Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Батырлар елі

Батырлар елі

Батырлар мекені саналатын Қобда — құт дарыған, берекесі тасыған, тарихы терең шежірелі өлке. «Туған жерім — нұрлы елім» акциясы аясында өткен «Құт қонған Қобдадан — құтты мекен Ақтөбеге» атты тақырыппен    облыс орталығында Қобда ауданының  күндері өтті.

Апта бойы өткен аудан күндерінің    қорытынды  шараларына  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қатысты. Енді рет-ретімен баяндайық.

 ӘДІЛХАННЫҢ АЛҒЫСЫ

Қарттарын ардақтай білген елдің рухы қашанда үстем.  Өсетін елдің өскелең ұрпағы дария теңіз қариясын құрметтеп, кейуанасын сыйлауды әрқашан игі  дәстүрге айналдырған әрі осы қасиетті өскелең ұрпаққа  ұлағат етіп келеді. Ақтөбе қаласындағы аудан күндеріне арналған шараны қобдалықтар қарттар мен мүгедектерге арналған интернат үйіне барудан бастады. «Ардагерлерді ардақтайық!» тақырыбында ұйымдастырылған мерекелік шараға бүгінде интернат үйін тұрақты мекеніне айналдырған 240 адамның бәрі бірдей қатыспаса да, дені қобдалық өнерпаздар ұсынған концерттік бағдарламаға куә болды. Олар аудан өнерпаздарының өнеріне барынша қол соғып, арасында көңілді әуенге еліткендері Қобда ауданы әкімі Мейрамбек Шермағанбетовті биге тұрғызып, осылайша көңілдерін көтерді.

Облыстық қарттар мен мүгедектер интернат үйі мамандарының айтуынша, мұндағы тұрғындардың 100-ден астамы — мүгедектер. Бүгінде қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға ай сайын түсетін зейнетақы, жәрдемақыларының 30 пайызы ғана қолдарына беріледі, ал қалған бөлігі әрбір тұрғынның өз есепшотына аударылады.

— Жалпы елдің бірлігін, тірлігін, ынтымақтығын тілеп, қай ортада жүрсек те бізге тілектес болып жүресіздер. Осы шын ниет, көңілдеріңізге рақмет. Қарттарды қадірлеу, қастерлеу — қанымызға сіңген жақсы қасиет. Ақтөбе қаласындағы Қобда ауданы күндері аясындағы шараларымызды сіздерге сәлем беріп, құрмет көрсетіп, ақ баталарыңызды алудан бастадық. Сіздердің мәртебелеріңіз биік, ғұмырларыңыз ұзақ болсын, — деген тілекпен Мейрамбек Шермағанбетов Қобда ауданы атынан облыстық қарттар мен мүгедектер үйіне желдеткіш тарту етті.

Әділхан Ізниязов — Қобда ауданының тұрғыны. Интернатты паналап келгеніне бес жылдан асыпты. Әділханның бірінші топ мүгедегі атануына жол-көлік оқиғасы себеп болған. «Анам, артынша інім қайтты. Үйдегі інім күнкөрістің қамымен көбінесе сыртта жүреді. Отбасын құрған жоқпын. Үйде жағдайым болмағасын, саналы түрде осы интернаттан пана іздеп келдім. Туыстарым бар, оларды сағынған кезде Сарыбұлаққа барып тұрамын. Мұнда жағдайым жақсы, мамандардың қызметіне ризамын. Жерлестерім келіп, көңілімізді көтеріп жатыр. Сол үшін алғыс айтамын», — дейді Әділхан.

ТҰЛҒАЛАР ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛДЫ

Ақтөбе қаласында Қобда ауданынан шыққан, елге танымал тарихи тұлғалардың есімі берілген бірнеше көше бар. Соның бірі — Социалистік Еңбек Ері, Ұлы Отан соғысына қатысушы, белгілі қоғам қайраткері Алтынбек Әкімжанов есімімен аталатын көше. Бұған дейін Саздинская аталған қаланың ескі бөлігіндегі көше 2005 жылдан бері жаңа атауға ие болған. Ақтөбедегі Қобда ауданы күндері аясында «Халқымның қарапайым бір ұлымын» атты мерекелік шара осы Әкімжанов көшесінде ұйымдастырылды. Шараға марқұмның туыстары мен көше тұрғындары, жерлестері қатысты. Басқосуда Алтынбек Әкімжанов туралы естеліктер айтылып, жыр шумақтары оқылды, көпшілік талантты өнерпаздардың өнеріне куә болды.

