Среда, Апрель 24, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жеткербай Қайдасов: «Айналамыздың бәрі толып тұрған — геометрия»

Жеткербай Қайдасов: «Айналамыздың бәрі толып тұрған — геометрия»

Бұл жолғы «Апта таңдауы» айдарымызда физика-математика ғылымдарының кандидаты, ҚР Білім беру ісінің үздігі Жеткербай Қайдасовпен сұқбаттасудың сәті түсті.

Жеткербай Қайдасов маңызы ерекше ғылым геометрия саласын зерттеп, елімізде осы ғылым саласының дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген ғалым. Осы саладағы 90-нан астам ғылыми, ғылыми-әдістемелік, және оқу-әдістемелік еңбектері «Вестник МГУ», «Математические заметки»,  «Фундаментальная и прикладная математика», «Поиск», «Қазақстан мектебі», «Математика және физика» журналдарында жарияланған. Ең алғаш елімізде геометрия саласы бойынша Thomson Reuters базасындағы журналға ғалымның мақаласы енгізілген.

Қарапайымдылықпен еңбекқорлық бойына тоғысқан, ғылымның шын жанашыры Жеткербай Қайдасовпен болған ашық-жарқын сұқбатты назарларыңызға ұсынамыз. Сұқбаттасқан Жадыра АРЕН.

Жеткербай Қойлыбайұлы, әңгімемізді Сіздің өміржолыңыз жайында өрбітсек…

Байғанин ауданына қарасты Қораши деген ауылда дүниеге келгенмін. Ноғайты деген жердегі Сағыз орта мектебін бітірдім. Сол жылы Алматыға Абай атындағы ҚазПИ-ге «Математика» мамандығы бойынша оқуға түстім. Біз жоғары оқу орнын бітіретін жылдары үш жаңа жаңа облыс Жезқазған, Торғай, Маңғыстау облыстары құрылды. Жас маман ретінде мені Торғай облысына жіберді. Еңбек жолымды сол облыста математика мұғалімі қызметінен бастадым. 1975 жылы жаңадан ашылған Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына жұмысқа орналасып, сол оқу орнында аға оқытушы, доцент, факультет деканы болып қызмет еттім.

Қызмет жолымда ғылыммен айналысуды өзіме мақсат етіп қойдым. Елімізде сол жылдары геометрия саласын зерттеп жүрген ғалымдар саусақпен санарлық қана болатын. Сондықтан 1980 жылы С.М.Киров атындағы ҚазМУ-дің  «Геометрия және топология» мамандығы бойынша аспирантурасына қабылданып, диссертациямды дайындау үшін Мәскеу мемлекеттік университетіне жіберілдім. 1987 жылы «О регулярном изометрическом погружении в Е3 некоторых некомпактных частей плоскости Лобачевского» тақырыбында «Геометрия и топология» мамандығы бойынша В.И.Ленин атындағы ММПИ –дің арнайы кеңесінде кандидаттық диссертациямды қорғадым. 2000 жылы «елге оралайық» деген мақсатпен Ақтөбе қаласына келіп, Жұбанов университетіне жұмысқа орналастым. 2000-2004 жылдары қызмет атқарып, «Алгебра және дифференциальдық теңдеулер кафедрасында» доцент, профессор академиялық атағы берілді. 2004 жылдан кейін жұбайымның жұмыс барысымен еліміздің басқа қалаларына қоныс аудардық та, 2011 жылдан бастап елге оралып, қазір осы Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде жұбайым педагогика ғылымдарының докторы, профессор Әспет Кеңесбекқызы екеуміз шәкірт тәрбиелеу ісіне өз үлесімізді қосып келеміз.

Сіз еліміздегі геометрия саласының дамуына өзіндік үлесіңізді қосып келе жатқан ғалымсыз. Осы салаға қызығушылығыңыз қашан басталды?

Мен геометрияға бала кезімнен қызығамын. Ол кезде фигураларды қолмен қарындашпен салатынбыз. Саз балшықтан формаларды жасайтын едік. Мектепте оқып жүрген кезімде 1968 жылы «Математика және математиктер жайлы әңгімелер» деген Мыңбай Ысқақовтың кітабы қолыма түсті. Автор кітапты әңгіме сияқты өте қызықты етіп жазған. Сол кезден бастап математикаға деген қызығушылығым одан сайын арта түсті. Кейіннен студенттік кездерімде сол кісіден дәріс алдым, менің ұстазым болды. Бұл мен үшін үлкен бақыт болатын.

Геометрия саласын зерттеу барысында оқулықтар жаза бастадым. 2005 жылдан бастап жазған оқулықтарым ҚР Білім және ғылым министрлігінің бекітуімен жалпы білім беретін мектептердің оқу жүйесіне енді. Сол жылдары 10-11 сынып оқушылары оқи бастады. Кейін 2007 жылдан бастап 7-8-9 сыныптардың оқулықтары жазылып, оқытылды. Мен сол негізгі оқулықтардың авторлар құрамының жетекшісі болдым. Оқулық автордың ойдан жазатын шығармасы емес, осыған дейін жазылған дүниелерді іріктеу, ең керек деген ақпараттарды сауатты түрде бір-бірімен ұштастыра білу керек. Жұмыстан тыс уақытта электрондық оқулық жасаумен де айналысқан кездерім болды. «Геометрия.7-8» деген қазақ тілінде электрондық оқулық жасадым. Бұл оқулықтың ішінде үйретуші және бағалайтын тесттер болды. Ондағы мақсат белгілі бір себептермен сабаққа қатыса алмайтын жағдайда оқушылар электрондық оқулықты пайдаланып, өз бетінше дайындала алатындай мүмкіндік туғызу болатын.

