Вторник, Апрель 7, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Бабалар салған ізбенен

Бабалар салған ізбенен

Еліміздің батыс аймағында бірнеше нұсқада шырқалып, кең таралған «Тілеу-Қабақ» атты ән бар. Екпінмен айтылатын шығарма «халық әні» делінеді, енді бір зерттеулерде Мұхит Мералыұлына, Сарышолақ шайыр Боранбайұлына, тіпті Батақтың Сарысына телінеді. Бала кезімізде әдеби кітаптардан:
Басы еді Ұлықұмның Қаратамақ,
Аяғы бітуші еді Қарашолақ.
Суаттан қанып ішкен мың жылқыдай
Отырған ортасында Тілеу-Қабақ, – деген нұсқаны оқып, көңілге түйгенбіз.

Қалай болғанда да өршіл әуен Кіші жүзде Әлімнің бір тармағы Шектіден өрбіген Айттың балалары Қабақ пен Тілеуге арналған, алдыңғысының жасы үлкен, өлеңді ұйқастыру ретімен інісі бірінші аталады. Қазіргі күнде ұрпақтары Ақтөбе облысының біраз аймағында тұрып жатқан екі бабамыздың есімдері ел жадында орнықты. Қабақ Айтұлы 1611 жылы туып, 1689 жылы қазіргі Өзбекстан Республикасында Шыршық өзенінің жағасында жерленген. Мешіт ұстап, ислам дінін насихаттауда, елді ынтымақ пен бірлікке шақыруда көп шаруа тындырған. Ел аузындағы әңгімелерде бабамыздың ұрпақтары арасынан 40 батыр, 30 би шыққаны айтылады. Тілеу Айтұлы – 1630-1684 жылдар аралығында өмір сүрген белгілі би әрі жаужүрек қолбасшы. Жоңғар басқыншыларына қарсы күллі қазақ халқының тағдыры талқыға түскен Сайрам соғысында Отанымыздың батыс өңірінен он жеті мың қолды бастап барады. Жан алып, жан беріскен сұрапыл шайқаста баласы Жолдыаяқпен бірге ерлікпен қаза табады, екеуінің де мәйіті Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне жерленген, кенже ұлы Мөңке – Алашқа мәлім би.
Кеңес Одағы тұсында ағайынды Қабақ және Тілеу Айтұлдары туралы әңгіме ауыл арасынан алысқа ұзамады. Тек еліміз тәуелсіздігі жарияланған соң нақты ақиқатты ашуға мүмкіндік туды. Бұл ретте шаруаны алғаш қолға алған облысымызға, елдің бірқатар өңірлеріне танымал ағаларымыз Кемейдулла Төлеубай мен Рамазан Нұржанов болатын. Олардың қатарына Ұзақбай Қауыс, Жұманазар Асанов, Қанатбай Елеусізұлы, Сабыржан Мұхтаров, басқа да азаматтар қосылды.
Нәтижесінде бабалардың әрқайсысына жеке-жеке қор құрылып, банктен есепшоты ашылды. Елге сауын айтылып, қаржы жинақталды. Бұл «Тілеу-Қабақ» деп аталатын төрт томдық жинақты ­баспадан шығаруға мүмкіндік берді. Ақтөбе, Түркістан қалаларында ғылыми-теориялық конференциялар, ақындар айтысы өткізілді, әйгілі тұлғаларға арналған әндерге байқау жарияланып, жеңімпаздарына қошемет көрсетілді. Түркістан қаласында әкелі-балалы Тілеу мен Жолдыаяққа, қарадан шығып, хан болған Қалдыбай Қангелдіұлына (жоғарыда айтылған Қабақтың немересі) көше аты берілді. Тілеу Айтұлына Ақтөбе қаласында, баласы Жолдыаяқ екеуіне Шымкент қаласында еңселі ескерткіштер орнатылды. Облысымыздың орталығының іргесінде Заречный-3 ауданында осы заман­дық үлгімен мешіт салынып, Қабақ ата есімі берілді.
Ақпан айының соңғы сейсенбісінде Ақтөбеде Құдайберген Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университеттің бас корпусында ағайынды Қабақ және Тілеу Айтұлдарына жеке-жеке екі кабинет ашылды. Айта кету керек, екінші қабатта қатар орналасқан бұл кабинетті жасақтауға, құрал-жабдық алуға бабалар қорында жинақталған қаражат игерілді, қалталы азаматтар өз мүмкіндігінше жәрдемдесті.
Кабинеттерді ашуға арналған салтанатта университет ректоры, филология ғылымының докторы, профессор Бауыржан Ердембеков студенттерді өткен тарихымызды бағалай білуге, отансүйгіштік сезімдерге баулу жолында мұндай шараның септігі зор екендігіне тоқталды. Таяу күндерде аталған жоғары оқу орнының ғимаратында өңірдің даңқты тұлғалары Нұрпейіс Байғанинге, Досжан хазіретке, даңқты Әбілқайыр ханның серігі Бопай ханымға осындай кабинеттер ашу көзделіп отырғанын баяндады.
Ақтөбе облысының құрметті азаматы атағының иегерлері Сматолла Беркімбаев, Зәкіратдин Байдосов, қаладағы №6 емха­наның бас дәрігері Жексенби Көптілеуов уни­верситет басшылығына ризашылық сезімдерін білдірді.
Лентаны Зәкіратдин Байдосов пен белгілі ғалым Аманкелді Айталы қиды. Жиналған жұртшылық кабинеттердегі жәдігерлерді тамашалап, айтарлықтай мәліметтер алды. Ән шырқалды.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ
Ақтөбе

источник