Четверг, Март 28, 2024
Басты > Жаңалықтар > Бүгін физика-математика факультетінде ғылыми-инновациялық дәрісхана мен арнайы кабинеттер ашылды

Бүгін физика-математика факультетінде ғылыми-инновациялық дәрісхана мен арнайы кабинеттер ашылды

Жұбанов университетінде бүгін ашылған ғылыми-инновациялық дәрісхана көпшілікке танымал математик, профессор Дәулет Үмбетжановтың есімімен аталатын болады.

Дәрісхананың салтанатты ашылу рәсіміне өңірдегі математик-ғалымдар және Дәулет Үмбетжановтың туысқандары қатысты.

Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Үмбетжанов  Ақтөбе өңірінде  дүниеге келген көрнекті ғалым, ұлағатты ұстаз, дифференциалдық теңдеулердің периодты және периодты дерлік шешімдерінің теориясының негізін қалаушы, қазақстандық математика мектебінің жетекші ғалымдарының бірі, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі.

Профессордың құрметіне ашылған ғылыми-инновациялық дәрісханада сөз сөйлеген университет ректоры, профессор Бауыржан Ердембеков: «Дәулет Үмбетжанов атындағы дәрісхана заманауи озық технологиямен жабдықталды. Мұнда ғалымның еңбектері қойылып отыр, сондықтан бұл дәрісханада болашақ физик-математик мамандардың сапалы білім алуларына жағдай жасалған. Сондықтан студент жастардың ғылыми ізденістермен айналысып, талай тың жаңалықтарды дүниеге әкеледі деп үміттенемін», — деді.

Сондай-ақ, шарада физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Жайшылық Сартабанов Дәулет Үмбетжановтың өмірі мен ғылыми еңбектері жөнінде сөз қозғап,  ғалымның еңбектерінің жас зерттеушілер үшін таптырмас білім көзі екенін атап өтті.

Шарада Дәулет Үмбетжановтың  туыстары  да оның өнегелі өмірі жайлы әңгімелеп, ғалымға көрсетілген бүгінгі құрметі үшін университет басшылығы мен физика-математика факультетінің ұжымына алғысын білдірді. Содан соң шараға қатыса алмаған Дәулет Үмбетжановтың жұбайы Нәрен Қосжанқызының университет ректоры Бауыржан Аманкелдіұлына жолдаған алғыс хатын тапсырды. Алғыс хатта университетте Д.Үмбетжанов атындағы ғылыми-инновациялық дәрісхананың ашылуына ризашылығын білдіріп, жоғары оқу орнына алдағы күндерге табыстар тілеген.

Аталмыш дәрісхананың ашылуынан кейін, факультетте «Математиканы оқытудың теориясы мен әдістемесі» және «Көптілділік оқыту»  жаңартылған кабинеттердің де тұсауы кесілді.