Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Семинарда орыс тілі мен әдебиетін оқытудың инновациялық амалдары сөз болды

Семинарда орыс тілі мен әдебиетін оқытудың инновациялық амалдары сөз болды

Филология факультетінде «Орыс филологиясы және мәдениетаралық коммуникация» кафедрасының ұйымдастыруымен кафедра филиалдары орналасқан мектеп өкілдерінің қатысуымен «Инновациялық технологиялар негізінде орыс тілі мен әдебиетін оқытуды жетілдіру» тақырыбында семинар өткізілді. Семинардың мақсаты – жаңашыл педагогтың кәсіби құзіреттілігінің көрсеткіші ретінде орыс тілі мен әдебиетін оқытуда инновациялық технологияларды қолданудың мүмкіндіктері мен маңыздылығын талқылау.

Семинарға кафедра әдіскерлері мен оқытушылары, №16, 17, 30 орта мектептердің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері, «Орыс тілі мен әдебиеті» және «Орыс тілінде оқытпайтын мектептердегі орыс тілі мен әдебиеті» мамандығының студенттері қатысты. Семинар барысында заманауи педагогикалық технологиялар туралы теориялық білім жүйеленді, орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқыту сапасына  инновациялық технологияларды қолданудың әсері қарастырылды, қатысушылар мектепте орыс тілі мен әдебиеті пәнін оқытуды жетілдірудегі тәжірибелерімен бөлісті.

«Орта мектептің жоғары кластарында орыс тілін оқытудың белсенді әдістері» тақырыбында педагогика ғылымдарының докторы, доцент Б.Ж.Курманова, «Орыс тілі сабағында интербелсенді модульдік технологияны қолдану» тақырыбында Т.М.Артыкова баяндама жасады, сонымен қатар №23 мектеп-лицейінің жоғары категориялы мұғалімі А.А.Джанибекова «Сын тұрғысынан ойлау технологиясын әдебиет сабақтарында қолдану» тақырыбында баяндама жасады. Семинарға қатысушылар қозғалған тақырыпты қызығушылықпен белсенді түрде талқылады. Семинар соңында білім сапасын көтеретін педагогикалық технологияларды таңдап қолдану керектігі, оқушының жеке потенциалын дамыту, бәсекеге қабілеттілігін арттыру, үлкен өмірге дайындап ой еңбегі дағдыларын қалыптастыру маңыздылығы туралы шешім шығарылды.