Геометрияны компьютерлік графикамен ұштастырғаныңызды білеміз…

Қазір теріс иірімді беттердің жаңа түрлерін іздестірумен айналысып жүрмін. Ол үшін компьютерлік графиканы қолдану керек. Егер сізге қарапайым тілмен түсіндіретін болсам, аттың ер-тұрманы отырғанда өте жәйлі ғой, теріс иірімді деген сол. Біз сол теріс иірімнің жаңа түрлерін теорема түрінде емес, іс жүзінде іздестірудеміз. Компьютерлік графиканың ерекшелігі де осы. Жаңалық тек теорема түрінде қалмауы керек, оны компьютерлік графикамен ұштастыру қажет. Қазіргі заман талабы сондай. Барлық салада да қазір мүмкіндіктер өте көп, Тек соны заманауи, жаңашыл талаптарға сай орындауға дағдылануымыз қажет. Студенттерге интернеттен графикалық суреттерді тапқызып, оларды қолмен салғызам. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Алмағамбетовтың 75 жылдығына орай студенттердің көрмесыйын ұйымдастырған едік. Сол көрмеде студенттердің қолымен салынған геометриялық, графикалық кескіндемелердің суреттері қойылды. Ондағы мақсат – студенттерді мамандығын сүюге, кеңістік фигураларды сала білуге, компьютерді жетік пайдалануға тәрбиелеу болатын.

Геометрия саласы бойынша елімізде ең алғаш Thomson Reuters базасындағы журналға сіздің мақалаңыз енген екен. Ол журналдарға екінің бірінің мақаласы жарық көре бермейтіні баршамызға мәлім. Осы мақала жайында толығырақ тоқталып өтсеңіз?

Жоғарыда Мәскеуде аспирантурада оқығаным, сол жақта қандидаттық диссертациямды қорғағаным жайында айтып өттім. Мәскеуде оқыған кездерімде Ресей математиктері Н.В.Ефимов, Э.Г.Позняк, Е.В.Шикиннің мектебінен үлкен сабақ алып, ғылым саласына терең бойлай түскен едім. Сол кезде үш өлшемді Евклид кеңістігінде Лобачевский жазықтығының шексіз бөліктерін кеңістікке регулярлы-изометриялы енгізу мәселелері тақырыбында мақала жаздым. Аталған еңбекте дифференциалдық геометрияда айтылып жүрген беттерден өзгеше тағы бір беттің бар болатынын дәлелдедім. Ол жаңалығым 1986-1987 жылдары Ресейдің «Вестник МГУ», «Математические заметки» ғылыми журналдарында жарияланып, магистранттарға оқытылатын арнайы курс бағдарламасына енді. Ағылшын тіліне аударылып, Thomson Reuters базасындағы журналдарға жарияланды.

Білім саласында да бірнеше жыл тынбай еңбек етіп келесіз. Математика — күрделі ғылым. Шәкірттеріңізді ғылымға қалай баулып келесіз? Олардың ішінде ғылымға бет бұрғандары көп пе?

Ия, математика – өте күрделі ғылым. Соған қарамастан сабақ беретін студенттерім, магистранттар арасынан қызығушылық танытатындары басым. Суреттерді бейнелеп салу кезінде студенттерімнен ізденісті, еңбекті байқаймын. Студенттердің дипломдық, магистранттардың диссертациялық жұмыстарына үзбей жетекшілік жасап келемін. Менің жетекшілігіммен 6 магистр қорғады. Қазіргі кезде 3 магистрантқа жетекшілік жасап жүрмін. Жалпы геометрия саласы елімізде әлі де болса зерттеуді қажет ететін, дамытатын ғылым саласы. Көбінесе геометрияның математиканың тасасында қалып қойып жататыны жасырын емес. Оның негізі мектептен қалану керек. Айналамыздың бәрі толып тұрған -геометрия. Соңғы жылдары Елбасымыз инженерлік мамандықтарға көп көңіл бөлуде. Жақында ғана халыққа жолдаған  «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» үндеуінде де инженерлік мамандықтарға гранттың көп көңіл бөлінуі тиіс екендігін атап өтті. Инженерлік мамандықтарды дайындау үшін геометрия саласын дамыту керек екендігі айтпаса да айқын.

Отбасыңыз жайында тоқталсаңыз. Балаларыңыздың арасында сіздің жолыңызды жалғастырғандары бар ма?

Жұбайым Әспет Кеңесбекқызы педагогика ғылымдарының докторы, профессор. Ол кісі математиканы оқыту әдістемесінен диссертация қорғаған. Екеуміз Алматыда бірге оқыдық. Отбасында 1 ұл, 1 қыз тәрбиелеп өсірдік Ұлым тарих саласын таңдады. Қазір «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалында қызмет етеді. Қызымның мамандығы менің мамандығыма жақын. Дизайнер. Компьютерлік графикамен жұмыс жасайды.

Сұқбатыңызға рахмет!