Среда, Ноябрь 21, 2018
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университетінде Астанаға арналған конференция өтуде

Жұбанов университетінде Астанаға арналған конференция өтуде

Бүгін Жұбанов университетінде Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар:рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы аясында және Астана қаласының 20 жылдығына орай «Астана қаласы – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің символы ретінде» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Конференцияның мақсаты Қазақстанның дамуын, мемлекет іргесінің беріктігін, татулық пен бейбітшілікті насихаттауға арналды.

Конференцияға арнайылап Уфа қаласынан РҒА Уфа федералды зерттеу орталығы тарих, тіл және әдебиет институтының бөлім меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты Марсиль Фархшатов, Алматы қаласынан Абай атындағы ҚазҰПУ, тарих және құқық институтының директоры, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Жумагулов келді. Сондай-ақ, конференцияға Ақтөбе облысының тарихшы-ғалымдары қатысты.

Тарихшылар бас қосқан жиынды университеттің ғылым және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров сөз сөйлеп ашты. «Астана күннен күнге көркейіп келеді. Аймақтық қалаларда Астанаға қарап бой түзеу керек. Ақтөбе болашақта ең ірі төрт қаланың бірі болады деп жоспарлануда. Сондықтан болашақта біз ірі миллиондық қаланың деңгейіне жетуіміз қажет. Егер қаламыз осындай дәрежеге жетсе, университетіміз алдында да үлкен міндеттер жүктеледі. Студент саны 20-25 мың болатын жетекші жоғары оқу орнына айналамыз», — деді Рахым Ағыбайұлы. Ол келген қонақтарды жиналғандарға таныстыра отырып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Конференцияның пленарлық мәжілісін тарих ғылымдарының кандидаты, профессор Болат Жумагулов «Рухани жаңғыру және азаттық рухына айналған қала» тақырыбындағы баяндамасымен ашты. Сонымен қатар конференция барысында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы «Астана – ұлттық идеялардың жүзеге асуы», шетелдік ғалым Марсиль Фархшатов «1917 жылдағы Ахмет Заки Валиди жобалары: Башкирия астанасы — Темясово», философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов «Астана және ұлттың рухани жаңғыруы», тарих ғылымдарының докторы, профессор Нұртаза Абдуллаев «Ақмола қаласының тарихы (ХІХ ғасырдың екінші жартысы)», тарих ғылымдарының докторы Талғат Жумаганбетов «Сарыарқа және Астана» тақырыбындағы баяндамаларын жасады. Тарихшылар баяндамасында қалалар тарихын зерттеудің теориялық-әдіснамалық аспектілері, қалалар тарихы және қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық, этнодемографиялық үрдістер, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев және жаңа Астана құрылысы идеясының жүзеге асырылуы, «Ақылды қалалар»- өңірлік және инновациялық даму мәселелері төңірегінде пікірлерін ортаға салды.

Конференция кезінде Алматыдан келген тарихшы-ғалым Болат Жумагуловтан пікірін сұрағанымызда:

«Астана – болашақтың қаласы. Әрине, еліміздің, республикамыздың қол жеткен табыстары, тәуелсіздігіміз бен азаттығымыз Астана қаласымен тығыз байланысты. Себебі Астана Тәуелсіздіктен кейін өзінің бастауын алған қала. Астана – жастар қаласы. Сондықтан Астананың болашағы зор», — деген ізгі лебізін жеткізді.

Конференция жұмысы пленарлық мәжілістен соң секцияларда жалғасуда.

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован.