Пятница, Апрель 19, 2024
Басты > Халықаралық байланыс > Шығармашылық  мамандықтар бойынша дарынды түлектерге арналған пәндік Олимпиада өтті

Шығармашылық  мамандықтар бойынша дарынды түлектерге арналған пәндік Олимпиада өтті

Ақтөбе облысының 11 сынып оқушылары арасында шығармашылық мамандықтар бойынша пәндік олимпиада бүгін Жұбанов университетінде өтті.  Бұл шараны дарынды жастарды қолдау және олардың жоғарғы білімге қол жеткізулерін қамтамасыз ету мақсатында кәсіби-шығармашылық факультеті ұйымдастырды. Олимпиадада «Кәсіптік оқыту», «Музыкалық білім» және «Хореография» пәндерінің үздіктері анықталды. Білім мен шығармашылық сайысына республикаға танымал еңбек қайраткерлер және университет оқытушылары қазылық етті. Олардың ішінде Г.Ж.Мамбетова, М.О.Айтимов, Н.Е.Мукашева және тағы басқалар бар.

Олимпиадаға Шалқар, Әйтеке би,  Хромтау, Қарғалы, Алға, Мұғалжар аудандарынан және қала мектептерінен барлығы 28 оқушы келді. Факультет деканы С.С.Мұхтаров жарыстың ашылу салтанатында сайыс ережелерімен таныстыра келе, жеңімпаздарға ұсынылып отырған жеңілдіктерге тоқталды.

Бадамша өнер мектебінің оқушысы Валерия Тример олимпиада ұйымдастырушыларына алғысын айта келе, біздің университетіміздің студенті атану арманы екенін жеткізді. Айта кететін жайт, Валерия өзге ұлт өкілі бола тұра қазақ тобында оқуға ынталы, өйткені ол қазақ тілін жетік меңгерген.

Жарыс соңында жеңімпаздарға дипломдар мен сертификаттар табыс етілді.