендігін, шешімін табуға тиіс мәселелерге жергілікті билік қолдау көрсетіндігін айта келіп, конференция жұмысына сәттілік тіледі. Конференцияда ядролық қаруға қарсы халықаралық «Невада-Семей» қозғалысының Батыс Қазақстан филиалының директоры Ізімғали Көбенов, М.Оспанов атындағы мемлекеттік медициналық университеті профессоры Қозы Қибатаев, тарих ғылымдарының докторы Нұртаза Абдоллаев, эколог Роза Изимова, дәрігер-онколог Әріп Қойшыбаев, Байғанин ауданы «Невада-Семей» қозғалысының жетекшісі Нұрым Нұрлан, журналист, педагог, ардагер Бисен Жақан, А.Молдағұлова атындағы педагогикалық колледж оқытушысы Ербатыр Калышевтар баяндама жасады. Баяндамалар барысында Қазақстан территориясындағы әскери зерттеу полигондары, әлемдік антиядролық қозғалыс, Байқоңыр кешенінің экологиясының ахуалы, Ақтөбе облысы территориясындағы ақбөкендер проблемасы талқыланып, ортақ шешімдер ортаға салынды. Сондай-ақ, аталған шарада студенттер де еліміздің экологиялық мәселесіне бей-жай қарамайтындығын танытты. Жұбанов университеті «Тарих» мамандығының 1-курс студенті Мөлдір Жарқынбекова Шалқар көлінің экологиялық жай-күйі жайына тоқталса, «География» мамандығының 3-курс студенті Сағыныш Тұрсынкүл «Невада-Семей» қозғалысының көшбасшылары жайында баяндады.

Сонымен қатар, конференция кезінде антиядролық мазмұндағы плакаттар ілініп, «Экология. Денсаулық. Полигон» кітап көрмесі ұйымдастырылды.  Айта кетсек, «Невада-Семей» қозғалысы қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің бастауымен 1989 жылы 28 ақпанда құрылған еді.