Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері қаралды

Инклюзивті білім берудің өзекті мәселелері қаралды

Қалалық психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес базасында «Мүмкіндігі шектеулі балаларға түзете-дамытушылық көмек көрсетуді ұйымдастыру» семинар-практикумы өтті. Семинарды Үздіксіз білім беру институтының біліктілікті арттыру орталығы мен «Мектепке дейінгі және арнаулы білім» кафедрасы ұйымдастырды. Семинарға мүмкіндігі шектеулі студенттерді оқытатын университет оқытушылары, «Дефектология» мамандығы бойынша оқытушылар, болашақ дефектолог-студенттер, әдіскерлер, тәрбиешілер, психологтар қатысты.

Семинар барысында кохлеарды имплантациядан кейін балалардың сөйлеу қабілеттерінің даму ерекшеліктері және оларға коррекциялық көмек беру, мүмкіндіктері шектеулі мектепке дейінгі жастағы балалардың психоэмоциональдық дамуы мәселелері теориялық және практикалық деңгейлерде қарастырылды. Сонымен қатар ерекше білім беруге мұқтаж балалармен жүргізілетін коррекциялық жұмыс бағдарламаларын құру бойынша нұсқаулықтар берілді.

Қазіргі таңда барлық мектепке дейінгі ұйымдар мен мектептер, колледждер мен жоғарғы оқу орындары үшін инклюзивті білім беру концепциясын іске асыру барысында денсаулығының мүмкіндіктері шектеулі балаларға білім беру өзекті мәселелердің бірі болып табылады. Болашақ дефектологтар үшін семинар кәсіби құзыреттіліктерін дамытудың бірден бір мүмкіндігі болса, мүмкіндігі шектеулі студенттерге білім беретін оқытушыларға  білімін кеңейтіп, оқыту әдіс-тәсілдерін меңгеруге мүмкіндік берді. Семинар соңында қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.