Шарада Алтынбек Әкімжановтың ұлы Абай Әкімжановты кезіктірдік.

— Ақтөбе қаласындағы Қобда ауданы күндері аясында әкемнің есімін ескеріп, оның атына берілген көше бойында мерекелік шара ұйымдастырып жатқан қобдалықтарға ерекше алғысымды білдіремін. Көше бойында мұндай шараны өткізудің маңызы зор. Ең бастысы — жастарымыз көшеге есімі берілген тұлғалардың кім екенін, олар жайында мол мағлұмат алатын болады. Шараға әкемнің туыстары, балалары, немерелері түгел жиналдық. Әкеміздің еңбегі, соғыстағы ерлігі туралы естеліктерді естіп, көңіліміз марқайып тұр. Әкемнің атына берілген көше соңғы кезде үлкейтіліп, қаладағы негізгі көшелердің біріне айналды. Бұл көше жаңадан салынған үлкен көпірмен жалғасын тапты, — дейді Абай Алтынбекұлы.

Әзірге Әкімжанов көшесінде оның есімін ұлықтауға арналған ешқандай мемориалдық тақта немесе белгі орнатылмаған. Көше бойына белгі орнату үшін туыстары 2010 жылы әкімдікке ұсыныс хат жолдағанмен, ешқандай нәтиже жоқ. Абай Әкімжанов жергілікті биліктің көше бойына белгі орнату үшін ыңғайлы орынның жоқтығынан бұл істі кідіртіп тұрған болуы мүмкін деген жорамал айтады.

Бұдан кейін қобдалықтар «Жауға атылдым он тоғызда оқ болып…» тақырыбындағы шараны Кеңес Одағының Батыры Абдолла Жанзақов атына берілген көшеде ұйымдастырды.

А.Жанзақов 1918 жылы Қобда өңірінде туған. 1943 жылы желтоқсанда Невель қаласының түбінде болған ұрыста автоматшы Абдолла бірінші болып дұшпан траншеясына басып кіреді де, қолындағы қаруымен дәлдеп атып, үш гитлершіні жайратады. Полоцк қаласынан батысқа баратын теміржол бойында автоматшы Жанзақов кейін шегініп бара жатқан жаудың көбісінің көзін жойып, сол ұрыста батырдың өзі оққа ұшады. А.Жанзақовқа 1944 жылдың 22 шілдесінде Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі. Қобдалықтар 21 шілде күні өткізген шарада батырдың осындай ерліктерін көше тұрғындарына, жастарға кеңінен насихаттады.

«За счастье Родины» тақырыбындағы осы тектес шара Ақтөбедегі Михаил Прохоров көшесінде де ұйымдастырылды.

БАЙҚАУ МЕРЗІМІ ҰЗАРТЫЛДЫ

Аудан күндеріне арналған шара Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өз жалғасын тапты. Бұған дейін Қобда ауданының гимні үшін байқау жарияланған болатын.  «Ұлы Қобда — батырлар мекені» тақырыбында өткізілген шара барысында үміткерлердің туындылары тыңдалып, гимнге лайық ән таңдап алынуы тиіс еді.  Алайда мәдениет саласының майталманы Қайырғали Қожанбаев бастаған қазылар алқасы байқауға қатысқан 7 үміткердің арасынан Қобда өңірінің гимні үшін лайықты туындыны таппағанын тілге тиек етті. Қазылар алқасының шешімімен, байқау мерзімі осы жылдың қыркүйек айына дейін ұзартылды. Ол үшін байқау шартына өзгеріс енгізілетін болды. Яғни, әуелі гимн мәтініне конкурс жарияланады. Содан кейін ғана сазгерлер бір мәтінге ән жазбақ.

