Пятница, Март 29, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Нұрпейіс Байғанин атындағы дәрісхана ашылды

Нұрпейіс Байғанин атындағы дәрісхана ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік  университетінде ХХ ғасырдағы қазақ халық поэзиясының аса көрнекті өкілі, жыр алыбы Нұрпейіс Байғанин атындағы дәрісхана ашылды.
Мақсаты – жас ұрпаққа Нұрпейіс Байғаниннің әдеби мұрасын насихаттау, жастардың бойына патриоттық тәрбие-тағлымын сіңіру, Отаншылдық қасиетті, елге, тілге деген сүйіспеншілік сезімдерін ояту, адамгершілік ізгілік пен зиялы қасиеттерге, туған халқына қызмет етуге тәрбиелеу.
Аталмыш шараға зиялы қауым өкілдері, Н.Байғаниннің ұрпақтары, ақтөбелік ақын-жазушылар, университет басшылығы мен профессор-оқытушылары, студенттер мен магистранттар қатысты.
Жиналған көпшілік алдымен ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің алтын көпірі іспетті, екі ғасырдың төл перзенті Нұрпейіс Байғанин жырларына құрылған мюзиклді тамашалады. Одан соң 1939 жылдан бастап халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің жеке хатшылығына тағайындалып, ақынның бүкіл мұраларын қағазға түсіріп,  оның кітаптарының шығуына да көп еңбек сіңірген Ахмет Ескендіровтің немересі, тілші ғалым Салтанат Қуатқызы Искендирова сөз сөйлеп, естелігін айтты.Сондай-ақ, шарада жыр сайысы ұйымдастырылып, оның  жеңімпаздарына сыйлықтар табысталды.
Содан соң Нұрпейіс Байғанин атындағы дәрісхананың  лентасын ақынның ұлы, белгілі домбырашы Момын Байғанин мен  ұстаз-ардагер Ниетжан Берікұлы қиды. Жаңа дәрісханаға жиналғандар Нұрпейіс Байғаниннің тарихта таспаланған жырын бірге  тыңдады.
Дәрісхананың ашылу салтанатында сөз сөйлеген университет ректоры, филология ғылымдарының докторы, профессор Ердембеков Бауыржан Аманкелдіұлы: «Белгілі ақын, қазақтың маңдайына біткен Нұрпейіс Байғанин атындағы дәрісхананы ашып отырмыз. Бұл жай ғана дәрісхана болғанмен, болашақта дәрісхананың жұмыстары кеңейе бермек. Өйткені, университеттің іргетасы ең алғаш институт болып,  1935 жылы қаланған. Сондықтан университетіміздің 85 жылға жуық тарихы бар.
Оқу орнымыз 1945 жылы Нұрпейіс Байғаниннің есімімен аталыпты.  Содан кейін университет жұмысын тоқтатып, қайтадан  1966 жылы университет ретінде ашылды. Университеттің Ғылыми кеңесінің шешімімен  Нұрпейіс Байғаниннің атын Гришин көшесіндегі ғимаратқа беруді жоспарлап отырмыз»,–  деді. Ректор ақынның ұлы Момын Байғаниннің иығына  шапан жауып, құрмет көрсетті. Өз кезегінде Момын Нұрпейісұлы  жиналған көпшілікке ризашылығын білдіріп, әкесі туралы естелік сөздерін айтып, сөз соңында көпшілікке аталық батасын берді.  Әрі қарай Момын Байғанин әкесінің репертуарынан  «Қарасай Қази», «Шалқыма» күйлерін орындады.
Салтанатты шара барысында ұстаз-ардагер Ниетжан Берікұлы мен философия ғылымдарының докторы Амангелді Айталы  дәрісханада жүргізілетін алдағы жұмыстарға сәттілік тілеп, студент-жастар үшін бұл шараның тәрбиелік маңыздылығының зор екенін айтты.  Сондай-ақ, ашылу рәсімінде сөз алған мәдениет қайраткері Еркін Құрманбеков Нұрпейіс Байғанин мұраларының өңірімізде зерттелуі туралы әңгімеледі.Жыр жампозының «Нарқыз» дастаны негізінде факультеттің  магистранттары мен студенттері шара қонақтарының алдында  «Нарқыз» спектаклінен қойылым көрсетті. Сонымен қатар, дәрісхананың ашылуында облыстық Халық шығармашылығы үйінің жыршы-термешісі, Республикалық жыршылар сайысының жүлдегері Өмірхан Жетесов «Нарқыз» жырынан үзінді шырқаса, А.Жұбанов атындағы музыка колледжінің оқытушысы Әділет Күзенбаев ақынның  «Еңбек туралы жырын»   орындады. Салтанатты шара  филология факультетінің 2-курс студенті Ислам Бақтыбайдың орындауындағы Жарасхан Төлебайдың «Өлмейтіндер» әнімен аяқталды.

 

Сандуғаш Дүйсенбаева,
Ақтөбе қаласы

источник