Вторник, Апрель 23, 2024
Басты > Жаңалықтар > Профессор А.Мұсаевтың жаңа монографиясының тұсаукесер рәсімі Республика сарайы сахнасында өтті

Профессор А.Мұсаевтың жаңа монографиясының тұсаукесер рәсімі Республика сарайы сахнасында өтті

Жуырда Алматы қаласының Республика Сарайында қазақтың көрнекті ақыны, Мағжан Жұмабаев атындығы сыйлықтың лауреаты Жарасқан Әбдірашевтың туғанына 70 жыл толуына орай ақынды еске алу кеші өтті. Кешке қалың жырсүйер оқырман қауым, жазушылар, ақындар, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

Тағылымды еске алу кеші аясында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, белгілі әдебиеттанушы ғалым Алпысбай Мұсаевтың «Word about the poet Zharaskhan Abdrashev» (Аралдан ұшқан ақсұңқар) атты монографиясының тұсаукесер рәсімі өтті.

Монография Австрия астанасы Вена қаласында ағылшын тілінде басылып шыққан. Тұсаукесер рәсіміне автормен бірге сахнаға Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы, Қазақстан Республикасы мемлекеттік сыйлығының иегері, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетов, қоғам қайраткері,  ақын Ақұштан Бақтыгереева, ақынның ұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, белгілі кинорежиссері Рүстем Әбдірашев, ақынның досы, лирик, танымал ақын Шөмішбай Сариев, кітапты ағылшын тілінде рәсімдеген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті профессоры, Францияның халықаралық Конкорд Академиясының муше-корреспонденті Айслу Тасимова бірге көтеріліп, авторға шығармашылық табыс тіледі.

Еске алу кешінде Жарасқан Әбдірашевтің шығармашылығы мен атқарған қоғамдық жұмыстарына Қазақстан Республикасы Жазушылар Одағының бұрынғы төрағасы, ақын, қоғам қайраткері Нұрлан Оразалин жан жақты тоқталып, бұл шара рухани жаңғыру аясында өтіп жатқан тағылымы мол шара екенін атап айтты. Сонымен қатар бұл кешке ақынның аяулы жары, филология ғылымдарының кандидаты, ақын мұраларын жинақтап жарыққа шығаруға үлес қосып отырған Нәзігул Нұрғалиқызы мен ұлдары Жанибек, Шыңғыс, келіндері мен немерелері, ағайын-туыстары қатысты.

Кеш сахнасында ақынның ұлы, кинорежиссер Рүстем Әбдірашевтің әкесі жайында түсірген деректі фильмі жиналғандар назарына ұсынылды.