Бұл күні қобдалықтар Ақтөбе қаласындағы әскери бөлімде де болды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің және Мемлекеттік рәміздердің 25 жылдығына орай «25 жыл — ел Тәуелсіздігін қорғауда!» тақырыбында сарбаздармен кездесу сағатын ұйымдастырды. Кездесу барысында патриоттық әндер шырқалып, ерлік тақырыбында көріністер көрсетілді.

Аудан күндері үшін ұйымдастырылған шаралардың алғашқы күні Ақтөбедегі №2 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ауласында мемлекеттік қызметкерлер арасында футбол, волейболдан өткен жолдастық кездесуді тамашалаумен аяқталды.

САПАЛЫ ӘРІ АРЗАН ӨНІМ

Қобдалықтар «Табыс» коммуналдық базарында қала тұрғындарына сапалы әрі арзан ауыл шаруашылығы өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге өңірдегі 367 шаруа қожалығының 25-і қатысты.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сауда сөрелерін аралап көрді.

— Коммуналдық базарға жұртшылық таңертең ертемен жиналды.

Сағат таңғы 9.00 болмай әкелген етіміз азайып қалды. Жалпы 6 тонна өнім әкелдік. Жылқының еті, жал-жаясы, қазы-қартасы, бәрі бір баға: 1500 теңгеден сатып жатырмыз. Сиыр етінің бағасы — 1150 теңге. Қымызды да мол әкелдік, — дейді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жанаргүл Бибетова.

Мұндағы ет, сүт, көкөніс өнімдерінің бағасы облыс орталығындағы сауда орындарындағы бағамен салыстырғанда 10-15 пайызға төмен. Мысалы,  қырыққабат — 150 теңге, картоп 110-135 теңгеден сатылды.

Жәрмеңкеге «Тамбай» шаруа қожалығы қымыз әкеліпті. Шаруашылықта  150 бас жылқы бар.

— 50 бие сауамыз. Тәулігіне әр биеден 3 литрден сүт, жалпы күн сайын 150 литр сүт алынады.

Өніміміз сұранысқа ие. Әсіресе, саумалды алушылар көп. Аудан тұрғындарымен бірге Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданының тұрғындарынан тапсырыс көп түседі.   

Қазір «Дина», «Анвар» супермаркеттерінің басшыларымен келісім жасап жатырмыз. Жақын күндері біз әзірлеген қымыз аталған дүкендердің сөрелеріне қойылатын болады.

Шаруашылықта қой да бар. Жылына 500 саулықтан 600 қозы аламыз, — дейді «Тамбай» шаруа қожалығының өндірістік менеджері Қазыбек Топақов.

Біздің облыста аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен суармалы егін алқаптарын арттыру мақсатындағы кешенді жұмыстар қолға алынды. Бұл бағыттағы жұмыстарды аудандардың арасында бірінші болып осы Қобда ауданы жүзеге асырып жатыр. Қазір Қобда өңірінде суармалы егіс жақсы дамыған Оңтүстік Қазақстан мен Өзбекстанның тәжірибесі енгізілуде. Аталған өңірлерден арнайы келген тәжірибелі мамандар қобдалық шаруаларға көкөністен мол өнім алудың әдіс-тәсілдерін үйретуде. Соладың бірі — Өзбекстаннан арнайы келген Тимур Тагиев.

— Біздің шаруашылық Қызылжар селолық округінде орналасқан. Осымен екінші жыл қатарынан бұршақ өсіріп жатырмыз. Бастапқы жылы 6 гектар аумаққа еккен едік. Биыл егін алқабының көлемін 20 гектарға дейін жеткіздік. Былтыр Қызылжарда ғана өсіргенбіз. Биыл Ақырап пен Жарық ауылдарында да бұршақ өсіріп жатырмыз, — дейді Тимур Тагиев.

