Воскресенье, Декабрь 16, 2018
Басты > БАҚ біз туралы > Елбасы мақаласы — рухани жаңғыру тетігі

Елбасы мақаласы — рухани жаңғыру тетігі

Дүйсенбі күні облыстық соттың мәжіліс залында Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын талқылауға арналған «Рухани жаңғыру — жарқын болашақтың негізі» атты дөңгелек үстел өтті.

Жиынға облыстық басқарма басшылары, мәдениет саласының өкілдері, жоғары оқу орындарының оқытушы-профессорлары, сондай-ақ облыстық соттың судьялары қатысты.
Басқосуда облыстық соттың төрағасы Мұратғали Әкетай бағдарламалық мақаладан туындайтын міндеттер төңірегінде ой қозғады.

•Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында ұлттық сананы жаңартып, рухани жаңғырудың қажеттілігін атап өтті. Қазақстанның дамыған елдердің қатарына қосылуы үшін рухани жаңғыру басты бағыттардың бірі болып табылады. Елбасы өз мақаласында еліміздегі таяу жылдардағы міндеттерді бекітіп берді.

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Қайрат Мәмидің төрағалығымен өткен «Рухани жаңғыру — Мәңгілік ел болудың кепілі» атты мәдени іс-шараның хаттамалық шешімін сапалы орындау мақсатында біз бүгінгі кездесу барысында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюды ұсынамыз. Мұндағы мақсат — алдағы уақытта бірлесіп жұмыс жасай отырып, өзара қарым-қатынасты күшейту, ақпарат алмасу, сот жанындағы музейдің қорын кеңейту, жергілікті архивтер мен музейлермен тығыз жұмыс жасау, — деді Мұратғали Әкетай.

Өз сөзінде облыстық сот төрағасы Елбасының қазақтың билер сотын ұлттық құндылықтар ретінде танып, халық арасында кеңінен насихаттау туралы бастамасына орай биыл облыстық соттың ұсынысымен облыс әкімдігі жанындағы облыстық ономастикалық комиссиясының құрамына қоғамдық жұмысқа белсенді араласып жүрген облыстық соттың судьясы Ботакөз Өмірбаева енгізілгенін жеткізді. Сондай-ақ ол өткен аптада Ақтөбе қаласындағы көшелердің біріне мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР-і Жоғары Сотының бұрынғы төрағасы Әбидолла Биекеновтің есімі берілгенін атап өтті.

Жиында облыстық соттың судьясы Гүлжан Әжіғалиева баяндама жасап, Елбасы мақаласында айтылған міндеттер мен мәселелердің елге, халыққа берері көп екенін жеткізді.
Басқосуда облыстық сот пен Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Ақтөбе филиалы облыстық ішкі саясат басқармасы, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы, сондай-ақ Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Дөңгелек үстел басында ҚР еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, өлкетанушы Рысжан Ілиясова, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бұлбұл Елеусінова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков, белгілі ғалым, профессор Алтай Тайжановтар сөз алып, Елбасы мақаласында айтылған өзекті мәселелер төңірегіндегі өз ой-пікірлерін жеткізді.

Д.ҚАЗИХАН
Ақтөбе газеті

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.