Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ауа райы өзгеріп бара жатыр

Ауа райы өзгеріп бара жатыр

Конференция

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде «Таза табиғатпен — ядролық қарусыз ғасырға» тақырыбында аймақтық ғылыми конференция өтті.

«Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысы құрылған күніне орай ұйымдастырылған бас қосуға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізов, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің проректоры Рахым Бекназаров,  сондай-ақ  қозғалыс жетекшілері, қоғам қайраткерлері, магистранттар мен студенттер қатысты.

Конференцияны ашқан Рахым Бекназаров жиналғандарға «Невада-Семей» халықаралық қозғалысының президенті, Қазақстанның халық жазушысы Олжас Сүлейменовтің арнайы хатын оқып берді.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова конференцияға қатысушыларға сәттілік тілеп, елімізде үшінші жыл қатарынан тойланғалы отырған мереке — Алғыс айту күнімен құттықтады.

«Невада-Семей» халықаралық ядролық қаруға қарсы қозғалысының 29 жылдығына орай ұйымдастырылған шараға арнайы келген Мэлс Елеусізов «Невада-Семей» қоғамдық қозғалысының қалай дүниеге келгендігін айтып, еліміздің экологиялық жағдайына тоқталды.

Қозғалыс 29 жылдың ішінде бірқатар шаруалар атқарды. Алда көзделген міндеттер де жоқ емес. Біздегі үлкен мәселенің бірі — ауа райы өзгеріп бара жатыр. Жан-жақтан вулкандар ашылып, жер сілкіністері жиі болуда. Осының барлығы табиғатты үлкен шығынға апарады. Табиғатты сақтау оңай емес. Оған қоғам болып, халық болып атсалысу қажет.  Қазір «Невада-Семей» осы мәселені көтеріп, шешуге тырысуда. Бұл жай ғана сөз жүзінде емес, іс жүзінде жүзеге асыратын шаруа, — деді Мэлс Елеусізов.

Конференция барысында экологиялық мәселелер айтылып, баяндамалар жасалды. Студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, тұшымды жауаптар алынды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

источник