Воскресенье, Апрель 5, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > 500 Орындық жатақхана пайдалануға беріледі

500 Орындық жатақхана пайдалануға беріледі

Ақтөбенің жоғары оқу орындарында білім алатын үш мыңдай жас жатақханаға мұқтаж. Биыл Жұбанов университеті 500 орынға шақталған студенттер үйін пайдалануға береді. Бүгін облысқа жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары оқу ордасының жұмысымен танысып, профессорлық-оқытушылық құраммен кездесті.

Құдайберген Жұбанов атындағы университетте 11 мыңға жуық студент 9 мамандық бойынша білім алады. Оның 630-ы «Серпін» жобасы бойынша оқып жүр. Жаңа оқу жылында бірінші курсқа 5 мың талапкерді қабылдау жоспарланған. Негізінен университеттің мың адамға шақталған екі жатақханасы бар. Былтыр тәуелсіздік күні смарт «Жастар үйі» ашылды. Бұл өңірдегі заман талабына сай салынған алғашқы ғимарат. 9 қабатты зәулім үйді тұрғызуға университет өз бюджетінен 1 млрд теңге қаржы жұмсаған. Ал, жуырда 500 орындық жатақхана пайдалануға берілмек.

Депутаттар оқу ордасының бірінші қабатында орналасқан «Темірқазық» орталығының жұмысымен де танысты. Мұнда электронды форматта қызмет көрсетіледі. Қазіргі уақытта арнайы «Цифрлы университет» жобасы әзірленіп жатыр. Осы орталық жобаның бір тармағы дейді ректор. Жалпы, жыл басынан бері университетте 106 кабинет ашылды. Оның ішінде белгілі тұлғалар атындағы дәрісханалар, оқу-әдістемелік және әлеуметтендіру орталықтары бар.

Жаңа оқу жылында елімізде қосымша 20 мың грант бөлінеді. Бұл Елбасы ұсынған бес бастаманың бірі. Университеттің профессорлық-оқытушылық құрамымен кездескен халық қалаулылары жастарға ерекше көңіл бөлініп, қолдау көрсетілетінін айтты.

Айтып өтейік, бүгінде облыста 49 мың студент бар. Оның 22 мыңы жоғары оқу орындарында оқиды. Оның 55 пайызы жатақханамен қамтылған.

Жұлдыз Алмасқызы

Тегтер: Ақтөбе жаңалықтары, Ақтөбедегі оқиғалар, Ақтөбе қаласының соңғы жаңалықтары, жатақхана ашылды

источник