Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен кездесу өтті

Бүгін абайтанушы ғалым Мекемтас Мырзахметұлымен кездесу өтті

«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығында қазақ әдебиеті кафедрасының ұйымдастыруымен абайтанушы, бауыржантанушы, яссауитанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік және халықаралық «Түрік еліне қызмет» сыйлығының, Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты, «Құрмет», «Парасат» ордендерінің иегері Мекемтас Мырзахметұлымен кездесу болып өтті.

Кездесуге филология факультетінің студенттері мен оқытушылары қатысты. Кездесу өте мазмұнды өтті. Қазақ филологиясы мамандығының І курс студенті Тұрсынұлы Шынарбек ғалымға арнаған арнауын айтты. Ғалым еңбектерінің көрмесі және М.Мекемтасұлының тікелей басшылығымен құрастырылған «Абайтану әліппесі» атты электронды оқулықтың таныстырылымы ұйымдастырылды.

Жартығасырлық ғұмырын Қазақ елi, түркi дүниесi, жалпы адамзат баласының ақыл-ойы мен дiлiн һәм кiсiлiк келбетiн ұлы Абай iлiмi негiзiнде дамыту жолындағы қызметке арнаған ғалым жастарға абайтану ғылымындағы мәселелер төңірегінде кеңінен әңгімеледі. Жазушы-ғалым ұлт бойындағы адамгершілік, мейірбандық, жомарттық сияқты ізгі қасиеттерді әспеттейтін хакімнің «Толық адам» ілімі жайында да айтты: «Бұл дүниеде ең жаманы – бейқамдық. Біздің өмір сүріп отырған аумалы-төкпелі уақытымыз жайбасарлықты көтермейді. Сол себепті қазақ жастары тәуелсіздіктің құнын жете түсініп, оның ғұмыры ұзақ болуы үшін ұлтқа қалтқысыз қызмет етіп, аянбай еңбек етуі керек. Қолымызда тұрған алтынның қадірін біліп, бабалар аманатына қиянат жасамау басты парызымыз. Абайдың философиялық лирикасы мен ой толғамдары бізге алға жол сілтер шамшырақ іспетті болуы тиіс, ұлттық код сонау ҮІІ ғасырдаағы Алыр ер Тоңаның ақи ілімінен бастау алып, Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, А.Яссауи ілімдерімен жалғасып, Абайдың «Толық адам» ілімі мен Шәкәрімнің «Ар ғылымына»  ұласып, үзілмеген бабалар дәстүрінде», — деді ол.

«Абайтану» ғылыми-зерттеу орталығындағы пікірлер альбомына ғалым өз қолтаңбасын қалдырды. Онда ғалым жастарға арнаған ең көкейкесті тілегін: «…Енді Абайды жады дүние тұрғысынан танытып насихаттауға, Абайды танып, тереңдете түсінуге жастар, ат салыса береді деп сенемін!» — деп білдірді.

Жиын соңында факультет студенттері Мекемтас Мырзахметұлына  көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, сұқбаттасып, естелікке суретке түсіп, қолтаңба алды.