Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Қазақ, орыс  және тәжік тілдерінде ортақ лингвомәдени сөздік жасалатын болды

Қазақ, орыс  және тәжік тілдерінде ортақ лингвомәдени сөздік жасалатын болды

Жұбанов университетінің «Орыс филологиясы және мәдениетаралық қарым-қатынас» кафедрасы «ЖОО-да орыс тілін оқытудың әдістемесі мен дидактикасының проблемалары» тақырыбындағы халықаралық ғылыми онлайн-конференцияға қатысты. Аталмыш конференцияға Ресей мемлекеттік кәсіби-педагогикалық университеті (Ресей, Екатеринбург қ.), Ресей-Тәжік (славян) университеттері де қатысты. Конференция жұмысы келесі бағыттар бойынша жүзеге асты: орыс тілі пәні бойынша мектептер мен жоғары оқу орындарына арналған оқу-әдістемелік құралдарды әзірлеу мәселесі; шет тілін үйренушілерге арналған сөздіктерді әзірлеу бағдары; шет тілдерін оқыту тәжірибесіндегі жаңашыл тәсілдер.

Конференция жұмысын қазақстандық тараптан университеттің ғылыми жұмыстар және инновациялар жөніндегі проректоры Рахым Бекназаров ашып, орыс тілі мен оны оқыту әдістемесі әлі күнге дейін посткеңестік кеңістікте үлкен маңызға ие болғандықтан осындай форумды өткізудің мәні зор екендігін атап өтті.

Орыс филологиясы және мәдениетаралық қарым-қатынас кафедрасының  аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі Әбдіғази Сандуғаш Хасенқызы ана тілінен өзге тілдерді меңгерушілерге арналған сөздіктер дайындау ерекшеліктері туралы баяндама жасады. Баяндама Қазақстанның үш тілдік жүйеге көшу бағдарламасына, біздің студенттер мен оқушылардың шет тілдерін меңгеру деңгейіне, мамандық бойынша сөздік жасап шығару мәселесіне қызығушылық танытқан ғалымдар арасында қызу дискуссияның туындауына әсер етті.

Онлайн-конференция жұмысының соңында орыс, қазақ және тәжік тілдерінде ортақ лингвомәдени сөздік жасап шығару туралы резолюция қабылданды.