Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Гүлнар Рысмағанбетова 60 жасқа толды

Гүлнар Рысмағанбетова 60 жасқа толды

Бүгін филология ғылымдарының кандидаты, «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының доценті Гүлнар Рысмағанбетованың 60 жасқа толған мерейтойына орай филология факультетінде Ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысы өтті.

Ғалымды мерейлі жасымен құттықтауға М.Оспанов атындағы Мемлекеттік медициналық университеті, қалалық ғылыми-әдістемелік орталығының білім бөлімі, №22 орта мектеп өкілдері мен университет басшылығы, профессор-оқытушылар құрамы және филология факультетінің түлектері мен студенттері басқосты.

Шараны филология факультетінің деканы Кулзат Садирова құттықтау сөзбен ашып, мерейтой иесінің өмірлік, шығармашылық жолы жайында қысқаша айтып өтті. Сондай-ақ, шара кезінде «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айжанна Жуминова ғалымның өмір жолы жайындағы баяндамасын жасады. Баяндамасында ол Гүлнар Рысмағанбетованың өмірінің әрбір кезеңіне тоқталып, кеңінен баяндады: «Біз мерейтой иесінің жетекшілігімен әлі де талай ғылыми, шығармашылық, өмірлік жобалар жүзеге асатындығына сенімдіміз. Жаңашыл, талантты ғалым, педагог Гүлнар Данағұлқызына денсаулық, шығармашылық табыс тілейміз. Сәттілік, жетістік әркез сіздің өміріңізде, жаңа бастамаларыңызға серік болсын!» — деді ол.

Инновация және кәсіпкерлікті дамыту орталығының директоры, PhD доктор Асел Шетиева мерейтой иесін құттықтап, «Гүлнар Данағұлқызы әріптестер және студенттер көзімен» деп аталатын ассоциативті эксперимент нәтижесін жиналғандар назарына ұсынды.

Жұбанов университетінде сыртқы академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша «Орыс тілі және әдебиеті» мамандығында оқып жатқан Синцзян қаржы-экономикалық университетінің 2-3 курс студенттері ғалымның мерейтойына арнап музыкалық құттықтауларын жеткізді.  Сонымен қатар қуаныш иесін әр жылдарда университетті тәмамдаған шәкірттері де құттықтады.