Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > Жаңалықтар > Университет ұжымы қобда ауданы күндеріне қатысты

Университет ұжымы қобда ауданы күндеріне қатысты

Облыс әкімі Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың бастамасымен «Туған жерім — нұрлы елім!» атты акция  шеңберінде Ақтөбе қаласында Қобда ауданының күндері басталды. Батырлар мекені аталатын Қобда жері — құт дарыған, берекесі тасыған, тарихы терең шежірелі өлке. Аудан күндері аясында кешеден бері облыс орталығында бірқатар мәдени-көпшілік шаралар ұйымдастырылды.  

Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған «Туған жерім — нұрлы елім!» акциясынан Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы бастаған ұжым да шет қалмады.

«Әлия – ерліктің мәңгі алауы» Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова даңғылы мерекесінің бағдарламасы бойынша «Салауатты ұрпақ – ел болашағы»  тақырыбында бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Ә.Молдағұлова даңғылында орналасқан мекеме ретінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы да бұл шараларға өз үлестерін қосты.

Бұдан кейін салт-дәстүрімізді құрметтеп, оның ішінде ұмытыла бастаған жөн-жоралғыларды көпшілікке насихаттау мақсатында бірқатар шаралар да ұйымдастырылды. Ә.Молдағұлова даңғылында орналасқан мекемелердің қызметкерлері мен көше тұрғындарының қатысуымен велошеру және  «ЦУМ» сауда кешені алаңында «Спорт – достық көпірі» атты ұлттық спорттық ойындардан қазақша күрес, гір көтеру, қол күрес, арқан тарту жарыстары өтті. Ұлттық ойындарға бірақатар мекемелер ұжымы, қала жастары, университеттің Кәсіби-шығармашылық факультетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері де белсене қатысты. Арқан тарту ойыны барысында университеттің құрама командасы жүлделі ІІ орынға ие болып,  алғыс хат пен кубокты иеленді.

Шара барысында алдымен Облыс әкімі бастаған топ Ақтөбе қаласындағы Қобда ауданы күндері аясында ұйымдастырылған «Құт-береке дарыған Қобда» атты ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін тамашалады. Облыс басшысы ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасымен танысып, кәсіпкерлермен тілдесті.

Содан соң облыс әкімі Бердібек Машбекұлы мен бірақатар мекеме басшылары, зиялы қауым өкілдері «Батырлар аллеясында» Ұлы Отан соғысындағы Кеңес Одағының Батырлары ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойды.

Жиын барысында алғысөз алған «Қос шынар — ӘлияМәншүк» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес Қобда ауданының  күндері облыс көлемінде бір аптаға жуық тойланып жатқанын айтты. Сондай-ақ, Әлияның ерлік жолдары жайлы сөз қозғап, жылы лебізін білдірді. Әсіресе, жастарды батыр қыздың қайсарлығынан үлгі алуға шақырды.

Сондай-ақ, «Жүректен — жүрекке» мейірімділік  акциясы ұйымдастырылып, Қобда ауданының әкімі М.З.Шермағанбет су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға, көшенің құрметті азаматтарына,  мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған отбасыларға, Батыр аналарға құрмет көрсету мақсатында сыйлықтарды тапсырды.

«Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында қобдалықтар Ақтөбедегі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың мемораилды ескерткішінің жанында «Өшпес ерлікке мәңгі тағзым» тақырыбында патриоттық шараны тамашалады.  Аталмыш шараға батырдың туыстары мен оның ерлігін зерттеушілер, ақын-жазушылар және қала тұрғындары қатысты. Шара барысында Ақтөбелік өнерпаздар да өз өнерлерімен көпшілікті тәнті етті.

P.S. Аудан күндеріне арналған мәдени-көпшілік іс-шаралар бүгін кешкілік Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев атындағы орталық демалыс саябағында «Киелі Қобда елі» атты театрландырылған композициялар, мәдени-бұқаралық шаралармен жалғасатын болды.