Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > Жаңалықтар > Өзгеше болмысымен ерекше басшы

Өзгеше болмысымен ерекше басшы

Оның бойында көп қасиеттер тоғысқан. Білікті ұстаз, білгір, жаңашыл басшы, спортқа жаны құмар, ән айтқанды ұнатады. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары. «Апта таңдауының» бүгінгі кейіпкері кәсіби-шығармашылық факультетінің деканы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Сабыржан Мұхтаров Сағидоллаұлы осындай сегіз қырлы азамат. Өзгеше болмысымен ерекше Сабыржан Сағидоллаұлымен жүздесу ешкімді бей-жай қалдырмайды. Қимылы шапшаң, жүрегі нәзік жанның боямасыз сұқбатын назарларыңызға ұсынамыз. Сұқбаттасқан Жадыра АРЕН.

— Сіз қоғамда тіл жанашыры ретінде танымалсыз. Қазақ тілінің дамуына қосып жүрген үлесіңіз үшін мемлекет тарапынан талай рет марапат та алдыңыз. Сіздің ойыңызша, туған тіліміздің мәртебесі қашан өз биігіне жетеді деп ойлайсыз?

— Мен мектепте, жоғары оқу орнында Кеңес үкіметі тұсында оқып, тәрбие алдым. Қазақтың қара шаңырағы саналатын Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтында білім алып, сол институтта Алматы қаласында бірнеше жыл қызмет атқардым. Біздер сол кездегі қазақ тілінің мүшкіл халін көріп өскен ұрпақпыз. Тіпті, асханаларда, қоғамдық көліктерде де қазақ тілінде ешкім сөйлемейтін. Қазіргі Тәуелсіз Қазақстанымызда қазақ тілінің мәртебесі кеңейді, көтерілді. Салыстырмалы түрде қарасақ, Кеңес үкіметі кезіндегі қазақ тілінің қолданыс аясымен бүгінгі қазақ тілінің қолданыс аясында жер мен көктей айырмашылық бар. Менің студенттік кездерімде Алматы қаласында жалғыз ғана қазақ мектебі болды. Ал қазіргі таңда қазақ тілді мектептер саны көбейді. Қазақ тілі өрлеу, өркендеу үстінде. Әлі де өркендей беретіндігіне кәміл сенемін.

— Осы аптада сіз басқарып отырған факультетте ағайынды тарихи тұлғалардың атындағы оқу кабинеттері ашылды. Бұл маңызды іске үлкен дайындық жұмыстары жүргізілгенін білеміз. Енді осы кабинеттерді оқу процесінде кеңінен пайдалануға қандай жоспарлар құрып отырсыздар?

-Оқу жүйесі тәрбие жұмысымен бірге жүруі керек. Тәрбие болмаған жағдайда бұл өте қиын жағдайларға алып келуі мүмкін. Сондықтан білім, ғылым тәрбиемен әркез ұштасуы тиіс. Тарихи тұлғалар Қабақ Айтұлы мен Тілеу Айтұлы атындағы кабинеттердің факультетте ашылуы студенттердің тәрбиесіне көп көмегін тигізетіні сөзсіз. Бұл кісілер қазақтың жері, елі үшін қызмет еткен тарихи тұлғалар. Осы тұлғалардан өрбіген ұрпақтары да ұлттық мүдде үшін қызмет еткен. Сондықтан бұл кабинеттерде тек Қабақ Айтұлы, Тілеу Айтұлы жайында ғана емес, ұрпақтары жайлы да студенттер кеңінен мәлімет ала алады. Университетте кабинеттердің ашылуы жаңа ректор Б.Ердембеков келген кезден бастап үрдіске айналды. Бауыржан Ердембековтің бұл ұстанымын қолдаймын. Ресей мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуда көп еңбек сіңірген Дербісәлі Беркімбаевтың кабинетінің ашылуы да студенттерімізге үлгі болды. Жалпы кабинеттердің ашылуы студенттердің жақсы маман болып қалыптасуына ықпалын тигізетіндігіне сенім мол. Сондықтан бұл үрдіс әлі де жалғасын табатын болады.

