Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін Жұбанов университетінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты концерт өтті

Бүгін Жұбанов университетінде 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты концерт өтті

 

Мерекелік шараны университет ректоры, профессор, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы ашып, ол: «Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді әлдейлейді дейді. Қазақта бірінші – анаңды, тағы да анаңды, сонан соң әкеңді сыйла деген сөз бар. Бұл ананың құдыреті еселей түсу үшін айтылған сөз.  Төл  тарихымызды  парақтасақ арысы түркі, берісі қазаққа аты  мәшһүр болған аналарымыз аз емес.  Есімдері аңызбен  астасқан Ұмай, Домалақ  аналарымыздан бастау алған қасиетті есімдер, Абайды әлдилеген Зере, ел үшін атқа қонған Әлия мен Мәншүк, Хиуаз Доспановалар елдің мақтанышы.    

80 жылдық тарихты  артқа тастаған Құдайберген Жұбанов атындағы қара шаңырақта мыңдаған арулар білім алды. Бүгінде мыңнан аса оқытушылар мен қызметкерлердің 75%-ы нәзік жандар. 11 мыңға жуық студенттеріміздің  65%-ы қыздар. Саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиелеуге арнап келе жатқан  ару қыздарымыздың ішінде университет проректоры, департамент директоры, орталық басшылары мен декандар мен кафедра меңгерушілері, профессорлар  мен доценттер қара шаңырақтың бір бөлігіне айналғандай. Ғимараттарымыздың  көркі мен тазалығын сақтап, бел жазбай  қызмет жасап жүрген әріптестерімізге мың алғыс айтамыз!», — дей келе, университеттің барлық ер азаматтары атынан әйелдер қауымын шын жүректен құттықтады.

Содан соң «Университетті дамытудағы еңбегі үшін» медалімен бірқатар ардагер-ұстаздарды марапаттау рәсімі өтті.

Салтанатты шара әрі қарай Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткер Марат Айтимовтің орындауындағы   итальян тіліндегі «’O sole mio» («О моё солнце») әнімен жалғасты.

Кешті тамашалуға келген барша аналар мен аруларға ерекше құрмет көрсетіліп, университеттің ер азаматтары гүл шоқтарын таратты. Сонымен қатар, университеттің логотипі бейнеленген корпоративтік презент-шоколад  көпшілікке әдемі көңіл-күй сыйлады.

 

Мерекелік кеш университеттің ерлер хоры орындауындағы ретро әндерден құралған попуримен жалғасты.