Вторник, Май 26, 2020
Басты > БАҚ біз туралы > Бес әлеуметтік бастама. Уақытты ұтымды пайдаланған жөн

Бес әлеуметтік бастама. Уақытты ұтымды пайдаланған жөн

Президент Үндеуінде көтерілген бастаманың бірі студенттерді жатақханамен қамтуды жолға қою екені белгілі. Бүгінгі күннің биік талаптары мен сұраныстарынан туындаған істің жай-күйі Ақтөбе аймағында қалай шешілуде? Қазіргі кезде жергілікті атқарушы билік өкілдері мен білім беру саласы басшылары арасында: Ақтөбе еліміздің батыс өңіріндегі студенттер астанасына айналып келеді. Мұнда 6 жоғары оқу орыны және 40-тан астам колледж жұмыс істейді деген асқақ пафос пен мақтаныш сезіміне толы сөздер жиі айтылып қалып жүр. Дұрыс-ақ. Болсын, әрине.

Әйтсе де сол жоғары оқу орындары мен колледждер сту­дент­терінің жатақханамен қам­тылу деңгейі қандай деген сауал қоя қалсаңыз, олардың үні бәсеңдеп, құмығып шық­пай қала­ды. Әрине мұн­дай сылбырлық пен енжар­лық Мемлекет бас­шысының бес әлеуметтік бастамасында қойылған міндетпен еш сыйыса алмайды. Бұған қарап өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледждердің бәрі бірдей іс тетігін табуда тығырыққа ті­рел­ген десек, шындыққа көлеңке түсір­іп алармыз. Бұл бағытта тіпті Прези­дент­­­тің жатақхана жөніндегі тап­­­с­ыр­­­масы БАҚ беттерінде жа­­рия­­лан­­бастан бұрын да оны оң­тай­лы түрде шеше білген білім беру шаңырақтары бар. Со­лар­дың бірі, тіпті бірі емес-ау, біре­гейі Қ.Жұбанов атындағы Ақ­төбе өңірлік мемлекеттік уни­верситеті деп ашық түрде ай­та аламыз. Айталық мұнда қазір­гі кезде студенттердің жатақхана­ға деген сұраныстары толық­тай өтелу қарсаңында тұр. Мысалы, өткен 2017 жылы тәуел­сіз­дік мерекесі қарсаңында ун­и­вер­ситет студенттері үшін 500 орындық «Студенттер үйі» пай­далануға берілді. Оған қажет­ті қаражат, яғни табаны күрек­тей бір миллиард теңгеден астам сома өңірлік жоғары оқу орнының өзінің ішкі қаржы­­лық ресурстары есебінен төлен­ген. Бұған қоса алдағы мамыр айында 500 орындық екінші жатақханада күрделі жөндеу жұмыстары аяқталмақ. Тұтастай алғанда бүгінде университеттің 3 жатақханасында 2000-ға тарта студент тұрады, деді газет тілшісіне Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік уни­вер­с­итетінің ректоры Бауыр­жан Ердембеков. Алайда аймақтағы аталған істің жай-күйі барлық оқу орындарында бірдей еместігі баршаға аян. Ақтөбе облыстық білім бас­қар­масының басшысы Ләззат Ораз­баеваның айтуынша, облыс аумағындағы 44 колледждің 13-інде мүлдем жатақхана жоқ. Қазіргі қолда бар деректер колледждердің 9000-ға жуық оқушы-студенті сырт­тан әрі өзге өңірлерден келіп оқиты­нын көрсетеді. Олар­дың 2000-ға жуығы ғана жатақ­ханамен қам­тамасыз етілген. Яғни бұл деректің өзі колледж тәрбиеленушілерінің басым бөлігі жалға алынған пә­тер­л­ерде немесе туыстары­ның үйін­де тұратынын аңғартады. Өңір­дегі колледждердің белгілі бір бөлігі Ақтөбе қаласы емес, облыстың өзге аумақтарында, сондай-ақ аудан орталықтарын­да орналасқан. Жатақхана тау­қы­меті мен қиындығын көріп жүр­­гендер де негізінен ел ішін­дегі колледждердің оқушылары екені белгілі болып отыр. Сон­ды­қтан да әрбір ата-ана мұнда оқи­тын ұл-қызының жал­дап алған үй жайына өз қалта­ла­ры­нан қосымша қаражат төлеуге мәжбүр. Ақтөбе облыс­тық әкім­дігінің баспасөз қыз­метінен алынған деректе осын­дай көлең­келі жайттар баяндалған. Ал Ақтөбе облыстық ішкі сая­­сат басқармасында жинақ­тал­ған мәліметке сүйенсек, М.Ос­панов атындағы Батыс Қазақ­стан Мемлекеттік медицина университетінің студенттерін жатақханамен қамту ісінің жай-күйін де қалыпты деп айту қиын-ақ. Атап айтқанда аталған оқу орнының 436 студенті жатақ­ханадағы бір кереуеттік орынға зәру. Бұл айтылғандардан шыға­тын ой-түйін қандай? Ақтөбе об­лысының әкімі Бердібек Сапар­баев осы мәселеге байланыс­ты өткізілген кеңесте мәлім­дегендей, өңірдегі басқармалар мен білім беру саласының басшылары бұл үшін бірінші кезекте қай жерде, қанша орынға, қан­дай жатақхана салынуы керек­тігін алдын ала анықтап алу қажет. Осы іске қатысты облыс әкім­дігі тарапынан айтылған ар­найы тапсырма да бар екен. Оның берілгеніне бір ай өтіпті. Алайда аталған мемлкеттік мекеме басшыларының асығатын түрі көрінбейді. Істің орнынан жылжуы мен қозғалуы өте баяу. Мұндай жағдайда өңірде жасалған жобалар салалық ми­нистр­ліктерге уақытында жеткі­зілмей қалуы әбден мүмкін. Өз кезегінде мұндай өгіз аяңның аяғы айдың, күннің аманында жатақхана құрылыстары үшін бөлінетін қаражаттан қағы­лып қалу көрінісіне әкеліп тіре­ме­сіне кім кепіл? Мұның өзі Пре­зидент бастамасында қойылған мүм­кіндікті пайдалану мен бос жібер­меудің басты жолы екені кәміл. Тағы бір айтарымыз, Ақтөбе аймағында мемлекет-жеке­меншік әріптестігін жүзеге асырудың оң, жарқын мысалдары мол. Бұл жөнінде газетіміздің бетінде айтылып та, жазылып та жүр. Айтайын дегеніміз, жаңа әрі қосымша жатақхана құрылыстарын жобалау кезе­ңінде тәжірибеде өзін-өзі то­лығы­мен ақтаған тиімді тұтқа те­тік­терін қозғап көргеннің де ар­тық­шылығы жоқ секілді. Міне, өңірде оқушылар мен студенттерді жатақхана мәселесімен қамту ісінде бүгінгі күні алдан шығып отырған кейбір түйінді тұстар осындай.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

https://egemen.kz/article/167241-bes-aleumettik-bastama-uaqytty-utymdy-paydalanghan-zhoen