Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Білімді ару — Ақмарал Төлегенова

Білімді ару — Ақмарал Төлегенова

Астананың 20 жылдығы және 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күніне орай Ақтөбе қаласы әкімдігінің қолдауымен «Көктем ханшайымы — 2018» атты қалалық арулар байқауы өтті. Аталған байқауға Жұбанов университетінің филология факультеті «Қазақ филологиясы» мамандығының 1-курс студенті Ақмарал Төлегенова қатысып, «Білімді ару» номинациясын жеңіп алды.

Байқау екі кезеңнен тұрды. Бірінші іріктеу кезеңінде портфолио, өнер, дефиле бойынша арулар өнерлерін сынады. 15 арудың 12-сі екінші ақтық кезеңге жолдама алды. Екінші кезеңде арулар таныстыру, сұрақ-жауап, өнер, қысқы тон дефилесі, кешкі көйлек дефилесі бойынша  жарысты.

Ақмарал Төлегенова мектепте оқып жүрген кезден-ақ, қалалық арулар сайысына, пәндік олимпиадаларға, ән байқауларына қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрген өнерлі жас.

Айта кету керек, Ақмаралға Динара Мирасбек студиясына, Plus fitness орталығына сертификаттар, ақшалай сыйлық және әнші Қайрат Нұртастың концертінде өнер көрсетуге жолдама берілді.