Воскресенье, Апрель 5, 2020
Басты > Жаңалықтар > Жұбанов университеті өкілдері Хромтау ауданының ашық есік күніне қатысты

Жұбанов университеті өкілдері Хромтау ауданының ашық есік күніне қатысты

Хромтау ауданында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Бақытты бала» жобасы аясында «Мамандық таңдау — маңызды қадам» ашық есік күні өтті.

Аталмыш шараның мақсаты – мамандық таңдау кезінде мектеп түлектерiне кәсіби бағдар бере отырып, оқушыларды мазалайтын сұрақтарға жауап табу және мамандық таңдау мүмкіндіктерін шешу.

Ашық есік күніне Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин, Хромтау аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Қойшыбай Рсалин, Хромтау ауданының ауылдық округтерінің әкімдері мен мектеп директорлары және болашақ мектеп бітірушілер қатысты.

Жиында Хромтау ауданының әкімі Аманғали Бердалин: «Елбасы «Қазақстанның болашағы – жастардың қолында» екендігін айтып, болашақ ел туын көтеретін жастарға ерекше көңіл бөліп отырады. Халыққа ұсынған «Президенттің әлеуметтік бес бастамасы» атты Үндеуінде де студенттерге нақтылай тоқталды. Соның негізінде, оқу граттары 20 мыңға көбейіп, еліміздің ұрпағы сапалы білім алатын болады. Бұл бастаманы – жастарға жасалған үлкен мүмкіндік деп білемін.

 

Сондай-ақ, облыс басшысы Бердібек Мәшбекұлы ағымдағы жылды «Бақытты бала» жылы деп жариялады. Аталмыш жоба бойынша ауданымызда айтарлықтай жұмыстар атқарылды. Осының бір дәлелі – бүгінгі ашық есік күні. Әрбір түлек барлық мамандық түрлерімен танысып, қыр-сырына үңіліп терең тану қажет. Осы істі жүзеге асыру үшін шараны ұйымдастырған аудандық білім бөліміне, ашық есік күнінің өтуіне атсалысқан оқу орындарының өкілдеріне де алғыс білдіремін, — деді.

Шара барысында Ақтөбе қаласының жоғары оқу орындары мен  бірқатар қолледждері болашақ түлектерге өз презентацияларын ұсынып, өз оқу орындарының материалдық базасымен таныстырды. Сонымен қатар, нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2020 жылдарға арналған бағдарламасын жүзеге асыру және оқушыларға болашақ мамандығын анықтап алуға ықпал жасап қана қоймай, аудандық білім бөлімі бірқатар кәсіптік техникалық колледждермен алдағы уақытта бірлескен ынтымақтастық орнату мақсатында, арнаулы оқу орындарымен тығыз байланыс орнату үшін Хромтау аудандық білім бөлімінің басшысы Меткүл Ораққызы Ақтөбе облысы оқу орындарымен меморандумға қол қойды.