-Сізге биылғы оқу жылы басында қайта ашылған кәсіби-шығармашылық факультеттің басшылығы міндеті жүктелді. Оңай емес шаруаны дөңгелетіп кеттіңіз. Факультеттің жаңа тынысы жайлы айтып өтсеңіз?

-Жаңа оқу жылының басында университет ректоры Б.А.Ердембеков шығармашылық мамандықтарды біріктіріп, факультет ашу туралы ұсынысын жеткізді. Маған сіз сол факультетті басқаруды өз міндетіңізге алыңыз деген сенім артты. Осыған дейін де бірнеше факультеттерді басқардым. Тәжірибемді, басқа да қасиеттерімді ескерген шығар деп, келісімімді бердім. Адамға сенім білдіру – үлкен құрметтің белгісі. Қазіргі таңда біздің алдымызда студенттерге сапалы білім, жақсы тәрбие беру керек деген үлкен мақсат тұр.

Менің әкем педагог болған. Ол кісінің тәрбиесі, жауапкершілігін көріп өскендіктен болашақ педагогтарды даярлайтын іске бей-жай қарай алмаймын. Қазақстанның болашағы – тікелей жастарға байланысты. Кәсіби маман, тәрбиелі жастар тәрбиелесек біздің еліміздің болашағы жарқын болмақ.

-Шығармашылық ортаға басшылықта сіз қолданатын басты ұстаным?

-Жалпы ұстанымым – әділ болу. Әділеттілік принципі ұстанылса нәтиже жақсы болады. Бұл принцип бұзылған жағдайда іс алға баспайды. Әрбір қолға алатын ісімде, әрбір қадамымда мен осы әділеттілікті басшылыққа аламын.

-Сіздің жоғары ұйымдастырушылық қабілетіңізді бұрыннан білеміз. Сондықтан болар университет шараларының бел ортасынан сізді көру таңданыс тудырмайды. Ылғи көп назарында жүру сізді кейде шаршатпайды ма?

-Шаршамаймын, қайта өзіме күш-жігер аламын. Бала кезімнен көпшіл болып өстім. Қоғамдық істерге оқушылық кездерімде де жиі қатысатынмын. Бұл қасиетім студенттік кездерімде де жалғасты. Біздің студенттік кезеңіміз 80 жылдардың ортасында өтті. Ұлттық мәселелерге көбірек араластық. Қазақ тілі мектебін ашуға ата-аналардың қолын жинаған кездеріміз есімде. Ұстаздарымнан үйренгендерім, санама түйгендерім өте көп болды.

-Қызметіңіздің ғылыми бағыты баяулап қалған жоқ па? Қазір қандай мәселелерді зерттеп жүрсіз?

-Белгілі дәрежеде ғылым саласына көп көңіл бөле алмай қалғаным рас. Елге қызмет ету туралы ұсыныс жасалғанда, бас тарту менің табиғатымда жоқ. Егер менің ғылым саласындағы, басқа да жеке ізденістерім кейінге ысырылып қалады деп бас тартатын болсам, ол менің азаматтығыма сын болар еді. Ата-бабаларым қазақтың тарихына араласқан тұлғалар. Сол кісілердің аманаты менің мойнымда деп есептеймін.

-Күн шуағын төгіп көктем де келді. Осы жыл мезгілі сізге ұнай ма?

-Табиғаттың әр мезгілінің өзіндік ерекшелігі бар. Дегенмен жылылыққа бет бұрған, шуағын шашатын көктем мезгіліне деген көңілім ала бөлек. Мүмкін шығармашылыққа жаным жақын болғасын да шығар. Көктем мезгілі әдемі мерекелермен қатар келетіндігімен де ерекше. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 22 наурыз ұлық мерекеміз де осы көктемнің үлесінде. Осы ретте әсем аруларымызды келе жатқан мерекелерімен құттықтаймын! Оларға бақыт, шаттық, қуаныш тілеймін!

-Сұқбатыңызға рахмет!