Суббота, Апрель 20, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Ел мүддесін көздеген батыл қадам

Ел мүддесін көздеген батыл қадам

Ақтөбе облысының Мәртөк ауданында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының аудандық ұйымына Қымбат Сүйінғалиева жетекшілік еткелі біршама жылдар болды. Байырғы ұстаз жүктелген сенімді жауапкершілікпен атқарып, тұрғындар құрметіне бөленген. Оның аудан әкімдігімен, аудандық мәслихатпен ұдайы байланыс жасауы нәтижесінде мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, тәрбиелік тағылымы зор ұлттық салт-дәстүрлерімізді өрістетуге бағытталған игілікті шаралар жүзеге асырылып келеді.

 

Таяуда аудан орталығында «Дос­тық үйі» ғимаратында «Латын әліп­биіне көшу – жарқын болашаққа жаңа қадам» тақырыбында кеңес өткізіліп, оған мемлекеттік қызмет­керлер, білім беру және мәдениет мекемелерінің өкілдері, еңбек арда­герлері қатысты.
Кеңесте облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлайым Төлебаева баяндамасын латын әліпбиіне көшу тарихынан бастап, бұл жүйеге бізден бұрын көшкен елдердің тәжірибесін сарапқа салды, әлемде латын әліпбиінің таралуы жайынан қызықты мағлұматтар келтірді. Облыс аумағында атқары­лып жатқан шараларды сөз етті. Атап айтқанда, ақпараттық түсіндіру жөніндегі жұмыс тобының үш отырысы, тұрғындар арасында 13 ақпараттық-әдістемелік семинар өткізілген. Белгілі саясаткерлер Дос Көшім мен Расул Жұмалының қатысуымен ұйымдастырылған шаралар 1200 адамды қамтыды. Еңбек ұжымдарында кездесулерде лингвист ғалымдар, журналис­тер, мүдделі ұйымдардың өкілдері қатысушылардың сауалдарына жан-жақты жауап берді. Нәтижесінде ­латын әліпбиіне көшуді қолдаушылар, оның ішінде жастар көптігі анық­тал­ды. Жұртшы­лықты «Латын жазуына көшу Қазақ­стандағы орыс­тілді халықтың құқықтарын кемсітушілік болып табылмай ма?», «Кириллицадағы қазақ мәдение­ті­нің мұрасы сақтала ма?» деген сауалдар мазалайды екен. Әрине, Елбасымыздың мемлекеттік тіл саясатын жүргізудегі парасатты ұстанымы, іс-шараларды кезең-кезеңмен жүргізу бағыты мұндай түсініктерге тоқтау салатыны айтылды.
Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің до­центі, филология ғылымының кандидаты Нұрбол Сәдуақас Елбасы­ның биылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен бекітілген әліпбидің жаңа нұсқасының артық­шылығын сөз етті. Апостроф орнына алынған ноқат жазуға, қа­был­дауға оңтайлы. Әліпбиде бұрынғысынша 32 әріп алынған. Оның ішінде кірме сөздердегі 6 дыбыс және бір әріппен екі дыбыс­ты таңбалап тұрған екі әріп, сонда барлығы 34 дыбыс таңбаланды. Жаңа әліпбидің қазақ тілінің табиғатына сай жасалғандығының бір дәлелі – кирилл жазуындағы 42 әріптен 8-і қысқартылған. «Енді осы арқылы жазу емлесі де жүйелі жасалып, қазіргі жазуымызда қиындық келтіріп жүрген мәселелер оң шешімін табады» деді ғалым.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық ұйымының төрайымы Қымбат Сүйінғалиева кейбір қандастарымыз тарапынан айтылған балаларын орыстілді мектептерге беру пікірінің дұрыс еместігін нақты тұжырыммен атап көрсетті. «Бұл мемлекетіміздің, ұлтымыздың келешегі үшін аса қажет қадам» деді ол. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қыдырбай ­Шудабаев қысқа мерзімде Астана сияқты көркем қаланы салып үлгерген халқымыз үшін латын әліпбиіне көшу қиын еместігін атап көрсетті.
Кеңеске аудан әкімінің аппарат жетекшісі Талғат Көлкебаев қатысып, сөз сөйледі. Айта кету керек, шараның мазмұнды өтуіне аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұжымы үлкен үлес қосты.

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ

источник