Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Келешек — білімді жастардың қолында

Келешек — білімді жастардың қолында

— Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысында Елбасы жария еткен бес әлеуметтік бастаманың ішіндегі үшінші бастама жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсартуға бағытталған. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқының төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделуі мен жетістікке жетуі жолында алға қойылған міндеттерді айқындаған биылғы Жолдауында да жаңғыру негізі — адами капитал екенін атап өткен еді. Цифрландыру, автоматтандыру, жаңа технологияларды енгізу — бәрі де болашақ мамандар күшімен жүзеге асырылады. Осы орайда жоғары оқу орындарының шетелдік университеттермен, ғылыми орталықтармен және ірі кәсіпорындармен бірлескен жобаларды қолға алуы керектігі де Жолдауда баса айтылған. Біздің университетте осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Жуырда ғана Белоруссияның Гродно мемлекеттік университетінен физика-техникалық факультетінің деканы бастаған делегация келіп кетті. Дуальды оқытуды дамыту жобасына жергілікті компаниялар қатыстырылып отыр. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында зор сұранысқа ие болатын мамандарды даярлау мақсатында мемлекеттік гранттар санын арттыру, әрине, құптарлық бастама. 2018-2019 оқу жылында жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қоса, тағы 20 мың грант бөлінбек. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярлауға бөлінетін болады. Мысалы, біздің өңірде инженер-металлургтер бұрын балқыту цехтарына ғана қажет болса, енді рельс шығаратын, басқа да саладағы жаңа кәсіпорындардың пайда болуына байланысты, осы мамандықтың өз ішінде-ақ мамандарды бірнеше бағытта даярлау қажеттілігі туындап отыр.

Сонымен қатар, Елбасы студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету мәселесін шешу мақсатында 2022 жылдың соңына дейін 75 мың орындақ жатақханалар салуды  тапсырды. Бұл мәселе біздің оқу орнында да өзекті болып келген еді. Дегенмен, өткен жылдың соңында смартхоум үлгісіндегі тоғыз қабатты жаңа жатақхана пайдалануға берілді. Енді Гришин көшесінде тағы бір жатақхана жөндеуден өткізіліп жатыр. Осы жөндеу жұмыстары жуырда аяқталмақ, сөйтіп, бір жыл ішінде екі жатақхананы пайдалануға беру арқылы, студенттерді жатақханамен толықтай қамтуға қол жеткізгелі отырмыз.

Қуанышбек Шүңкеев

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің бірінші проректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор

источник