Четверг, Апрель 25, 2024
Басты > БАҚ біз туралы > Депутаттар студенттермен пікірлесті

Депутаттар студенттермен пікірлесті

Биыл жоғары оқу орындарына қосымша 20 мың мемлекеттік грант бөлінеді. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға тиесілі. Парламент Мәжілісінің депутаттары бүгін ақтөбелік студенттермен кездесіп, елбасы көтерген бес әлеуметтік бастаманың жастарға қатысты тұстарын түсіндірді. Түске дейін Мәжіліс депутаттары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті студенттерімен кездесті. Жастарға «Бес әлеуметтік бастамада» айтылған «7-20-25» бағдарламасы туралы айтып берді. Бағдарлама бойынша тұрғындар бастапқы жарнасы 20 пайыз, ал мөлшерлемесі 7 пайыздан аспайтын несие ала алады. Ай сайынғы төлемді азайту үшін оның мерзімі 10-15 емес, 25 жылға дейін есептелген. Әлеуметтік бастаманың жастарды қызықтыратын тағы бір тұсы — қосымша гранттар мен студенттік жатақхананың жайы. Қазір елдегі жоғары оқу орындарында 530 мыңнан астам жас оқып жатыр. Олардың 30 пайызы мемлекет бөлген грантпен білім алады. Президент жыл сайын бөлінетін 54 мың грантқа қосымша алдағы оқу жылында тағы 20 мың грант бөлуді ұсынды. Оның 11 мыңы техникалық мамандықтарға бөлінеді. Мәжіліс депутаты, экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің мүшесі Мейрам Пшембаев нанотехнология, ақпараттық технология, робот техникасы саласы, инженер мамандарды оқыту бойынша гранттар көп болатынын еске салды. Халық қалаулылары түстен кейін Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университеті студенттерімен диалог құрды. Мұнда да тегін білім алу, жастарды жатақханамен қамту жайы сөз болды. Президент студенттік жатақхананы мемлекет пен жеке меншік серіктестік қағидасымен салуды ұсынып отыр. Медицина университетінің өкілі Мәжіліс депутаты Иван Клименкоға сауалын жолдады. Ол Ақтөбедегі дәрігерлік оқу орнында педиатрия бөлімін ашуды сұрады. Бұған депутат педиатрияның сөзсіз қажет екенін, бұл мәселені көптен бері көтеріп жүргенін, тағы да көтеретінін айтты.

источник