КӨШЕЛЕР МЕРЕКЕСІ: ЕРЛІККЕ ТАҒЗЫМ. ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ АКЦИЯСЫ. ВЕЛОШЕРУ

— Апта басталғалы Қобда ауданының күндері аясында аудандағы мемлекеттік мекемелер мен облыстық басқармалар арасында тәжірибе алмасу жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ, көшелер мерекесі, қайырымдылық акциялар, түрлі көрмелер, театрландырылған қойылымдар, цирк бағдарламасы  секілді көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр.

Біздің ауданның әлеуметтік-экономикалық  дамуы жоғары көрсеткіштерге ие. Аудан экономикасына 1 миллиард 255 миллион теңге инвестиция тартылды. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда  64,9 пайызға артық, — дейді аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет.

Молдағұлова даңғылының бойында бір мезгілде бірнеше іс-шара ұйымдастырылды. Бұл шараларға аталған даңғылдың бойында орналасқан мекемелердің қызметкерлері мен көше тұрғындары да белсене қатысты. Солардың бірі — Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ұжымы. Университет ректоры Бауыржан Ердембеков бастаған бір топ оқытушы көше мерекесінің жоғары деңгейде өтуіне өз үлестерін қосты.

Қобдалықтар мұнда да жәрмеңке өткізді. Жәрмеңкеде бау-бақша, сүт өнімдері сатылды.

«ЦУМ» сауда орталығының алаңында «Спорт — достық көпірі» атты спорттық жарыстар өткізілді.  Мұнда спорттың 4 түрінен —  қазақша күрес, гір көтеру, қол күресі, арқан тартудан сайыс ұйымдастырылды.

Сондай-ақ, велошеру де өтті. Оған 55 адам қатысты. Велошеруге қатысушыларға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев старт берді.

—  Шерудің қозғалыс сызбасы: Молдағұлова даңғылы — Рысқұлов — Сәтбаев көшелері — Молдағұлова дағылы. Жалпы  қашықтықтығы — 3 шақырым, — дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Абдолла Ақылбеков.

Шеруге қатысушылардың бірі —  «Қазкоммерцбанк» акционерлік қоғамының Ақтөбе қаласындағы бөлімшесінің қызметкері Ақтоты Жұбандық.

— Біздің банктен онға жуық адам шеруге қатысып жатыр.

Денсаулықты нығайта түсуде велосипед тепкеннің пайдасы зор. Сол себепті, велошеруге қуана-қуана қатысудамын, — дейді  ол.

Бұдан кейін жиналған жұртшылық батырлар аллеясымен жүріп өтті. Әр батырдың ескерткішінің жанында бір-бір сарбаз тұр. Жиналғандар ескерткіштерге бір-бір талдан гүл қойды.

Одан соң шараға қатысушылар Әлия Молдағұлованың мемориалдық ескерткішінің жанына жиналды. Мұнда «Өшпес ерлікке тағзым» атты митинг ұйымдастырылып, облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бастаған топ  батыр қыздың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Жиында «Қос Шынар» қоғамдық қорының төрағасы Ғалымжан Байдербес сөз алып, қаһарман қыздың ерлігі туралы мазмұнды әңгіме айтты.

Шара барысында «Жүректен жүрекке» мейірімділік  акциясы ұйымдастырылды. Жиында Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет Батыр аналарға, көшенің құрметті азаматтарына,  су тасқынынан зардап шеккен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, аз қамтылған отбасыларға  бағалы сыйлықтар тапсырды.

Шарада су тасқынынан зардап шеккен Салтанат Сұлтанова сөз алды.

— Отбасымызда үш бала бар. Үлкен ұлымның мүмкіндігі шектеулі. Осыдан 7 жыл бұрын саяжай сатып алып, үй салған едік. Дегенмен, су тасқынының салдарынан үйімізден айырылдық. Жағдайымызды  айтып, билік өкілдеріне өтініш жаздық. Нәтижесінде, Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбет қобдалықтардың атынан екі бөлмелі пәтер тарту етті. Осындай ізгі іске ұйытқы болғаны үшін облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа алғыс айтамын, — деді С.Сұлтанова.

Шара соңында «Әлия — ерліктің дастаны» атты би композициясы көрсетілді.

