Пятница, Март 29, 2024
Басты > Жаңалықтар > ҚР Мәжіліс депутаттары Жұбанов университетінде

ҚР Мәжіліс депутаттары Жұбанов университетінде

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін түсіндіру мақсатында Ақтөбе облысына ҚР Мәжіліс депутаттары келді. Жұмыс тобының ресми сапарының бесінші күні Жұбанов университетінде жалғасты. Кездесудің ресми бөлігіне көшпес бұрын университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков қонақтарды университеттің жұмыс барысымен таныстырды. Халық таңдаулыларына университетте шағын экскурсия жұмыстары ұйымдастырылып, олар  Жұбанов университетінің мұражайын, арнайы жабдықталған кабинеттерді аралап қарады.

Құдайберген Жұбанов конференц-залында қадірлі қонақтар университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттерімен кездесті.

Жұмыс тобының құрамында Мәжіліс депутаттары — экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Мейрам Пішембаев, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кеңес Абсатиров, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Евгений Козлов, экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінің мүшесі Шавхат Өтемісов, әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Иван Клименко бар.

Университет ректоры Бауыржан Ердембеков алдымен делегация мүшелерін таныстырып өтіп, университет жұмысына кеңінен тоқталып өтті.

Одан кейін ҚР парламент мәжіліс депутаты М.К.Пішембаев сөз алды: «Бүгін біздің Ақтөбе облысына сапарымыздың бесінші күні. Біздің мақсатымыз сіздерге – айқын. «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» кеңінен насихаттау, түсіндіру. Сондай-ақ, сіздермен жүздесудің сәті түскеніне қуаныштымыз. Президент бастамасының жоғары білім саласына, жастарға да тікелей қатысы бар. Студенттердің жатақханамен толық қамтамасыз етілуі, қолжетімді білім, шағыннесие жастарды қолдауға бағытталған бастама екендігін сіздер жақсы білесіздер. Бұл бастамаларды жүзеге асыру сіздердің қолдарыңызда. Бағдарламада әлі де толықтыра түсетін тұстары болуы мүмкін немесе сіздерде көңілаударарлық ұсыныстарыңыз бар шығар. Сондықтан бүгінгі кездесуіміздің форматы сұрақ-жауап түрінде өтеді. Біз сіздердің барлық сұрақтарыңызға жауап беріп, ұсыныстарыңызды Үкімет басшылығына жеткізуге дайынбыз, —    деді М.К.Пішембаев.

Келесі сөзді депутат Шавхат Өтемісов алып, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын, кәсіби кадрларды даярлаудағы жоғары оқу орындарының рөлі жайында айтты.

ҚР Президентінің бастамасын талқылау барысында ректор сөзді ҚР парламентінің экс-депутаты, философия ғылымдарының докторы, профессор А.А.Айталыға берді. А.А.Айталы өз парламенттік әріптестеріне алғыс айта отырып, елдің жұмыспен қамтамасыз етілу мәселесін қозғады.

Жоғары оқу орындары оқытушыларының жалақысын көтеру, аймақтық ғылыми орталықтарды қаржыландыру, гранттың бөліну мәселелері төңірегінде ректор кеңесшісі К.В.Цхай ұсынысын жеткізді. Ғылым және инновациялар жөніндегі проректор Р.А.Бекназаров Ақтөбе облысының ғылыми-зерттеу жұмыстарын және аймақтың экологиялық мәселелерін университеттің ғылыми орталықтарында қарастыру мәселесін көтерді.  Филология факультетінің 2-курс студенті А.Абуов депутаттарға өндіріс орындарында инженерлік мамандықтарының практикалық сабақтарын көбейту жайындағы ұсыныс айтты. Сондай-ақ, университет ұжымы депутаттарға басқа да көптеген маңызды сұрақтар қойды.

«Жұбанов университеті отандық ғылымның дамуына, сондай-ақ, жоғары қолжетімді білімнің жүзеге асуына барлық мүмкіндіктерді жасап келеді. Осы орайда, біздің университеттің жатақханаға мұқтаж барлық студенттері жатақханамен 100 пайыз толық қамтамасыз етілгендігін, студенттерге арналған жеңілдіктер, үздік оқитын жастарға арнайы стипендиялар тағайындалғандығын атап өтсек болады. Белсенді студенттер де назардан тыс қалған емес. Университет басшылығы атынан бірлесе атқарылған жұмыстар үшін сіздерге алғысымызды білдіреміз. Сіздерді алдағы уақытта да барлық міндеттер мен мақсаттардың орындалуы барысында университетімізде күтеміз», — деді кездесу соңында университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлы.