Четверг, Апрель 18, 2024
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті 250 «Серпін» грантын иеленді

Жұбанов университеті 250 «Серпін» грантын иеленді

2017-2018 оқу жылына «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» – «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша 4513 грант бөлінді. Бұл туралы жобаның ресми сайты хабарлайды. Оның 3793 грант жоғары оқу орындарына (білім – 1550, техника ғылымдары және технологиялар-  1898, ауыл шаруашылығы ғылымдары, ветеринария бағыттары бойынша – 345), колледждерге 720 грант бөлінді. «Серпін» жобасына Маңғыстау, Қызылорда, ОҚО, Жамбыл, Алматы облыстары жастары ғана  қатыса алады.

«Серпін» әлеуметтік жобасының негізінде республикамыздың 9 облысында орналасқан 24 жоғары оқу орнында студенттерге тегін білім беріледі. Ал, Қазақстан бойынша 4 жоғары оқу орнына Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау МУ, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан МУ, Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды МУ мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекетттік университетіне – 250 гранттан бөлініп отыр.  Біздің университетте білім бағыты бойынша – 165, техникалық мамандық бойынша — 85 грант, жалпы  —  250 грант.

Жоғарыда аталған 5 облыстың жастары Ақтөбе, Орал, Атырау, Көкшетау, Қостанай, Рудный, Павлодар, Арқалық, Петропавл, Қарағанды, Жезқазған, Өскемен, Семей қалаларындағы университеттер мен институттарда білім алады және сол өңірлерде еңбек жолдарын бастауларына болады.  «Серпін — 2050»  әлеуметтік жобасы бойынша жоғары оқу орнының грантын иеленгендерге шәкіртақы беріледі. Жатақханамен қамтылады. Туған жерлеріне барып-қайту үшін бір рет жолақы төленеді. Сонымен қатар, оқу бітірген соң жұмыс орны ұсынылады.

Сондай-ақ, Жұбанов университетінің  бас  ғимаратында орналасқан Қабылдау комиссиясы жалпы білім грантымен қатар «Серпін» әлеуметтік жобасы бойынша да конкурсқа қатысушылардан құжаттар қабылдап жатыр.

Біздің Университет «Серпін» бойынша түсіндіру жұмысын мамыр айында бастап, бұл мақсатта университет жанынан кәсіптік бағдар беру топтары құрылған болатын. Мамандықтарда дәріс беретін білікті ұстаздардан құралған топтар Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Оңтүстік Қазақстан облыстарына барып, ондағы мектептердегі 11-сынып оқушыларымен, колледж түлектерімен кездесіп, грантқа қатысушыға қойылатын талаптар жөнінде жан-жақты ақпарат берді.

Университеттің Маркетинг орталығының статистикалық мәліметі бойынша, «Серпін — 2050» әлеуметтік жобасы бойынша биыл 100ден аса талапкер Жұбанов университетін таңдап отыр.