САЯБАҚТАҒЫ ШАРАЛАР

Ақтөбе қаласындағы Қобда ауданының күндеріне арналған шара Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта қорытындыланды. Мұнда да бір уақытта бірнеше шаралар ұйымдастырылды. «Көкөніс кереметтері» атты көрме, бауырсақтар фестивалі, «Жаңғырған қымызмұрындық дәстүрі» атты қымыз түрлерінің көрмесі, «Кім күшті, кім мерген?» спорттық ойындардан (қазақша күрес, арқан тарту, асық ату, тир, фитнес клуб ойындары) жарыстар өтті.

Қобдалықтар ақтөбеліктер мен қала қонақтарына арнап «Киелі Қобда елі» атты театрландырылған композиция ұсынды. Сондай-ақ, қобдалық эстрада жұлдыздары мен көркемөнерпаздарының гала-концерті өтті. Концертте белгілі әнші, сазгер Арман Дүйсенов те өнер көрсетті.

Қобдалық жастар аудан күндеріне арналған шараларға белсене қатысты. Олар «Ерлікке тағзым — ұрпаққа парыз» атты флешмоб биледі. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесіне  сыйлық ретінде дайындалған оқушылардың ғылыми жұмыстарының көрмесі өтті. Жұртшылыққа қобдалық 20 оқушы өздерінің еңбегін таныстырды. Шара барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев бір топ оқушыға «ЭКСПО-2017» көрмесінің билеттерін табыс етті.

Шара барысында ұйымдастырылған «Қобда — рухани жаңғыру жолында» атты көрмелер композициясы да көпшілік көңілінен шықты. Әсіресе, «Туған өлке — тұнған шежіре» атты ашық  аспан астындағы мұражайды тамашалаушылар көп болды.

— 2011-2016 жылдары «Халық қазынасы» ғылыми-зерттеу институты Қобда өңірінде археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізген болатын. Қазба жұмыстарына тарих ғылымдарының кандидаты Ақан Оңғарұлы жетекшілік етті. Соның нәтижесінде Төртобадан беліне қанжар тағынып, садағын асынған сармат сарбазының қабірі табылды.

Жалпы 5 жылға созылған жұмыс барысында әр тарихи кезеңге тиесілі 7 жерлеу орны табылып, зерттелді. 184 қола жебе, күміс ілгектер, ағаш табаққа салынған жылқының қабырғалары және басқа көптеген заттар табылды, — дейді аудандық тарихи-өлкетану мұражайының әдіскері Гүлбаршын Ерғалиева.

Мұражайдағы жәдігерлердің арасында қыпшақ жауынгерінің кіреуке сауыты да бар.

— Мұны балапанның көзіне ұқсас болғандықтан «шөжекөз сауыт» деп те атайды. Бұл — өте құнды жәдігер. Салмағы — 12 килограмм. Мұндай жәдігер елімізде біздің Ақтөбеде және Шығыс Қазақстан облысында да бар, —мұражайының қызметкері.

Мұражайда Қобда өңірінен шыққан Кеңес Одағының батырларының жәдігерлері де қойылған.

Шара барысында «Достығымыз жарасқан!» атты  ауданда тұратын  ұлттар мен ұлыстар  өкілдерінің  салт-дәстүрлерінің және «Ата-баба дәстүрі — асыл қазына» атты қобдалық шеберлердің қолөнер бұйымдарының көрмелері де ұйымдастырылды. Сондай-ақ, көршілес Ресейдің Соль-Илецк ауданынан да бір топ мейман келіп, орыс халқы мәдениетін, салт-дәстүрін таныстырды.

Жиналған жұртшылыққа көтеріңкі көңіл күй сыйлаған шаралардың бірі — цирк бағдарламасы. Әсіресе, 4 жасар Бибісараның өнеріне жұрт тәнті болды. Ол 10 метр биіктіктегі канаттың үстінде емін-еркін жүрді.

Ақтөбеліктер Қобда ауданының күндеріне арналған шаралардан көңілді тарады.

Арайлым НҰРБАЕВА,

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ

Ақтөбе газеті